ТҮРКІСТАН: БІЛІМ КЕҢІСТІГІНДЕГІ БЕДЕЛДІ ОҚУ ОРЫНЫ — 2

— Менің байқауымша, сіздің оқу орнына «қолөнер колледжі» деген атау бекер қосылмаған сияқты. Ұлттық салт- дәстүріміз бен құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, ұрпақ санасына сіңіруді басты мақсат етіп алға  қойған екенсіздер. Осы бағыттағы тәжірибе- жетістіктеріңізбен бөліссеңіз?

— Колледж «жоғары» статусқа ие болған соң атауы өзгеріп, көпсалалы бейіндегі және қол өнер бағытындағы білім ордасына айналды. Қазақтың қазақ болуы өз елінің, өз жұртының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жетік білуден басталады десек, оның ішінде қазақилықтың қаймағы бұзылмаған біздің өңіріміздегі сұранысқа сай қолөнер мамандықтары ашылды. «Ағаш пен керамикадан көркем бұйымдар мен музыкалық аспаптар жасаушы», «сурет өнері», «Зергерлік бұйымдар» біліктілігін меңгеретін білім алушыларымыз қазақтың төл туындыларын жасауға ден қойған. Күллі түркі әлемінің рухани астанасы болып саналатын Түркістан қаласы туризм клостерін дамытушы аймақ екені мәлім. Түркістанның рухын көтеріп тұрған Қ.А.Ясауи мавзолейі мен оның айналасындағы ел игілігіне берілген «Керуен Сарай» кешенінің өзі қаншама қонақтадың көзайымына айналды. Сол кешеннің ішіндегі «Өнер» орталықтарының жұмысы, қолдан жасалған бұйымдар мен кәдесыйлардың сұранысқа ие болуы қолөнер мамандықтарын ащуға мұрындық болған бірден-бір фактор. Оқу ордамызда қолөнер мамандықтары ашылған соң, білімі мен кәсіби дағдысы қатар өрілген арнайы пән оқытушыларын жинадық.  Солардың бірегейі – Рысбеков Абайхан әріптесіміз. Керамикадан, саз балшықтан түрлі творчестволық заттар жасау, оларды талғаммен безендіру, зергерлік бұйымдар жасау балалық қиялдан үлкен арман мақсатқа ұласқан жұмыстар.

Франция, Тайланд, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі түрлі қолөнершілер байқауына қатысып жүрген әріптесіміз шеберлік конкурстарының жеңімпазы, «Юнесконың сапа белгісінің иегері» сертификатына ие болған, ҚР қолөнершілер одағының мүшесі, шеберлер арасында «Хас шебер» медалінің иегері. «Қолөнер негіздері», «Материалды өңдеу технологиясы» пәндерінде блім алушыларды түрлі бұйымдар жасау, дайындау негіздерімен таныстырады. Қазақтың сәндік қолданбалы өнерін дәріптеуші, танытушы азамат. Осы салада білім алушыларға қазақтың сәндік қолданбалы өнерін ағаштан көркем бұйымдар жасаумен дәріптеп жүрген ұстазымыздың бірі – Миншарипов Дәурен. Ағаш оюмен айналысып, түйін түйген оқытушықазақтың көне аспаптары қобыз, қылқобыз, домбыра жасаумен айналысумен қатар, заманауи сұраныстағы ыдыстар мен кәдесыйлар жасаумен айналысатын, өзі де музыкалық аспапта ойнайтын азамат.

ҚР қолөнершілер одағының мүшесі, Франция, Қытай, Қырғызстан, Америка, Түркия, Малаизия елдерінде болып, ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген әріптесіміз. Аталған мамандықта білім алушыларды өнердің тылсым сырына үңілдіріп жүрген Миншарипов Дәурен, Ибрагимова Гузаль, Абдузаирова Ирода, Биласаров Нұрдәулет сынды ұстаздарымыз «Мәдениет және өнер» саласы бойынша өткізілген республикалық кәсіби шеберлік байқауларында жүлделі ІІ, ІІІ дәрежелі Дипломдармен марапатталып, өз ісінің майталмандары екенін көрсетуде.

— Ахан Шәкенұлы, шын жүректен шыққан ашық сұхбатыңызға көптен- көп рахмет! «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, біркісідей ынтымақтаса еңбек еткен ұжымыңызға, ұжымды іскерлікпен басқарып, білім әлемінің тура жолына бастаған өзіңізге ұрпақ тәрбиесі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын дегіміз келеді. Өзіңіздің тілегіңіз болса, мархабат?

— Жоғарыда айтып өткенімдей, оқу орнының, студенттеріміз бен ұстаздарымыздың  жетістіктерін бір мақалада тізіп шығу мүмкін емес. Ең бастысы — бағытымыз түзу, шәкірттеріміз үмітімізді ақтап, биіктерден көрінуде. Осының өзі ұстаздар қауымының ізденістері мен уақытпен санаспай атқарған еңбектерінің нәтижесі. Осы мүмкіндікті пайдаланып мына мәселені де айта кеткенім жөн. Ағымдағы жылдың қараша айының 19-жұлдызында өтетін халықаралық конференцияны Айдос Абпасов әріптесім басқарып отырған Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжімен бірлесе өткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, бұл оқу орнының да тоқсанның төріне шығып, марқайып отырған жайы бар. Екі оқу орнында да өз ісіне берілген мықты мамандар жұмыс істейді. Екі оқу орнында берілетін мамандықтар еліміздің өзекті салаларына қажет , тұтқалы мамандықтар. Тағы бір қызығы, Айдос   Кенжеханұлы екеумізге де аталған қос оқу орны — туған ұжымымыз. Мен  №21 кәсіптік-техникалық колледжінде  алғашқы еңбек жолымды бастап, кейіннен он бір жыл директор болсам, Айдос әріптесім Түркістан гуманитарлық- педагогикалық колледжін он жыл басқарды. Сондықтан да екеумізді байланыстыратын жағдай көп. Колледждер арасындағы рейтинг бойынша да алғашқы бестіктеміз. Біріміз техникалық, біріміз гуманитарлық  кәсіби бағытта  болғанмен, мақсатымыз бір. Елімізге біліммен жан- жақты қаруланған білікті, тәрбиелі маман даярлау. Олардың маман ретінде қалыптасуына барынша  мәдени- тұрмыстық жағдай жасау. Өйткені, тұрмыс көңілді болса, ісің де өнімді. Бұл менің  ұзақ жылғы басшылық қызмет бабында  ұстанып келе жатқан қағидаларымның бірі. Соңғы екі жарым жыл ішінде бес шеберхана, 12 аудитория, спорттық- гимнастикалық зал  іске қосылды.Оқу корпустарымыз бен  250 орындық  жатақхананың екі қабаты толықтай жөндеуден өтті. Оқу орнының сыртқы территориясына қоршау жасатып,  лицензияланған күзет агенттігінің қызметін пайдаланудамыз. Мұның бәрі күнделікті өмірге қажет дүниелер. Қала берді,  мемлекеттік талап, әлемдік тәжірибе. Айтайын дегенім, қандай жетістік болсын бейнетпен, ізденіспен келеді. Біздің бүгінгі таңдағы мақсатымыз да, ұлы тұлғалар салып кеткен соқпақты, сүрлеуді сәтті жалғастырып, зерделі ұрпақтың санасына сәуле түсіретін мамандар даярлау. Томағасын сыпырып, өмір айдынына ұшырған шәкірттеріміз дүние жүзінің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, көне шаһардың киелі ордасында алған білімдерімен жан- жағына шапағатын шашып жүр! Ұстазға бұдан артық бақыт бар ма?

Р.S. Ұстаздардың ұстазы, іскер басшы А. Ш. Асановпен сұхбатымызды аяқтай бергенде, телефон қоңырауы арқылы жеткен  сүйінші хабардың куәсі болдық. Ахан Шәкенұлының  Астана қаласында тұратын кіші ұлы Абат пен келіні Алтынай нәрестелі болыпты. Ырыс алды — қыз бала дүниеге келіпті!  Бұл жаңалықты «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деп сұхбат ала барған өзімізге телиміз бе әлде алыс-жақын шетелдерден, Қазақстанның түкпір- түкпірінен ат ерлетіп келе жатқан кілең оқымысты- ғалым, таутұлғалар, ұлағатты ұстаздардың құтты  жолы десек болар ма!? Қалай болғанда да, қарт колледждің мерейтойы қарсаңында Жанар ханым мен Ахан мырза Асановтар әулетінде несібелі сәби дүние есігін ашып, қуанышқа бөлеуде! Кім білсін, кіп- кішкентай ботақан педагогикалық колледжден қанат қаққан Асылы Усманова, Сайлаукүл Барахова сынды атақты апаларындай ел қамын ойлайтын биік тұлға болар!  Тек қызметте ғана емес, өз отбасында да өнегелі де қамқор әке, мейірімді ата Ахан Асанұлын алтыншы немересінің дүниеге келуімен шын жүректен құттықтап, бауы берік болсын дейміз туманың! Көбейтсінші сіздің үйдің думанын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *