КЕРЕК КЕҢЕС: НЕЙРОЖҮЙЕГЕ БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУ КЕРЕК

Жасанды интеллект адам баласының күнделікті өміріне әбден сіңіп үлгерді десек артық айтқандық емес. Бірақ ғалымдардың пайымынша, болашақта жасанды интеллект адамның жан толғанысы мен сезімдерін түсініп, тіпті оларды білдіре алатын дәрежеге дейін жетеді. Техника ғылымдарының докторы жалпы жасанды интеллектінің пайдасы мен зияны қатар жүретінін айтады.

«Кез келген заттың екі жағын қатар қарастырамыз. Сол сияқты жасанды интеллекттің де екі тұсы бар: пайдасы және зияны. Бұл шындап келгенде, оны жасап шығаратын мемлекеттің ұстанған саясатына байланысты нәрсе. Егер жасанды интеллекттің дамуын жолға қою үшін арнаулы бағдарлама жасап, ғалымдар тобын жиып, зерттеу жұмыстары жүргізілмесе, әрине, зиян жағы көп болуы мүмкін. Ал қоғамға қажет бағыттарды дамытуға күш салса, жасанды интеллекттен асқан ғылым жоқ. Мәселен, көлемі маса не шыбындай болатын интеллектуал жасанды жәндікке белгілі бір мемлекеттің немесе бір ұлттың генетикалық кодының алгоритмін енгізсе, оны биологиялық қару ретінде пайдалануға әбден болады. Сонда жәндік тек сол алгоритмге сәйкес салып берген генетиканы не нәсілді шағады. Тіпті қырып жіберуі де мүмкін. Өйткені жасанды интеллект адамның бет-жүзін де, дауысын да тануға мүмкіндігі бар. Сол сияқты адамның генетикалық кодын да жақсы таниды. Сондықтан да сол нәсілге не ұлтқа қонады», — деді Алтынбек Шәріпбаев.

Мамандардың басым көпшілігі жасанды интеллекттің дамуын бақылауда ұстау қажет екенін айтып отыр. Тіпті бұған дейін кейбір ғалымдар оның қаупі жөнінде БҰҰ-ға да хат жолдаған. Мұнда ғалымдар жасанды интеллекті бар әскери қаруды бақылауда ұстау керек деген мәселе көтерген. Мәселен, қазір кейбір мемлекет басшылары әлемде аналогы жоқ қаруға ие болғысы келуі мүмкін. Ол үшін түрлі құпия зертханаларды қаржыландырып, оларға қыруар ақша бөлуі де ықтимал екені айтылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *