РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ТҮРКІСТАН ДАУЫСЫ» БАЙҚАУЫ БИЫЛ БЕСІНШІ РЕТ ӨТЕДІ

Бұл туралы брифингте облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, жобаның бас продюсері Мейіржан Алиакбаров мәлімдеді.
«Биыл Республикалық «Түркістан дауысы» эстрадалық жас орындаушылар байқауына 5 жыл толып отыр. Осы орайда облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен 30-31 қазан күндері сағат 18:00-де «Конгресс холл» кешенінде байқау өтеді. Мәдени сайысқа 100-ден астам үміткер өтінім жолдап, онын ішінде іріктеуден 17 қатысушы өз бақтарын сынайтын болады. Байқау дарынды, шығармашыл жастарға қолдау көрсетуге, қазақ музыкасының жетістіктерін халық арасында кеңінен насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ, жас талант иелерін анықтап, олардың орындаушылық өнерінің кәсіби деңгейінің көтерілуіне қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Байқауда елімізге танымал Маржан Арапбаева, Бағлан Омаров, Мархаба Сәби, Әли Оқапов қазылық етеді. Жеңімпаздарға арнайы жүлделер де табысталады»,- деді спикер.
Сонымен қатар, брифингке қатысқан әнші, композитор Мархаба Сәби мен Маржан Арапбаева байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар Қазақстанның танымал композиторларының әндерін орындауы шарт екендігін айтты. Ал, екінші кезеңде үміткердің өз таңдауы бойынша еркін тақырыптағы әндер вокалды-аспаптық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындалады.
Одан бөлек, брифингте композитор, продюсер Бағлан Омаров ән додасындағы жүлделі орындарды анықтау барысында қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігіне, дауыс диапазонына, әннің байқау шартына сәйкестігіне баса назар аударылатындығын айтты. Сондай-ақ, ән мәтіні мен әуенінің мазмұндылығына, орындаушылардың сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне, музыкалық сүйемелдеудің жазылу сапасына мән беріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *