Тәуелсіздікке тарту ЗАМАНАУИ ӘК ЗАУЫТЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

 

Өндірісті өркендету – экономиканың қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағытын үнемі назарда ұстап, өңірлерде жаңа өнеркәсіп нысандарын ашу арқылы отандық өндірісті қолдауға, жұмыс орындарын көбейтуге және импортқа тәуелділікті азайтуға баса мән беріп келеді.

Президент жүктеген міндеттерге сәйкес, бүгінде еліміздің барлық аймақтарында индустриялық аймақтар құрылып, жаңа зауыт-фабрикалар іске қосылуда. Бұл – бір жағынан экономикалық өсімді қамтамасыз етсе, екінші жағынан – халықтың әл-ауқатын арттыруға, жергілікті бюджет түсімін ұлғайтуға зор мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірлерде өңдеу өнеркәсібіне, машина жасауға, құрылыс материалдарын өндіруге және агроөнеркәсіп саласына бағытталған инвестициялық жобалар белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар – экономиканың әртараптандырылуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және экспорттық әлеуеттің артуына жол ашады.

Үкімет пен әкімдіктерге Президент тарапынан қойылған басты талап – өндірісті ұлғайтып қана қоймай, оны бәсекеге қабілетті ету. Сондықтан алдағы уақытта да өнеркәсіп нысандарының саны емес, сапасы мен тиімділігі бірінші кезекте бағаланатын болады.

Міне осындай міндеттер аясында Түркістан облысында Тәуелсіздік күніне тарту ретінде тағы өндіріс орны өз жұмысын бастады. Атап айтсақ, Түркістан облысы Түлкібас ауданында өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі өндірістік жоба – «Састөбе» инновациялық кешені» ЖШС-нің әк шығаратын зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, зауыттың іске қосылуымен құттықтап, жаңа өндіріс орны өңір экономикасының дамуына серпін беретінін атап өтті.

– Алдымен баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мереке қарсаңында «Састөбе» инновациялық кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа әк зауыты ашылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өндіріс орындарын ашу бағыттарына айрықша тоқталды. Ел экономикасының негізгі басымдығы шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан облысында осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз өндіріс орындарын ашуға, терең өңдеу саласына басымдық бердік.

Сол жұмыстар нәтижесінде облысымыз халықаралық талапқа сай заманауи зауытпен толығып отыр. Осыдан бірнеше ай бұрын сіздермен ірі кешеннің құрылысының басталуына куә болып едік. Міне, аз ғана уақыт ішінде зауыт құрылысының алғашқы кезеңі аяқталып, әк шығару зауыты өндірісін бастағалы отыр. Бұл Түркістан облысы ғана емес, тұтас еліміз үшін маңызды оқиға. Жалпы құны 180 млрд теңге болатын жоба арқылы ауданның ғана емес, облыстың өндіріс көлемі артады. Жалпы, мыңға жуық жұмыс орны ашылса, бүгінгі әк зауытының өзінде жүзге жуық жерлесіміз жұмысқа орналасуда. Осы ретте маңызды жобаны жүзеге асырған инвесторға, жауапты азаматтарға алғысымды білдіремін! Зауыт ұжымына сәттілік, денсаулық және берекелі табыс тілеймін! Жаңа зауыттар ашылып, облысымыз дами берсін! – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

«Sinoma-TCDRI» компаниясының жоба басшысы Жу Сианг Го мен «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов та құттықтау сөз сөйлеп, бұл өндіріс орны елімізді отандық өніммен толық қамтитынын жеткізді.

Жалпы құны 180 млрд. теңге болатын жобаның құрылысы 2026-2027 жылдары аяқталады деп жоспарланған. Биыл 32 млрд теңге инвестициялық қаржыға әк өндірістік кешені іске қосылды.

«Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-нің негізгі мақсаты – әк, каустикалық сода, кальций карбиді, ПВХ және цемент өндірісін жолға қою. Зауыт толық қуатына шыққанда жылына 400 мың тонна әк, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді және 1 млн тонна цемент өндірмек.

Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де оң ықпал етеді. Жоба аясында жалпы мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады, оның ішінде биыл 100 жаңа жұмыс орны ашылды.

Салтанатты рәсімде облыс әкімі зауыт аумағын аралап, өндірістік үдерістермен, заманауи технологиялармен және еңбек жағдайымен танысты. Өндірістің экологиялық талаптарға сай жүргізілуі мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды.

Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту мен өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жалғасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *