Әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қалыптастыру – бұл тек адам құқықтарын сақтау ғана емес, сонымен қатар отбасы ішіндегі үйлесімділік пен қоғамдағы бейбіт өмірдің кепілі. Түркістан облысында гендерлік саясатты жүзеге асыру – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мен тұрақты даму тетіктерінің бірі ретінде қарастырылуда. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар мемлекеттің стратегиялық мақсаттарымен үндесіп, аймақтық ерекшеліктерге бейімделген жүйелі шаралармен жүзеге асырылуда.
Облыстағы әйелдердің мемлекеттік басқару саласына қатысуы жылдан-жылға артып келеді. Түркістан облысында мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 27 пайыздан асса, басшылық қызметтегі әйелдер 15 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштер әйелдердің кәсіби біліктілігі мен көшбасшылық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада әйел мамандардың үлесі басым. Бұл – нәзік жандылардың қоғамдағы жауапты шешімдерге қатысуының артып келе жатқанын білдіреді.
Кәсіпкерлік бағытта да әйелдердің белсенділігі байқалады. Облыста тіркелген 145 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінің 45 мыңға жуығын әйелдер басқарады. Олар негізінен шағын және орта бизнес салаларында – сауда, қызмет көрсету, қолөнер, ауыл шаруашылығы бағыттарында жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері әйелдердің өз ісін бастауына, тұрақты табыс көзіне ие болуына және өз отбасын қамтамасыз ете алуына жағдай туғызуда.
Сондай-ақ, облыста гендерлік саясатты қолдайтын және дамытуға бағытталған бірқатар әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылуда. Түрлі үкіметтік емес ұйымдар, әйелдер кеңестері мен жастар ұйымдары әлеуметтік жобалар ұйымдастырып, жас қыздар мен әйелдерді құқықтық сауаттылыққа, көшбасшылық пен қаржылық дербестікке баулуда. Ауылдық жерлерде де бұл жұмыс қарқын алып келеді. Арнайы тренингтер, семинарлар, форумдар өткізу арқылы әйелдердің өз құқықтарын білуі, қорғай алуы және қоғамға белсенді араласуы үшін жағдай жасалуда.
Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – ұзақ мерзімді әрі кешенді үдеріс. Бұл бағытта облыстағы білім беру мекемелері мен мәдени ошақтарда, мемлекеттік құрылымдарда үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жастар арасында отбасылық жауапкершілік, сыйластық және теңдік құндылықтары насихатталып келеді. Қоғамдағы әрбір әйелдің мүмкіндігі мен рөлі ескерілгенде ғана шынайы әлеуметтік әділеттілік орнап, тұрақты дамуға жол ашылады.
Түркістан облысы – ұлттық салт-дәстүрге берік, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін өңір. Осы ерекшеліктерді сақтай отырып, гендерлік саясатты тиімді үйлестіру – қоғамдағы үйлесімділікті арттыратын маңызды алғышарт. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жаңа деңгейге көтеріліп, әйелдердің әлеуетін барынша ашуға, қоғамдағы белсенділігін арттыруға ықпал ететін болады.
