АЛАНИЯ АСПАНЫН ЖАҢҒЫРТҚАН ӨНЕР

Жуырда Түркістан облысының тумасы, белгілі күйші, ұстаз, шертпе күйдің аса көрнекті өкілі Жанғали Жүзбай Түркияның Алания қаласында Ысмайыл Гаспралы атындағы халықаралық сыйлықпен марапатталды. Биылдан бастап «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін» деген бұрынғы атаудың орнына «Ысмайыл Гаспралы сыйлығы» мәртебесі енгізіліп, ғалымдар мен өнер иелерінің еңбегін қолдауға бағытталды.
Айта кетейік, алғашқы лауреаттар қатарында Түркі дүниесі бойынша Өмер Кожаман, қызмет саласы бойынша Түркия көлік министрі Абдүлкадир Уралоғлу, журналистика саласында Анадолы агенттігінің бас директоры Сердар Қарагөз, әдебиет бағыты бойынша TÜRKSOY халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, білім саласында профессор Закир Авшар, өнер аталымында қазақтың көрнекті күйшісі Жанғали Жүзбай, дипломатия саласында Мевлүт Чавушоғлу мен Африм Гаши, ғылым бойынша профессор Ахмет Аланай, журналистика аталымында Палестинадан Сами Мұхаммед Шәһаде, ал медиа саласында Михаил Гусман бар.
Бұл есімдер бүгінгі түркі әлемінің рухани дамуына ықпал етіп жүрген тұлғалардың легі десек артық емес. Осындай беделді биікте қазақтың қара домбырасы күмбірлеп, ұлттық өнердің биік үнін танытқан Жанғали Жүзбайдың марапаты — тұтас қазақ күйінің, қазақ өнерінің жеңісі екені соның айқын дәлелі.
Ақжолтай жаңалықпен құттықтай хабарласқанымызда мәртебелі өнердің дегдары Жанғали ағамыздың өзі де Алания, Анкара қалаларына жасаған сапары жайлы аз-кем пікірін білдірді:
⁃ Осы жолы Түркияға жолым түсті. «Ысмайыл Гаспралы» сыйлығын алдым, ары қарай Түркияның астанасы Анкара қаласындағы TÜRKSOY орталығына шақырту алдым. TÜRKSOY халықаралық ұйымының бас хатшысы «TÜRKSOY мадалиясы» атты төсбелгі тапсырды. Оған да ерекше қуанып қалдым. Осы іс-шаралардың басында ұстазымыз, профессор, қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов жүрді. Осылайша, ойламаған жерден марапатқа ие болып, қуанып қалдым. Күй өнеріне, домбыраға деген Түркі дүниесінің ықыласы шығар деп қабылдадым. Сондай-ақ, Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығына орай Аланияда, Анкарада концерт бердік. Күй кеші болды. Күй салтанат құрған кешке шәкіртім Қайрат Айтбаев қатысты. Осындай жақсы жаңалықтар мен кере-мет көңіл-күймен қайттық, — дейді күйші.
Естеріңізге сала кетейік, түркі әлемінің рухани тұтастығын, мәдени байланыстарын нығайтуға бағытталған аса мәртебелі марапат иегері 1961 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Сондай-ақ, Жанғали Жүзбай 1985 жылы Жезқазған музыкалық колледжін, 1990 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Кәсіби білімін Сүгірдің көзін көрген шеберлерден алған тағылымымен ұштастырған ол Ергентай Борсабаев, Файзолла Үрмізов, Сейітхан Әлімбеков, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сынды ұстаздардан шертпе күй дәстүрін терең меңгерді.
Сүгірдің көптеген күйлерін нотаға түсіріп, таспаға жаздырып, оның мұрасын ғылыми әрі кәсіби деңгейде кеңінен насихаттап келе жатқан тұлғалардың бірі. Қаратау мектебімен қатар Арқа дәстүрін де дәріптеп жүрген күйші бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінде профессор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *