Салауатты ұлт – мықты мемлекет: Түркістан облысы аумағында спорт кешендерін салу жұмыстары қарқын алуда. Бұл ретте айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ел жастарының спортқа қолжетімділігін арттыру басты бағыттардың бірі ретінде атап көрсетілген. Осы орайда елімізде заманауи спорт кешендерін салу мен қолданыстағы нысандарды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Спорт инфрақұрылымын дамыту – ауыл мен қала арасындағы теңдікті қамтамасыз етіп, балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Әсіресе шалғай өңірлерде бой көтеріп жатқан жаңа спорт нысандары – жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып қана қоймай, оларды тәртіпке, еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейді.
Осы міндеттер аясында Түркістан облысы Бәйдібек ауданындағы Ақбастау елді мекенінде жаңа спорт кешені ел игілігіне берілді. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев қатысып, ауыл тұрғындарын замануи спорт нысанының ашылуымен құттықтады. ҚР Президентінің салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында ауданда ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Нысанның құрылысын «Trendim KZ» ЖШС 2024 жылдың тамыз айында бастаған. 1 гектар аумақта орналасқан ғимараттың ауданы 939 шаршы метр. Мұнда воллейбол, баскетбол, кіші футбол, күрес, дзюдомен айналысуға барлық жағдай қарастылған. Бұл кешен ауыл жастарының бас қосып, кәсіби спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде Бәйдібек ауданында 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы бар. Аудан спортшылары биыл түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Атап айтқанда, спортшылар тоғызқұмалақ, волейбол және еркін күрес түрлерінен жүлделі орындарға ие болды.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде салынған кешендерде футбол, волейбол, баскетбол, күрес, дзюдо, бокс және басқа да спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалған. Сонымен қатар, бұл нысандар ел ішінен жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге де өз септігін тигізеді.
Спорт – ұлт денсаулығының тірегі. Сондықтан мемлекет тарапынан бұл салаға көрсетіліп отырған қолдау – болашақтың дені сау әрі белсенді азаматтарын қалыптастыруға бағытталған маңызды инвестиция.
