Әріптестік пен кәсібилік — мемлекеттік қызмет саласының негізгі тіректерінің бірі. Көп жылғы тәжірибе жинақтаған Бексұлу Жәнібекқызы үшін жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәлімгер болу – үлкен жауапкершілік әрі азаматтық парыз. Ол бұл міндетті шын ниетпен, ерекше ыждағатпен атқарады. Десе де, бүгінде жас буынның арасында кәсіби деңгейі төмен, тіл мәдениеті мен жазу сауаты кемшін мамандардың кездесуі көңілге кірбің ұялатпай қоймайды.
«Шынын айту керек, қазіргі жаңадан келіп жатқан мамандардың көпшілігі біліктілік жағынан ақсап тұр. Бұл – мені алаңдататын мәселе. Оқу орнын қалай тәмамдағанына таңғалатын сәттер жиі кездеседі. Қазақ тіліндегі қарапайым сөздерді сауатты жаза алмайтындары бар. Бірі «қызыл дипломмен» аяқтадым деп мақтанады, бірақ оның сауаты соған сәйкес келмейді. Ондайда сол дипломды кім берген деген ой келеді. Менің жас мамандарға айтатын басты кеңесім – теория мен практика екеуі екі басқа дүние. Сондықтан тәлімгердің сөзіне құлақ асып, жұмысты ұқыпты әрі жауапкершілікпен орындау керек. Ал сын – өсудің, түзелудің кілті. Сынды дұрыс қабылдай білген адам ғана шыңдалып, шыңға жетеді», – дейді Бексұлу Жәнібекқызы.
Мемлекеттік қызмет – тек лауазым мен мәртебе емес, ұдайы қырағылық пен ұқыптылықты талап ететін үлкен жауапкершілік алаңы. Әр шешім, әр құжат – халық алдындағы сенім мен әкімдіктің абыройына тікелей әсер ететін маңызды дүние. Бұл жолда қателікке жол жоқ. Осыны жақсы түсінетін Бексұлу Жәнібекқызы қарамағындағы әрбір құжат пен мәліметтің дұрыстығын он қайтара тексеретінін айтады.
«Мемлекеттік қызметте алған ең үлкен сабағым – тапсырылған міндеттерді уақтылы әрі тиянақты орындау қажеттігі. Біреуге сеніп, соңы күтпеген жағдайға ұласқанын көріп жүрміз. Сондықтан әр істі өзің бастан-аяқ бақылап, тексеріп шығу – өте маңызды. Мамандардың жұмысын мұқият қадағалау керек. Қарамағымда білікті, тәжірибелі деген мамандар болса да, олардың дайындаған мәліметін кемінде он рет қайта қарап шығамын. Себебі байқамай кеткен қателіктің өзі қала әкімінің алдында, үлкен жиындарда айтылып кетуі мүмкін. Бұл – бөлімнің ғана емес, тұтас аппараттың абыройына көлеңке түсіреді. Қателікке жол беру – кәсібилікке сын. Ал сондай кемшілікті күлкіге айналдырып, жығылғанға жұдырық болып, табалайтын әріптестер де бар арамызда. Сондықтан мен барлық жағдайда сақтық пен мұқияттылықты басты орынға қоямын», – дейді ол.
Бұл сөздер ұзақ жылғы адал еңбектен, жауапкершілікпен біте қайнасқан тәжірибеден туған терең түйін. Бексұлу Жәнібекқызы үшін әрбір ұсақ-түйек – үлкен істің басы. Сол ұстаным – оны өз ісінің нағыз шебері еткен қағидат.
Еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Адалдықпен атқарылған еңбек – өз бағасын ерте ме, кеш пе, міндетті түрде алатын рухани марапат. Бексұлу Жәнібекқызының мемлекеттік қызмет жолындағы қажырлы еңбегі мен кәсібилігі түрлі деңгейдегі марапаттармен бағаланған. Ол «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», сондай-ақ «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар, 2017 жылы «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері атанған. Дегенмен, Бексұлу Жәнібекқызы үшін нағыз марапат – сенім мен жауапкершілік. Ел мүддесі үшін атқарылар істі табыстағанда өзіне артылған сенімді сезіну – ол үшін ең жоғары баға.
«Басқа бөлімнің қызметкерлері атқара алмаған күрделі жұмысты қала әкімі маған сеніп тапсырғанда, ерекше мақтаныш пен жауапкершілікті қатар сезінемін. Бұл мен үшін марапаттан да жоғары», – дейді ол.
Бұл сөздерден Бексұлу ханымның қызметіне деген адалдығы мен ел ісіне деген жанашырлығы айқын аңғарылады. Оның еңбек жолындағы әрбір жетістік – тек мадаққа емес, сенімге лайық болудың жарқын көрінісі.
Бексұлу Жәнібекқызы – қарапайым қатардағы қызметтен бастап, жауапты басшылық лауазымға дейінгі жолды табандылықпен, адалдықпен жүріп өткен абзал жан. Оның еңбек жолы – қызметтің ауыртпалығынан қаймықпай, маңызын терең түсініп, адал еңбегімен абыройға жеткен жанның жарқын үлгісі. Шын мәнінде, мемлекеттік қызметтің беделі – дәл осындай жанкешті, талапшыл әрі кәсіби білігі жоғары азаматтардың арқасында арта түседі. Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында осындай кәсіби білігі жоғары, парасатты мамандардың еңбегі – қандай құрметке де, қандай марапатқа да әбден лайық екенін ерекше атап өткіміз келеді.
Осы орайда, «Түркістан» газетінің ұжымы атынан Бексұлу Жәнібекқызын және барша мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Елге қалтқысыз қызмет ету жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, әр күндеріңіз алғыс пен абыройға толсын. Халық пен мемлекетті байланыстыратын қасиетті жолдағы қажырлы қызметтеріңізге табыс пен сәттілік серік болғай!
Ғалия БИСЕЙІТ.
