Түркістанда жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырған «Asyl Mura» волонтерлік жобалар байқауы өтті

Түркістан облысында азаматтық қоғамды дамыту, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы нақты істер жалғасын табуда. Бұл жолы Түркістан қаласындағы «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында екі күнге созылған «Asyl Mura» волонтерлік әлеуметтік жобалар байқауы табысты өтті.

Іс-шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен облыстық Жастар ресурстық орталығы бірлесе ұйымдастырды. Байқау өңір жастарының отбасылық-адамгершілік тәрбиесін күшейтуге, қоғамдық белсенділік пен еріктілік мәдениетін дамытуға тың серпін берді.

«Asyl Mura» жобасының мақсаты – жастар арасында волонтерлік мәдениетті қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру, аймақтық әлеуметтік мәселелерге арналған тиімді жобаларды қолдау, отбасылық-ұлттық құндылықтарды насихаттайтын жастар бастамаларын қолдау.

Бірінші күні қатысушыларға оқыту семинар-тренингтер өтті. Жас көшбасшылар волонтерлік жобаларды басқару, мотивация, командалық жұмыс және көшбасшылық бағытында тәжірибе алмасты.

Екінші күні 18 команда өз жобаларын 7 минуттық презентация форматында қорғап шықты. Күн волонтерлік қызметке арналған бейнероликпен басталып, ұлттық рухты сездіретін көркем би қойылымымен жалғасты. Бұл Түркістан жастарының тек тыңдаушы емес, белсенді қоғам мүшесі екенін тағы бір дәлелдеді.

Қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын анықтады. Бірінші орынды «Жастар» командасы (Түркістан қаласы) алып, 500 000 теңге иеленді. Екінші орынға «Асыл мұра» командасы (Сауран ауданы) ие болып, 300 000 теңге берілді. Үшінші орын «Hope Livers» командасына (Арыс қаласы) бұйырып, 200 000 теңге табысталды.

Барлық қатысушы командаларға ынталандыру сыйлығы мен арнайы сертификаттар берілді. Бұл жастардың ізгі істерге деген сенімін арттырып, жаңа жобаларға жол ашатыны сөзсіз.

«Asyl Mura» – ұлттық мұра мен заманауи волонтерлік тәжірибені біріктіретін жаңа буын жобасы. Жастар тек әлеуметтік мәселені шешумен шектелмей, отбасылық тәрбие мен азаматтық жауапкершілікке де назар аударды.

Мұндай бастамалар Түркістан облысында жүзеге асып жатқан отбасылық және жастар саясатының тиімділігін, әлеуметтік бірлік пен қоғамдық келісімнің нығайғанын көрсетеді.

Қорыта айтқанда, «Asyl Mura» – ұлт тағдырына бей-жай қарамайтын, отбасынан алған тәлімін қоғамға қызмет етуге бағыттайтын жастардың ортақ алаңы. Жастардың қоғамдық бастамаларын қолдау арқылы Түркістан өңірінде ұлттық жаңғыру, әлеуметтік әділет, отбасылық тұрақтылық пен қоғамдық келісім арта бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *