ТҮРКІСТАН: МЕДИА МАЙДАНЫНДАҒЫ МЕНЕДЖЕР — 2

 

– Жалпы, кез келген медиа ұйымының концепциясы, бет-бағдары болады. Бүгінде телеарна ұжымы нақты қандай бағытта жұмыс істеп келе жатыр?

– Әуел басында түркі елдеріне хабар тарататын телеарна болады деген концепция болған. Бірақ ол қазіргі жағайда мүмкін емес. Себебі құқықтық негізі бекітілмеген. Ол үшін мемлекетаралық келісім болу керек, әр мемлекеттің бюджетінен белгілі бір қаржы қарастырылуы керек деген секілді мәселе бар. Мүмкін емес дейтінім, біз тіпті республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді. Құрылтайшымыз – облыс әкімдігі. Мемтапырыстың талабында: Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар нақты көрсетіледі. Сосын соны көрсетуге міндеттісің. Ал, Түркістандағы жаңалықтар Әзірбайжанға, Түркияға қызық болмауы мүмкін. Ол жаққа арнайы контент дайындау керек, оған күш салайын десең, жергілікті жердің жаңалығы қамтылмай қалады. Оны (ГИЗ ) орындамасақ қаржысыз қалуымыз кәдік. Дегенмен, өгіз де өлмейтін арба да сынбайтын жолын қарастырып, там-тұмдап Түркиядан, Әзірбайжаннан сюжеттер дайындап эфирден беріп жүрдік. Оның барлығы өз күшімізбен, журналистеріміздің ықыласымен ғана жүзеге асқан дүниелер. Қаржысы қаралмағандықтан да ол нәрселер ғұмырлы болмады, жалғаспады. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың талабы көп күш салуға тура келеді, көп уақыт алады. Айта кету парыз, тағы бір жетістігіміз – эфирге шығатын бағдарламалардың 90 пайызға жуығы өз өнімдеріміз. Айталық, 18 сағат хабар тарататын болсақ, соның 17 сағатында өз өнімдеріміз көрсетіледі. Бұл – өте ауқымды жұмыс.

 

– Тәуір медиа – тәуелсіз медиа. Тәуелсіздіктің ең басты белгісі – экономикалық дербестік. Жергілікті биліктің телеарнаға деген көзқарасы, қолдау көрсету жағы қалай? Мемлекеттік қолдаудан тыс қаржы көздерін табуда қандай ізденістер жасадыңыз?

– Алғашында холдингті шығынмен қабылдап алдым (151 миллиондай қарызы). Қарыздарды жаптық, жалақыны көтеріп, жақсы жұмыс істегендерге сыйақы берілуде. Қаржы көздері дегенде, обьективті түрде айтатын болсақ, барша БАҚ үшін қаржы көзі – мемлекеттік ақпараттық тапсырыс. Бұл жаман да емес шығар. БАҚ идеология құралы болғандықтан мемлекеттік саясатты қолдау, ел мүддесіне қызмет көрсету керек. Бірақ, медальдың екі жағы бар. «Тендердің талабын» орындау белгілі деңгейде тәуелділік. Кей жағдайда ұстанған бағытың, ту етіп оттқан «креативің» адыра қалып, тапсырыстың жетегінде кетіп қалатын кездер болады. Жоғарыдағы журналистиканың кемшілігі неде деген мәселе осыдан туындайды. Холдингте штатта 112 адам бар, одан басқа келімшартпен жұмыс істейтін 7-8 адам бар, жиыны 12 адамға жалақы тауып беру керек. Ол бірінші кезектеге мәселе. Коммециялық табыс, жарнамадан түсетін табыс көлемі өте аз. Кішкентай қала, бизнес дамымаған. Өңірлік телеарналардың дені жүгіртпе жолға ақылы жарнама қабылдау арқылы біршама қаражат тауып жүр. Біз бірақ саналы түрде жүгірпе жолдан бас тарттық. Халықаралық деңгейде хабар таратамыз деп меже қойғандықтан, эфирден «қой жоғалды, асқа шақырамыз» деген хабарландыру берілсе беделіміз түсіп кетпей ме? Жалпы, бүгінде жарнаманың дені телеарнадан гөрі интернетке, әлеуметтік желіге көшуде. Кейде креативті ақылы жобаларымызды іске асырып жүрміз, бірақ одан түсетін табыс – мардымсыз.

– Жақсы шығармашылық команданы қалыптастыра алдыңыз ба? Телеарнадағы мамандарға көңіліңіз толады ма? (Біздің журналистердің кемшілігі неде?)

– Басында республикалық телеарналардан мамандар шақырдық, көбі келмеді. Мамандарды тәрбиеледік, шыңдадық. Тәжірибелі журналистердің тренигтерін өткізіп, шеберлік сыныптар ұйымдастырдық, оқыттық үйреттік. Жас журналистердің көкжиегін кеңейту үшін өзге қалаларға, мүмкіндігінше, шет мемлекеттерге іссапарға жіберіп отырдық. Бәрін де жасадық. Менің өзімнің қағидам бар: жүзуге келгенді суға тастап жібер, жаны қысылғаннан жағаға жетуге тырысады. Сол секілді, бүгін келген адамды тікелей эфирге шығарып жіберген кездер болды. Талапты жас әрі қарай алып кетеді. Телеарна деген мектеп, ұстахана. Темірді отқа салып, оттан алып суға салып пісірмеуші ме еді, ұсталар? Сол секілді пісірдік. Нәтижеде мамандар бесаспап болып шыңдалды. Соңғы 2 жылда ұжымнан 4-5 журналист республикалық арнаға қызметке ауысты. Пісіп-жетіліп, дайын болып барды. Кемшілікке келсек, біз телеарнаға қадам басқан 2000 жылдармен салыстырғанда бүгінгі журналистикада еркіндік шектеулі көрінеді. Біз қатты энтуазизмен жұмыс істедік, идеямыз ту етіп көтердік. Қазіргі журналистика құрсаулы қоғамның шеңберінен шыға алмайды. Журналистиканың дамуын тежейтін процедуралар көп: анау болмайды, мынаған ресми хат жолдап рұқсат алу керек деген сияқты. Оның бәрін орындап отырғанда ақпарат «суып» қалмай ма? Журналистиканың негізгі қағидарының бірі – оперативтілік қой! Былай қарағанда цензура жоқ, бірақ еркіндік те жоқ. Тордан шыққанмен алысқа ұша алмайтын құс секілдіміз. Бұл тек журна-листердің ғана кемшілігі емес, қоғамның дерті, деңгейі болса керек.

Журналистика – қоғамның сани-тары деп білемін. Өз басым, журналистикаға саналы түрде келдім. Құстар орманның санитары болғаны секілді, медианың қызметі де қоғамның дертін дер кезінде танып-біліп, қоғамға қозғау салып оны «сылып» тастауға күш салу. Телеарна болсын, жалпы медиа саласы қоғамның алдында болып, оны өсіруге үлес қосуы керек.

– Мазмұнды сұхба-тыңыз үшін көп рахмет. Жаңа жұмысыңызда табысты болуыңызға түркістандықтар атынан тілектестік білдіреміз.

Сұхбаттасқан:

Әтіргүл ТӘШІМ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *