ТҮРКІСТАН: ЖАРТЫ ҒАСЫР — ЖАРҚЫН ЖОЛ! — 3

 

— Есте қалған сондай бір айтыстарыңызды еске түсіріп өтіңізші?

— Бір мысал келтірейін. Бір жылы Айтақын Бұлғақовпен айтысқан кезде, Шымкенттің мектебінде балалар арасында қару қолданған атыс болып, ол ақпарат құралдарында жарияланып, іс қозғалып жатты. Айтақын:

«Шымкентті дәстүрге, салтына берік ел дейміз.

Кішкентай балалар тапа-тал түсте мектепте атысып жатыр» деп жанды жерден ұстай алды. Өтірік деп айта алмайсың. Факт бар. Іс қозғалып жатқан нәрсе. Соның алдында ғана Заманбек ағамыз қайғылы жұмбақ жағдайда қайтыс болып, ел күңіреніп жатқан. Сол есіме түсе қалды.

Жоғарыға қарап өсеміз ғой.

Сендер де аман-есен жүрсіңдер ғой,

Білдей бір Заманбектің басын алып, — деп уәж қайтаруға тура келді.

Шымкентте өткен тағы бір айтыста Айбек Қалиев: «Жетісайда Сабырхан Асановтың мектебі бар екен. Әйгілі ақын. Осы елдің перзенті. Шәмші бізден шыққан. Мұхтар бізден шыққан деп көкіректеріңді ұрасыңдар. Бірақ, соның мектебі құлайын деп тұр. Атымен мақтанып жүрсіңдер? Әкімге айтып жасатпайсың ба?» деп бас салды. Залда облыстың әкімі отыр. Оған да ұтымды уәж айту керек болды. Сол кезде Торғайдың, Арқалықтың қиын жағдайын білетінбіз. Алдымен «Сабырханды ел біледі. Ол біздің рухымызды құлатқан жоқ. Біз де оның мектебін құлатпаймыз» деп бір шумақпен қайырып алдым да:

«…Ақын айтып әкімдер істей берсе,

Айбек-ау өзің айтшы сен не істедің?

Торғайың да кезінде тоз-тоз болып,

Білеміз Торғайдан да ел көшкенін,

Мектеп түгіл микрорайондар құлап,

жерге кіріп кетпеп пе еді жерлестерің» — деп жауап бердім, аузыма құдай салған шығар. Айтыста осылай ар мен намыс безбен басына түсетін сыни сәттер көп. Ең бастысы, елдің абыройын қорғау.

 

— «Халқымның мүддесіне қайшы болса, Отқа жағу керек қой ондай заңды» деген осыдан біраз жыл бұрынғы өткір сөздеріңіз әлі ел жадында. Бүгінгі қабылданып жатқан жаңа заң жобасы жайлы қандай пікірдесіз?

— Бұл екі мыңыншы жылдардың маңайында айтылған сөз ғой. Мемлекеттік шенеуніктердің бәрі мемлекеттік тіл білсін деген кезде Парламентте Айталы ағаларымыздың көтерген мәселесі еді. Өкінішке орай, депутаттардың өзі қарсы шығып, ашу-ызамен айтылған шумақ қой. Жаңа Конституцияға байланысты өз пікірімді айттым. Ең бастысы, үнімізді қостық, дауыс бердік.

 

— Бекарыс Ақсақалұлы, тек айтыскер ақын ғана емес, еліміздің саяси-әлеуметтік өміріне тікелей араласып, үлес қосып жүрген облыстық мәслихат депутатысыз. Осы бағыттағы қызметіңіз туралы айтып өтсеңіз?

— Жалпы, облыстық мәслихат депутаты болғанмен, өзіміздің бекітілген аймағымыз бар. Мен Түркістан қаласынан сайланған депутат болғандықтан, осы елдегі әлеуметтік нысандардың салынуына, экономикалық өркендеуіне қатысты кез келген іс-шараға және соларды қаржылай қолдауға барынша күш саламыз. Депутаттық сауалдар жолдаймыз. Мысалы, былтыр ғана Түркістан қаласынан ашылған мәдениет үйінің салынуына ықпал еттік десем болады. 2021 жылы сайлаудың қарсаңында Түркістан қаласы мәдениет үйінсіз қалды. Мәдениет үйі Бірлік ауылындағы клубқа көшіп, сайлаушылармен кездесуге сол жерге бардық та, қиын жағдайларын көріп «Қалай да осы мәселені соңына жеткіземіз» деп уәде бердік. Мен ғана демей-ақ қояйын, сол кездегі облыстан сайланған депутаттардың бәрі күш салып, ұзатпай құрылысын бастауға қаржы бөлдірдік. «Қаржы жоқ» деп тұрған кезде 5-10 млн. теңге қаржы бөлдіріп, құрылысын бастауға сеп болдық. Себебі, бастаған нәрсені ары қарай бітіру керек, ізденуге болады. Басталмаған нәрсені сұрау қиын. Осылай жылма-жыл сұрап, қайта-қайта депутаттық сауал жолдаудың нәтижесінде қала тұрғындары әдемі мәдениет үйіне ие болды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар салуға, спорттық алаңдар, облыстағы жазғы балалар лагерьлерін ретке келтіруге хал-қадерімізше жұмыс жасадық. Соның нәтижесінде облыстағы жеті мемлекеттік мекеменің барлығына барлығына жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлдіріп, көбісі ретке келді.

 

— Бекарыс Ақсақалұлы, көрермен ретінде байқағанымыз, айтыс кезінде қарсыласының жеке басына қатысты кемшіліктер айтылып жатады. Ол жеңіске жетудің құйтырқы тәсілі ме, әлде көрерменді қызықтыру ма?

— Оның екеуі де бар. Біріншіден, тартымды, жұртқа сүйкімді айтыс жасау. Екіншіден, сүйкімді айтыс жасап, екеуі де сүйкімді болып кетіп жатса жақсы. Бірақ, олардың мақсаты қарсыласты жеңу ғой. Сөз сайысы оңай емес. Қалай да қарсыласты тұқыртып, ыңғайы келсе жеңіске жету. Бір қарасаңыз, айтыс ережесіз жекпе-жек сияқты. «Мынаны маған неге айтасың?» деп айта алмайсың. Орайын, әңгіменің ығытын тауып кетсе, ол кез келген нәрсені айтады. Жеке басыңнан бастап елдік нүктеге дейін ақынның басына аудара салады. Сол сияқты ол жерде айтыстың тартымдылығы да бар. Екіншіден, қарсыласты тұқыртып, жеңу — ақынның негізгі мақсатының бірі.

 

— Өткенге көз жүгіртсеңіз, өзіңіздің ширек ғасырдан бергі айтыстарыңыздың ішінен қай айтысыңызға «мына жерді басқаша айтуым керек еді» дер едіңіз?

— Бұйыртса, жақын арада «Айтыстар жинағымды» жарыққа шығармақпын. Оның ішінде барлық айтыстарым қамтылды деп айта алмаймын. Әлеуметтік желіде, бейнетаспаларда сақталғаны бар. Біршама дүние. Бұған дейін «Қазыналы Оңтүстік» атты кітапта жиырмадан астам айтысым жинақталып жарық көрген болатын. Әріптестерімнің жеке жинақтарына шыққан айтыстарым бар. Бірақ, тұңғыш кітабымды енді қолға алдым. Соны қарап отырып, бір емес, бірнеше жерде: «Шіркін- ай, мынаны былай пісіріп жіберсе болады екен-ау», «Мына жерге бір жол қосып жіберсе болады екен- ау» деп ойлаймын. Бірақ, сахнада ондай мүмкіндіктер жоқ қой. Пісіріп, қорытып отыратын. Сол кездегі шеберлік деңгейің қандай, айтыс солай шығады. Айтыстың эволюциясы деген сол. Айтысты табиғи қалып ретінде қабылдау керек.

— Бекарыс Ақсақалұлы, мәнді, мағыналы сұхбатыңызға рахмет! Наурыз мерекесі елімізге амандық әкелсін!

 

Роза НАРЫМБЕТОВА,

Дәурен ТІЛЕУХАН,

«Түркістан».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *