Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «СЕЗІМ САПАРЫ» атты СПЕКТАКЛЬ-ТУР аясында «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклін Түркістан, Шымкент, Тараз қаласының көрермендеріне арнап сахналайды.
Қазақ әдебиетінің дара тұлғасы, халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың қарымды қаламынан туған «Махаббат, қызық мол жылдар» романы қазақ әдебиетінің ең құнды інжу-маржандарының бірі. Соғыстан өз еліне сағына оралған Ерболдың оқуға түсіп, 33-ші аудиторияда өзін гүлге толған бақта отырғандай сезінуі, өмірлік достар, және ең бастысы мәңгілік махаббатын табуы баяндалатын махаббат дастаны оқырманның ыстық ықыласына бөленгені хақ. Мәселен, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарындағы «МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР» (реж.: Ф.Молдағали) қойылымы қысқа ғана уақыт аралығында көрерменнің көзайымына айналып үлгерген. Ерекше эстетика мен жағымды атмосфераға толы спектакльге сұраныс күн сайын артып, ыстық ықыласқа бөленуі көңілге көркем қуаныш ұялатқаны сөзсіз. Көрермен қауымның сұранысының шексіз екеніне алыс-жақын қалалар мен шағын ауылдарда тұратындарына қарамастан, спектакльді көруге деген құлшыныстарының биік болуы дәлел.
Ұлы өнерді құрметтеген, аяулы көрерменнің ыстық ықыласын ескерген театр қазақ театрлары арасында алғашқы болып арнайы өзге елді мекендер мен қалалар үшін «СЕЗІМ САПАРЫ» атты спекталь-тур бастаған. Сезімге толы сапар құрметті көрерменнің сұранысымен еліміздің 10-нан қалаларын аралап, әр көрсетілімді аншлагпен өткізіп үлгерді. Көрермендерге көркем қойылым тарту етіп ғана қоймай, артистермен кездесу ұйымдастырып, ең белсенді көрермендерге театрдан естелік ретінде түрлі сыйлықтар жасалды. Сезімге толы сәтті сезінуге асық өнер сүйер қауымның қарасы мұнымен шектелмейтіні мәлім. Осы сұранысты ескерген Мүсірепов театры «СЕЗІМ САПАРЫ» спектакль-турымен кезекті қалаларға сапар шекпек. Сезім сапары спектакль-туры кезекті аялдамалары – сәуірдің 15-ші жұлдызында сағат 19:00-де киелі Түркістан қаласындағы Түркістан музыкалық драма театры, 18-ші сәуір сағат 14:00-де және 19:00-де шырайлы Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында, 20-шы сәуір сағат 14:00-де және 19:00-де тарихи Тараз қаласындағы А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында махаббат дастанын шырқау үшін құрметті көрерменін күтеді. Билеттер аталмыш театрлардың тикетон сайтында қолжетімді. Ербол мен Меңтайдың махаббат оқиғасының куәгері мен қойылымның құрметті қонағы боламын десеңіз, мархабат!
Театрдың баспасөз бөлімі
Мерей Алтынбек.