Түркістан облысының Келес ауданына қарасты Алпамыс батыр ауылдық округінде жаңа бау-бақша жобасы қолға алынды. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бастама аясында 30 гектар аумаққа шабдалы, шие және жүзім көшеттері егілуде. Аталған жоба «Ұлы Дала–2017» ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы жүзеге асуда. Кооператив төрағасы – жергілікті кәсіпкер Нұржан Омаров. Жоспарға сәйкес, 30 гектар жердің 25 гектарына шабдалы, 3 гектарына шие, ал 2 гектарына элиталық жүзім отырғызу көзделген. Қазіргі таңда 2 гектар аумаққа шабдалы көшеттері егілген.

Сонымен қатар, шаруа өткен жылы Біртілек ауылдық округі аумағындағы 5 гектар жерге де шабдалы отырғызған. Қазіргі уақытта шаруашылық Түркиядан шабдалының төрт түрлі сұрпын және шие көшеттерін алдыртып жатыр. Ал жүзімнің элиталық көшеттері Қытайдан жеткізілуде. Жалпы 30 гектар аумақ толықтай тамшылатып суару жүйесімен қамтылады. Қазіргі таңда шаруашылықта электр қуатын қамтамасыз ету үшін трансформатор орнатылып, су жинақтайтын бассейн дайындалған. Жобаның жалпы құны – 131 миллион теңге. Бүгінде кооператив мемлекеттік қолдау шаралары аясында субсидия алуға өтінім берген. Жоба толық жүзеге асқанда ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
