Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлына редакциямыздан арнайы хатпен сұрақтар жолдадық. Мақсатымыз – шаһар басшымен қағаз бетінде сұхбаттасу. Жауап келді. Сұрақтар мен жауаптарды қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Түркістан қаласы жаңа ықшам аудандар мен тұрғын үй кешендерінде инфрақұрылым (жол, жарық, кәріз жүйесі) мәселелері жиі кездеседі. Осы бағытта нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр және келесі жылға қандай жоспар бар?
Қала әкімдігі бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда 845 шақырым ішкі көше желісінің 138,5 шақырымына орташа жөндеу жүргізілуде. Оның ішінде 76,2 шақырымда жұмыстар толық аяқталды, ал қалған 62,3 шақырымда жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, Тәуке хан даңғылы, Әл-Фараби, М.Тынышқұлов және О.Жандосов көшелерінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жол үлесі 66,7 пайызға жетті.
Электрмен қамту бойынша да бірқатар ауқымды жобалар іске асуда. Қаламыз электр қуатымен толық қамтамасыз етілген. Халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында Айбергенов көшесіндегі 35–0,4 кВ кабель желілерін салу және Бірлік тұрғын үй алабын қамтитын 2 нысанның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, «Бекзат» мөлтек ауданында қуаттылығы 220/110/10 кВ, 2х160 МВА жаңа қосалқы станция салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жаңадан ашылып жатқан өндіріс орындары мен тұрғын үйлерді сапалы электрмен қамтуға мүмкіндік береді.
Кәріз жүйесін дамыту бағытында 13 жоба іске асырылуда. Оның ішінде Шавгар, Ортақ, Иассы, Бірлік, Отырар және Бекзат мөлтек аудандарында кәріз желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 7 нысан пайдалануға беріледі. Қазіргі қамтылу деңгейі 36,5 пайыз болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 56,3 пайызға жетеді. Барлық жоба толық іске асқан жағдайда қала аумағының 92 пайызы сарқынды су жүйесімен қамтылатын болады.
Жылумен қамту саласында да нақты нәтижелер бар. Қалада 18 қазандықтан 367 нысан орталықтандырылған жылумен қамтылған, оның ішінде 223 көпқабатты тұрғын үй мен 144 әлеуметтік нысан бар. 2025 жылы №1 және №2 мөлтек аудандардағы жылу құбырларын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр, бұл тозу деңгейін 30%-дан 10%-ға дейін төмендетеді.
Келесі жылы инженерлік инфрақұрылымды дамыту жалғасып, жаңа тұрғын аудандарға электр, су, жылу және кәріз жүйелерін тарту, сондай-ақ жол сапасын арттыру бағытындағы жобалар толық іске асырылмақ.
Қала тұрғындары мен әкімдік арасындағы кері байланыс қалай жүзеге асуда. Азаматтардың ұсыныс-шағымдарын қабылдап, жедел жауап беру жүйесі қаншалықты тиімді?
Қала тұрғындары мен әкімдік арасындағы кері байланыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді. 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан азаматтарды қабылдау орталығы арқылы тұрғындарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес беріліп, туындаған мәселелер бойынша жедел жауап ұсынылады. Орталыққа күн сайын орта есеппен 250–260 азамат жүгінеді. 2025 жылдың 9 айында орталыққа 32 322 азамат келген.
Қала әкімі мен орынбасарларының жеке қабылдаулары да тұрақты түрде өтуде. Түркістан қаласы әкімінің 2025 жылғы 23 қыркүйектегі өкіміне сәйкес, әкім айына бір рет, ал әкімнің орынбасарлары мен аппарат басшысы апта сайын азаматтарды жеке қабылдайды. Есепті мерзімде қала әкімі 14 жеке қабылдау өткізіп, 146 азаматты, ал әкімнің орынбасарлары мен аппарат басшысы 72 қабылдау өткізіп, 336 азаматты қабылдаған.
Халықпен жедел байланыс орнату мақсатында әкімдіктің сенім телефоны (WhatsApp: 8 707 333 13 10) тұрақты жұмыс істейді. Тұрғындардан түскен өтініштерге жауапты мекемелер тарапынан жедел әрекет ету қамтамасыз етілген. 2025 жылдың есепті кезеңінде сенім телефонына 744 өтінім түсіп, барлығына мерзімінде жауап берілген. Сонымен қатар, қала әкімдігінің ресми сайты мен Instagram, Facebook, TikTok әлеуметтік желілерінде тұрғындардың сұрақтарына кері байланыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Жалпы алғанда, тұрғындармен кері байланыс тетіктері жыл сайын жетілдіріліп, заманауи цифрлық шешімдер енгізілуде. Бұл өз кезегінде азаматтардың өтініштеріне уақытылы әрі сапалы жауап беруге, сондай-ақ билік пен халық арасындағы өзара сенімді арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
