ТҮРКІСТАН: БІЛІМ КЕҢІСТІГІНДЕГІ БЕДЕЛДІ ОҚУ ОРЫНЫ

 

— Ахан Шәкенұлы, келешегі кемелді, кәсіби білім белесінде шыңдалған екі ғасыр куәгері — қазыналы қарт колледж тоқсан жасқа толыпты. Ұлт болашағының  өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан ұйымшыл ұжымыңызды және өзіңізді осынау айтулы мерейтоймен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс тілейміз! Әуел баста екі жылдық педагогикалық курс болып ашылған оқу орнының бүгінгі  заманауи келбеті кез келген дамыған елдің салалас оқу орнымен иық тіресетін деңгейге жеткендігін білеміз. Сондықтан да, бүгінгі әңгімемізді  шоқтығы биік, тарихы бай  шежіре колледж мерейлі жасын қандай табыстармен, ерекше жетістіктермен  қарсы алып отыр деген дәстүрлі сауалдан бастасақ?

— Кемелділіктің көкжиегінен көрінген колледж білім саласында ғасырға жуық уақыт ұрпақ тәрбиелеген білім ордасы. Заманауи білім беру мен кәсіптік даярлауды бағдар тұтқан, қазіргі жаһандану ғасырындағы қоғамдық — әлеуметтік өзгерістерге сай бәсекеге қабілетті, кәсіби білікті маман даярлауды басты межесіне айналдырған өңіріміздегі қара шаңырақ.

Әрбір жетістігін өткен күннің еншісіне санайтын, жаңа істің бастау бұлағы ретінде білім мен өнер саласына білікті де білімді жас мамандар даярлайтын оқу ордасы 90 жылдық торқалы тойын жаңа белестермен қарсы алды.

Оқу ордасының соңғы жылдардағы қол жеткізген жетістіктері ретінде «Сән технологиясы», «Қол өнер», «Бастауыш білім беру» салалары бойынша облыстық «Құзыреттілік орталықтардың» бізде ашылуын айтуға болады. Өйткені «Құзыреттілік орталық» жұмыстарының жоспарлы іс-шарасы облыс көлемін қамтиды. Колледжде «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы білім алушыларына арналған заманауи үлгіде жабдықталған оқу кешені іске қосылып, жұмысын бастады.

Ұлағатты ұстаз, іскер басшы колледждің өркендеуіне ерен еңбегін сіңірген Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, кәсіптік білім беру ісінде еңбегі сіңген құрметті қызметкер Мұсабекова Шарапат Әбутәліпқызы атындағы атаулы кабинеттің ашылуы білім саласындағы еткен еңбектің, ұстаздықтың ұмытылмас өлшемін көрсеткен ұрпақтар жалғастығының көрінісі. Білім саласы мен тәрбие саласындағы жүйелі жұмыстарының нәтижесінде киелі білім ордасы облыс көлемінде үздік үштікте болса, республика деңгейінде «Сән технологиясы», «Бастауыш білім беру», ІТ, қол өнер бағыттары бойынша үздік колледждер қатарында. Кәсіби мамандар сапасына аса мән беретін оқу орнымызда бүгінгі күнде 200-ден астам оқытушы қызмет жасайды. Сондай-ақ, бүгінгі жас мамандарға кандидаттар мен магистрлер, «Ыбырай Алтынсарин»және «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегерлері, ҚР Суретшілер одағының мүшелері, республикалық, облыстық «Үздік педагог» байқауларының грант иегерлері, халықаралық және республикалық кәсіби байқаулардың жеңімпаздары дәріс беретінін айтып өткеніміз артық болмас.

Соңғы жылдардың үлесінде колледж оқытушыларының «Менің инновациялық сабағым», «Педагогикалық идеялар панорамасы»,  «Мен — кәсіпкермін» гранд турнирларына, республикалық, облыстық кәсіби шеберліктеріне, Worldskills чемпионаттарына қатысуы, облыстық «Үздік педагог», «Үздік психолог», «Үздік ІТ маман» аталымдарын иемденуінің өзі колледждің мерейтойына арналған тарту деп білемін.

Жыл сайынғы бітіруші түлектеріміздің еңбек нарығындағы үлкен сұранысқа ие болып, 84 пайызының жоғары оқу орындарына түсуі мен жұмысқа орналасуының өзі колледждің абыройлы жұмысының көрінісі. Басты жетістіктеріміз – білім беру жүйесінде үздіксіз кәсіби білім беру                  (жұмысшы мамандықтар, орта буын мамандары, қолданбалы бакалавриат),  құзыреттілік пен дағдылардың кең спектрі бар білікті мамандар даярлау.

 

— Өте дұрыс айтасыз, Ахан Шәкенұлы! Оқу орнының, соның ішінде ұлы тұлға ұстаздарды даярлайтын білім ордасының  тарихи-әлеуметтік дамуы, кәсіби мамандар даярлаудағы жетістіктері, әлемдік білім жүйесіндегі өміршең халықаралық жобалары, өзара педагогикалық тәжірибелер алмасуы, жаңа технологиялар мен  инновациялық тың әдістерді жүзеге асыруы — табысқа жететін алғышарттар. Осы орайда қазіргі таңдағы ұстаздар білімін жетілдірудегі  көкейтесті мәселенің бірі — халықаралық тағылымдама  жүйесінің  сіз басқарып отырған оқу орнында жүзеге асырылуы туралы не айтар едіңіз?

— Бұл тұрғыдан алғанда колледж ұстаздары деңгейлік оқыту бағдарламасы мен жаңартылған білім мазмұны, бейіндік бағыт бойынша педагогикалық шеберлік және «Өрлеу» біліктілік арттыру ұлттық орталықтары мен «Talap» КЕАҚ ұйымының арнайы курстарына қатысып, біліктіліктерін көтеруде.  Тағылымдама, үздіксіз өсу білім беруде жаңа өзгерістер мен алға дамуды және дағдылар мен қабілеттерді шыңдайды. Халықаралық тағылымдама – жаңа өзгеріс пен дамудың кепілі. Оқытушылардың кәсіби деңгейін көтеру, білім алушыларға білім беру сапасын жақсарту барысында қажетті материалдар жинақтау, еліміздің техникалық білім саласын заманауи талаптарға сай ету басты мақсат.

Түркістан облысының білім басқармасының және «ҚР колледжінің ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын инструкционалдық аккредиттеу талаптарына сәйкес шетелдік тәжірибені негізге ала отырып, 2023-2024 оқу жылында оқу ордамыздан 16 оқытушы ұстаздарымыз «Түркия елінің кәсіптік техникалық білім беру саласымен танысу. Білім саласындағы менеджмент» тақырыбында халықаралық тағылымдамадан өтті.

Осы үрдістің жалғасы ретінде 2024-2025 оқу жылында 11 арнайы пән оқытушылары Франция Республикасының Халықаралық білім беру технологиялар орталығы S.R.O келбетіндегі «Париж академиясында» тағылымдамадан өтті. Осы тағылымдаманың аясында оқу орнымызға Францияның кәсіптік білім беру жүйесінің инспекторы Реде Фара мырза келді. Өз сапарында колледждің білім беру жүйесі, материалдық базасы, әлеуметтік серіктестік фабрикаларымен танысып, колледжіміздің әлеуетін жоғары бағалады.

Халықаралық аккредитация аясында Сербона Париж университетінің салтанат сарайында «Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі» мен «Люси Мери Лауренсин» колледжі арасында халықаралық ынтымақтастық меморандумға қол қойылып, «Сән технологиясы» және ІТ құзыреттіліктері аккредиттеуден өтті. Бұдан бөлек оқытушыларымыз Беларусь Республикасының кәсіптік білім жүйесімен танысса, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінің этнодизайнерлер орталығымен тығыз қарым-қатынас жасайды.  2023-2024 оқу жылында «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша оқытушыларымыз бен білім алушыларымыз Тараз қаласында өткен Халықаралық «Аспара» нео-фольклор байқауына, Түркия мемлекетіндегі «ISTANBUL FASHION» фестиваліне және Қырғызстан мемлекетінде өткізілген «Дизайнерлер» байқауына қатынасып, іс-тәжірибе алмасып қайтты. Тағылымдама, біліктілік арттыру өз кезегінде жаңа әдістер мен тәсілдерді меңгеруге, тың жаңа көкжиектерді ашуға мүмкіндік беретін нәтижелі жұмыс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *