ТҮРКІСТАН: БІЛІМ БИІГІНЕ ҰМТЫЛҒАН ОРДА

 

Түркістандағы техникалық білімнің алғашқы ұясы 1934 жылдың қараша айында құрылған «Түркістан ауданаралық трактористер мектебінен» бастау алады. Ол кезде оқу орнында шағын жөндеу шеберханасы жұмыс істеп, аудан аумағындағы техникаларды келісімшарт негізінде жөндеп отырды. Штатта небәрі бес мұғалім еңбек етіп, жыл сайын шамамен 150 оқушы қабылданды. Мектептің алғашқы директоры болып Ахметов Саид тағайындалды. Соғыс аяқталған 1945 жылы мектептің оқу бағыттары кеңейіп, шофер, комбайншы және тракторист мамандықтары бойынша сабақтар жүргізіле бастады. Оқушыларға арналған жатақхана мен шаруашылық бөлімі жұмыс істеді. Оқу бітірген жастар Түркістан ауданындағы колхоздар мен машина-трактор станцияларына (МТС) жұмысқа жіберілді. Ал 1946 жылы штат құрамында 11 әкімшілік-шаруашылық қызметкер, 5 мұғалім, 5 нұсқаушы және 4 шаруашылық жұмысшысы болды.

1947 жылы оқу бағдарламасы тағы үш жаңа бағытпен толықты: жер ісінің негіздері, машинаны пайдалануды ұйымдастыру және тракторлар мен ауыл шаруашылық құралдарын жөндеу пәндері енгізілді. Бұл пәндер ауыл шаруашылығы өндірісін механизациялауға зор серпін берді. 1953 жылдың 19 желтоқсанындағы КСРО Мәдениет министрлігінің бұйрығына сәйкес, 1954 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектеп Мәдениет министрлігінің қарамағына өтті. Сол жылы оқу орнында 34 қызметкер еңбек етті. Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің 26 қаңтардағы №54 бұйрығымен училище «Еңбек резервтері» жүйесіне енгізіліп, №31 Түркістан ауыл шаруашылығын механизациялау училищесі деп аталды. 1955 жылдан бастап оқу орны бір жылдық курстар жүйесін енгізді. Сол жылы оқу бағдарламасына жаңа пәндер қосылды: мал шаруашылығын техникалық механизациялау, кең профильді тракторист-машинист дайындау, агрономия негіздері, мәдени-тәрбие жұмыстары және саяси сабақтар. Бұл пәндер студенттердің кәсіби біліктілігін ғана емес, дүниетанымдық қабілетін де кеңейтті. 1977 жылы училище үш жылдық оқу мерзіміне көшіп, түлектерге дипломмен бірге орта білім туралы аттестат берілетін болды. 1984 жылғы 5 қыркүйекте облыстық кәсіптік білім беру басқармасының №324 бұйрығына сәйкес, оқу орны №21 орта кәсіптік-техникалық училище деп қайта аталды.

1985 жылы оқу орнының 50 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтті. Сол кезеңде училище ғимараты қазіргі «Бәйтерек» тойханасының жанында орналасқан еді. 1987 жылы мұнда 94 қызметкер жұмыс істеді. Училищеде 1996 жылға дейін жастар келесі бағыттар бойынша білім алды: кең профильді тракторист-машинист, ауыл шаруашылық құрылысшысы, электрогаз дәнекерлеуші, машинист-крановщик, сатушы, есепші және аспаз мамандықтары. Бұл жылдары оқу орнын әр кезеңде Юғай К. (1960–1963 жж.), Мәдіходжаев Мәкен (1964–1970 жж.), Болғанбаев Дүйсенбек (1970–1978 жж.) және Төреқұлов Ахмет (1979–1999 жж.) басқарды.

Өткен ғасырда жалпы Түркістан қаласында барлығы төрт орта кәсіптік-техникалық училище жұмыс істеді. Олардың бірі – №14 училище 1966 жылдың 2 қазанында ашылып, тігінші, етікші, шаштараз және суретші мамандықтары бойынша мамандар даярлады. 1971 жылы ашылған №29 училище құрылысшы, токарь, электродәнекерлеуші, ағаш ұстасы, аспаз және крановщик мамандықтарын оқытты. 1987 жылы жұмысын бастаған №38 училище тігінші, сатушы, аспаз, есепші және кондуктор мамандарын даярлады. Ал 1996 жылы Түркістан қаласындағы төрт кәсіптік-техникалық училище біріктіріліп, жаңа №21 кәсіптік-техникалық мектеп болып қайта құрылды.

Мектептің алғашқы басшысы Төреқұлов Ахмет (1996–1998 жж.) болса, кейінгі жылдары бұл қызметті Досыбеков Пернетай (1998–2005 жж.), Тәжібаев Мусамад (2005–2007 жж.), Жұмаділұлы Ергешбай (2007–2009 жж.), Құрманбайұлы Кенжетай (2010–2012 жж.), Асанов Ахан Шәкенұлы (2012–2023 жж.) және Аппазов Айдос Кенжеханұлы (2023 жылдан бастап) атқарды.

2004 жылдың 29 ақпанында оқу орнының атауы №21 кәсіптік лицей болып өзгертілді. 2013 жылы 10 қаңтарда ол №21 колледж мәртебесін алды. Ал 2019 жылдың 21 қаңтарында жаңа заман талабына сай Көпсалалы индустриалды-техникалық колледж мәртебесіне ие болды.

Бүгінде бұл колледж өңірдің техникалық және кәсіби білім беру саласындағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Мұнда дуальды оқыту жүйесі, модульдік-құзыреттілік тәсіл және инновациялық технологиялар сәтті енгізілген. Заманауи зертханалар, өндірістік шеберханалар, IT-кабинеттер мен цифрлық жабдықталған тәжірибе алаңдары студенттердің кәсіби білігін шыңдауға мүмкіндік береді.Колледждің серіктестері қатарында аймақтың ірі өнеркәсіп орындары мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы бар. Бұл түлектердің тәжірибеден өтіп, кейін тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашады. Бүгінгі оқу ордасы — инновация мен тәжірибені ұштастыратын, болашақ жұмысшы мамандықтар ұясына айналды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *