Түркістан қаласындағы №5 Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары өз өнерлерін паш етіп ел аралап қайтты десек болады. Аталған білім ұясының музыка жетекшісі және «Айза» өнер мектебінің қызметкері Ләззат Махашова өзі білім беріп жүрген оқушылар арасынан іріктеп, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында өткен «NURAI ART FEST» халықаралық көпжанрлы байқауға аттанады. «Ғани жұлдыздары» домбырашылар ансамблі деп аталатын топ құрамында үш оқушы болған. Ұлттық өнердің сырын терең бағалайтын Сыр өңірінен Ләззат Құтжанқызының жетекшілігіндегі біздің өнерлі оқушылар Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен бас жүлде алып, Алматы қаласында өтетін байқауға жолдама алады. Сөйтіп араға уақыт салып, оңтүстік астанасы – Алматыға табан тіреген өнерпаздар мұндағы қазылар алқасының да жоғары бағасып алып, Өзбекстан астанасы Ташкенттің төрінен бір-ақ шығады. «Ғани жұлдыздары» домбырашылар ансамблінің жетекшісі Ләззат Махашованың айтуынша Алматыға аталған топ құрамында 5 оқушы барған.
Өнерімен музыка мамандарының жоғары бағасына ие болған «Ғани жұлдыздары» домбырашылар ансамблі көршілес мемлекеттің астанасында өтетін дүбірлі өнер сайысына 10 оқушы болып барады және түркістандық жас жұлдыздар Ташкентте де топ жарады. Аңғарғанымыз «NURAI ART FEST» халықаралық көпжанрлы байқауының әр кезеңі осындай аймақтарда өтіп отырған. Осылайша жас дарындарымыз Дубайда өтетін қорытынды байқауға жолдама алады. Топ жетекшісінің айтуынша «Ғани жұлдыздары» домбырашылар ансамблі Біріккен Араб Әмірліктеріндегі сынға қаржы мәселесіне байланысты толық құраммен бара алмаған. Дегенмен шын жүйрікке тұсау жоқ демей ме «Ғани жұлдыздары» тобынан 6 «А» сынып оқушысы Әділет Ибадулла пен 5 «А» сынып оқушысы Олжас Қойшыбай және «Aiza» өнер мектебінің 7 «А» сынып оқушысы Арсен Семенхан қос ішекті қара домбырамен Құрманғазының «Адай» күйімен Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйлерін орындап, өз жанрлары бойынша бас жүлдені иемденеді.
Міне, біздің жас дарындар! Өнер айдынында самғап ұшып, алған білімдерімен қатар ұлттық өнерді бойларына сіңіріп, әлемді аузына қаратқан Біріккен Араб Әмірліктерінің аспанында қазақтың қастерлі күйін қалықтатып қайтыпты. Әрине мұнда жетекшінің де еңбегін ескерусіз қалдыруға болмайды. Балаларды өнерге баулып, әрбір үйдегі еркетайдың қолына домбыра ұстатып, ән мен күй әлемімен қауыштырған Ләззат Құтжанқызының атқарып жатқан ісі көпке үлгі және адал еңбектің шынайы көрінісі.
Топ жетекшісі өз сөзінде біз атап өткен аймақтар мен шетелдердегі байқауларға барған оқушыларының аты-жөнін айтып еді. Оқырманға түсінікті болуы үшін бірінші Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «NURAI ART FEST» халықаралық көпжанрлы байқауының алғашқы кезеңіне Қымбат Қалиева (9 «а» сынып), Умид Музафар (7 «б» сынып), Нұрбақыт Сердалиев (6 «а» сынып) қатысқан. Алматы төрінде Қымбат Қалиева (9 «а» сынып), Музафар Умид (7 «б» сынып), Нұрбақыт Сердалиев (6 «а» сынып), Әділет Ибадуллаев (6 «а» сынып), Ислам Шаймерден (5 сынып) өнер көрсетті. Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкентте Қымбат Қалиева (9 «а» сынып), Музафар Умид (7 «б» сынып), Нұрбақыт Сердалиев (6 «а» сынып), Әділет Ибадуллаев (6 «а» сынып), Олжас Қойшыбай (5 «а» сынып), Мариям Ибадулла (9 «ә» сынып), Асия Ибадулла (7 «ә» сынып), Үмігүлсім Төлембек (7 «а» сынып), Қасиет Әбутәліп (7 «а» сынып), Адина Мейрамхан (7 «а» сынып) бас жүлдені жеңіп алса. Дубайда өткен сайысқа қатысқан оқушылардың жоғарыда атап өттік. Айтпақшы мектеп әкімшілігі де оқушылар мен топ жетекшісінің өнерлері мен жеткен жетістіктерін ескерусіз қалдырмай арнайы құрмет көрсеткен.
«Аймақ-ақпарат».
