
Жасанды интеллект тақырыбын қозғағанда ChatGPT туралы айтпай кету мүмкін емес. ChatGPT ол – американдық OpenAl компаниясының 2022 жылдың 30 қараша күні іске қосқан нейрондық желісі. Онымен адам сияқты сөйлесуге, диалог құруға, тапсырма беруге және тағы да басқа әрекеттерді жасауға болады.
Аталған чатбот қосылған сәттен бастап бүкіл әлемді шулатты деуге негіз бар. Себебі небәрі 5 күннің ішінде қолданушылар саны 1 миллионнан асса, 2 айдың ішінде 100 миллион адамды жинап, әлемдік рекорд орнатты.
ChatGPT-ді қолдануға қызығушылық танытқан оқырмандарға бар болғаны chat.openai.com сайтына кіріп, gmail сияқты поштамен тіркелу қажет.
Жүйеге кіргеннен кейін ChatGPT-мен сөйлесуге болады. Бұл чатбот әлі де зерттеліп жатқандықтан, оны пайдалану әзірге тегін.
ChatGPT-дің статистикасына сүйенсек, чатбот бүгінде әлемнің 193 елінің 161-інде қолжетімді және онда 95-тен астам тіл бар. 2023 жылдың қаңтар айының өзінде оның ресми сайтына 616 миллионнан астам кірген.
Сарапшы Жарас Әбішов аталған чатботтың қазақ тілінде жақсы жұмыс істейтінін айтады.
ChatGPT басында қазақ тілінде дұрыс жұмыс істемейтін еді. Ал қазір ол жоғары деңгейге көтеріліп, жетілді деуге болады. Әрине еліміздің әртүрлі облысының өзіндік диалект сөзі болғандықтан, чатботты 100 пайыз бізді түсінеді деп айта алмаймын. Десе де ChatGPT қазір қазақ тілін 90 пайыз біледі деп ойлаймын, — деді промпт-инженер.
Оған қоса Жарас Әмірханұлы ChatGPT-ден қандай сұрақтарға жауап ала алмайтынымызды атап өтті.
Чатбот көп сұраққа жауап береді. Десе де оның жауап бермейтін шектеулі сауалдары бар. Мысалы ол болашақты болжамайды, интимге, адам өлтіруге қатысты қоғамға кері әсерін тигізетін сұрақтарға жауап бермейді, — деді сарапшы.
Қорытындылай келе, жасанды интеллектінің адамзатқа әкелер оң және теріс әсерін саралай отырып, оны дұрысынан пайдаланар болсақ, бізге пайдасын тигізетіні сөзсіз деген тұжырымға келдік.