ТҮРКІСТАН: «ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – ТӘРБИЕ НЕГІЗІ»

 

Этнограф Зылиха Өмірбекқызы ұмытылған ұлттық дәстүрлеріміз, отбасы құндылықтарын сақтауда дәстүрдің маңызы туралы сөз қозғайды. Түркістан облысы тұрғындарының назарына дәстүрлерді жаңғырту мақсатында аталған сұхбатты ұсынып отырмыз.

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Қай кезеңде болмасын, ұлттық құндылықтарымыздың орны ерекше саналған. Қазақы әдет-ғұрыптар түрлі мерекелерде көрініс тауып отырғаны тағы бар. Соның бірі, ежелгі заманнан қалыптасқан жылдың бастауы – Наурыз мерекесі. Күн мен түннің теңелуімен тұспа-тұс келетін мейрамды халқымыз жыл сайын асыға күткен. Наурыздың қарсаңында ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүрлер туралы этнограф ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Зылиха Өмірбекқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Наурыз – жыл басы. Оның мәні өте тереңде. Бұл мейрам жақсылықтың, ізгіліктің, өсіп-өну мен жаңарудың белгісі. Күн мен түн теңелгенде күллі табиғат атаулы құлпырып, жаңарып, Жер Ана мейірленеді. Қаһарлы қыстың ызғары бірден қайтып, табиғат ерекше шуаққа бөленеді. Сондықтан да көшпенділер өмірінде көктемнің қуанышы ерекше болған. Оның себебі, қыстан шығу көшіп қонған халық үшін қайта өмірге келгенмен бірдей еді. Осы мәселені қазақ зиялылары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мәшһүр Жүсіп, Әлкей Марғұлан ағаларымыз өз еңбектерінде тереңнен талдап кеткен еді, – деп әңгімесін бастады этнограф Зылиха Ибадуллаева.

Халқымыз наурыз мейрамында жасалуға тиіс жоралғыларға ерекше ден қояды.

– Наурыз мерекесінде сирек болса да қолданылатын екі жақсы салт бар. Бірі — селтеткізер болса, екіншісі — ұйқыашар. Олардың әрқайсысына тоқталып кететін болсам, бойжеткен соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, ұнатқан жігітіне тартады. Бұл салт қазақта «ұйқыашар» деп аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жігіттер «селт еткізер» рәсімін жасайды. Яғни, қалауынша айна, тарақ, әтір сыйлайды. Әр сыйлықтың өзінің бір сыры бар. Мысалға, айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік пен сұлулықтың, әтір – бүршігін жаңа ашқан жауқазындай құлпырудың, күміс жүзік – тазалықтың белгісі ретінде сыйға берілген.

Жыл сайын наурыз мейрамы қарсаңында ұмытылып бара жатқан осындай дәстүрлерді еске алуға тырысатынымыз рас. Наурыз тойында түрлі мекемелер ұлттық дәстүрлерді өз ортасында, дос-жарандарымен, әріптестерімен қойылым ретінде көрсетіп, халықтың санасында жаңғыртуға атсалысады.

– Салт-дәстүр – әрбір халықтың болмыс-бітімін білдіретін, сол халықтың ұлттық құндылықтарын жан-жақты етіп, өзге ұлттан ерекше көрсете алатын басты құндылық. Әрбір халықтың салт-дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, күнделікті отбасылық жөн-жоралғыға айналып, практикалық мәнге ие болып отыр.

Этнограф Зылиха Ибадуллаева бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, археология және этнология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты. Ол халықтың тұрмысын, салт-дәстүрі мен мәдениетін жан-жақты қарастырып, оны бүгінгі және болашақ ұрпаққа таныстыруға бет алатын ғылым саласы этнографияға ерекше қызығушылық танытқан. Кейіпкерімізді асқақ арманы жетелеп, ару Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, білім алады. Жоғары оқу орнында студент болып жүргенде халқымыздың барлық болмыс бітімін білдіретін ерекшелік этнология саласы екендігін ұғынды.

– Этнология саласында жүргізген ең басты ғылыми зерттеу жұмысым: «Қазақ халқының құрамындағы қожалар (тарихи-этнографиялық зерттеу)» тақырыбы болды.Осы тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Одан кейін де қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті және әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне арналған бірнеше ғылыми еңбектерім мен мақалалар басылып шықты.

Этнограф қазақтың ұмытылған салт-дәстүрлерінің қатарында қазан шегелеу, төркіндеу, өңір салу, қынаменде, босаға майлау, тәжім ету, асату, ауыз тию, байғазы беру, сәлемдеме және сүйек жаңғыртулар бар екенін айтады.

– Қазан шегелеу – қазақ халқының этномәдени болмысын білдіретін дәстүрдің бірі. Әдетте бұл дәстүр құрбы-құрдас, туған-туыс, абысын-ажын арасында болған. Мұның астарынан қазақ қоғамындағы ерекше қонақжайлықты аңғаруға болады. Қазан шегелей келген «құтты қонаққа» тек қана асберіп қана қоймай, оны «құтты қонақ» деп сый-сияпатпен ерекше шығарып салған.

Расында да бұл дәстүр бүгінгі таңда қазан шегелеу деп аталмаса да, кейбір отбасында жалғасын тапқан сияқты.

– Әдетте, үйге келген абысын-ажын немесе әзілі жарасқан құрбы-құрдас бір-бірінің үйіне келгенде «қазан шегелей келдім», — десе, үй иесі қазан көтеріп, тағам дайындап, келген қонақты күтіп, шығарып салатын болған. Әрбір қазақ қонақпен бірге үйге құт-берекеге келді деп түсінген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *