Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлына редакциямыздан арнайы хатпен сұрақтар жолдадық. Мақсатымыз – шаһар басшымен қағаз бетінде сұхбаттасу. Жауап келді. Сұрақтар мен жауаптарды қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Әкімдік қызметте алдыңғы басшылықтан қалған жұмыстарды жалғастыру мен жаңа жобаларды бастау арасында қандай тепе-теңдік ұстайсыз?
Әкімдік қызметінде басты қағида – сабақтастық пен тұрақтылық. Бұрын басталған, әлеуметтік және экономикалық тұрғыда маңызды жобалар міндетті түрде аяқталып, сонымен қатар жаңа стратегиялық бастамалар қатар жүзеге асырылуда.
Мысалы 310 гектарлық арнайы экономикалық аймақта 9 жоба, ал 190 гектар индустриалды аймақта 33 жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар өзара үйлесімді жүргізіліп, жауапты сала мамандарына нақты міндеттер жүктелген. Мұндай тәсіл жұмыстың тиімділігін арттырып, жобалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді.
Одан бөлек инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Сумен қамту, кәріз жүйесін кеңейту, жол сапасын жақсарту және жаңа тұрғын аудандарды дамыту ісі жалғасып келеді.
Тұрғын үй саласында да қарқынды жұмыстар жүруде. Биыл 260 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, әлеуметтік пәтерлердің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, «Отбасы банк» арқылы қолжетімді баспана бағдарламалары жүзеге асып, жаңа көпқабатты үйлер ел игілігіне берілуде.
Осылайша әкімдік қызметінде бұрынғы жобаларды жүйелі жалғастыру мен жаңа бағыттарды дамыту қатар жүріп жатыр. Бұл тәсіл қала дамуының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Қала аумағында «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, оған көңіліңіз тола ма немесе әлі де қалада қамтылмаған аумақтар бар дегенге қалай қарайсыз?
Тазалық – әкімдіктің басты назарындағы бағыттардың бірі. Бүгінде қала аумағындағы 875 көшеге тұрақты түрде тазалау жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 112 көшеге күнделікті, 342 көшеге аптасына 2-3 рет, ал 421 көшеге аптасына бір рет тазалық жұмыстары ұйымдастырылады.
Жыл басынан бері республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында 92 мыңға жуық тұрғын қатысып, 4,8 мыңнан аса еріктілер тартылды. Акция нәтижесінде 28 мың тонна қоқыс шығарылып, 120 мың түп ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, 12 124 жеке тұрғын үй мен 6 147 кәсіпкерлік нысанға мониторинг жүргізіліп, санитарлық талаптарды бұзған 1 817 азаматқа ескерту беріліп, 3 571 азаматқа айыппұл салынды.
Қалада тазалық инфрақұрылымын жақсарту бағытында да нақты шаралар қолға алынуда. 2025 жылы 8 контейнерге арналған 40 жаңа қоқыс алаңы салынып, 500 дана контейнер мен 25 арнайы техника сатып алу жоспарланған. Бұған қоса, тазалық жұмыстарымен айналысатын қызметкерлердің саны 600 адамға дейін көбейді.
Қазіргі таңда Шауғар, Бекзат, Бірлік, Яссы сияқты секторларда тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, толық қамтылған. Дегенмен қаланың аумағы ұлғайып келе жатқандықтан, жаңа ықшам аудандарда қосымша ресурстар мен арнайы техника қажет. Осыған байланысты әкімдік тарапынан қосымша жоспар әзірленіп, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
