«ОТБАСЫНДА БАЛАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА САЛҒЫРТТЫҚ ТАНЫТПАУ ҚАЖЕТ»

Байсалов Алмат Мейірбекұлы, Түркістан қалалық балалар ауруханасының басшысы:

 

Түркістан облысында Түркістан қалалық балалар ауруханасының бүгінгі тынысы қалай, заман көшіне ілесу жолында қандай жаңашылдықтары бар деген сауал төңірегінде осы мекеме басшысы Байсалов Алмат Мейірбекұлымен әңгімелесіп едік.

Адам жанының арашашысы саналатын дәрігерлердің басты жетістігі – тәжірибесі мен тұрақты ізденісі десек. Біздің кейіпкеріміз де IT маманы боламын деген бала арманын отбасылық жағдайына байланысты дәрігерлік жолға айырбастап, бүгінде кейінгі ұрпаққа үлгі болар үлкен істің басында келе жатқанын айта кетуіміз керек. Білікті маман, еңбек жолында осы күнге дейін 2 мыңнан астам баланың жүрегіне ота жасап, бүлдіршіндерге Тәңір сыйлаған жарық дүниедегі бақытының жәрдемшісі болып жүрген Алмат Мейірбекұлымен сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

— Алмат Мейірбекұлы бұл қызметке келгеніңізге бір жылдан асты,  жаңылыспасақ. Жаңа басшыдан жаңашылдық күтетініміз рас. Мекемеде қазір қандай өзгерістер бар?

— Осы қызметті 2024 жылдың тамыз айында бастадым. Бір жылдан астам уақыт ішінде біздің ауруханада бірқатар жаңалықтар енгізіліп жатыр. Мұндағы басты бағытымыз, мақсатымыз — медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру. Осы бағытта біз шетелдік медицина саласының мамандарымен екі рет мастер класс өткіздік. Педиятрияға байланысты Түркістанда халықаралық деңгейде конференциялар өткізілді. Ауруханамыз қалалық деп аталғанымен қазіргі күні бес ауданға қызмет көрсететін аймақтық мекемеге айналды. Бұл біздің аурухананың қызмет көрсету ауқымы үшінші деңгейге көтерілді деген сөз. Сонымен қатар, бүгінде офтольмология, нейрохирургияның жүрекке жасалатын күрделі үш ота түрі бар, содан басқасының барлығы осында жасалып жатыр. Ол үшін мекемемізге арнайы құрал-жабдықтар алынды, клиника-диагностикалық орталық ашылды. Нәтижесінде өзімізге қарасты аумақтардағы балаларды бұрынғыдан екі сағаттық жолмен Шымкентке жібермей қажетті медицналық диагностикасын, ауруды анықтауға байланысты зерттеу жұмыстары және қажетті емдеу мен тиісті ота түрлері осы ауруханада жасалып жатыр. Мұнда төсек орын саны 241-ден 307-ге артты.

— Алда аурухана қызметінің сапасын арттыруға байланысты бастамаларыңыз бар ма?

— Мекемеміздің екінші жартыжылдықта да атқарып жатқан жұмыстары бойынша ауыз толтырып айтар бастамаларымыз бар. Соның ішінде жасанды интелект жүйесін енгізіп жатырмыз. Жақын күндері ол туралы жаңалықтарымыз жария етілетін болады. Сонымен бірге, практика дағдысы әрқашан ғылыми бағытпен жүргізіледі. Ол бойынша үш бағыт айқындалған. Оған Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп қадам жасап жатырмыз. Әрине ғылыми жұмыс болған соң бұл әрекеттердің нәтижесіне біршама уақыт қажет. Шамамен үш жыл көлемінде елеулі жаңалықтарға, өзгерістерге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Айта кететін мәселе біз қазіргі таңда мекемедегі қызметкерлер арасында жүргізетін жұмыстарымызды яғни жаңалықтарымызды қазақ-ағылшын тілінде іске асырып жатырмыз. Бұл бағытта өзім ағылшын тілінің жоғары деңгейін меңгеруге, үйренуге күш салып келе жатырмын. Себебі, бізге қажетті дүниенің барлығы ағылшын тілінде екенін ескеруіміз керек. Мамандарымыз, ауруханаға келген азаматтарға қос тілде жазылған жаңалықтар аз-аздан болса да санасына сіңіп, ағылшын тілін меңгеруге мүмкіндіктері ашылады деп ойлаймын.

М.ӘЛМАХАН.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *