ТҮРКІСТАН: ТАҒЫЛЫМДЫ ТҰЛҒА 80 ЖАСТА!  

 

Адамның өмір жолы — уақытпен өлшенетін жылдар тізбегі ғана емес, елге сіңірген еңбегімен, қоғамға қосқан үлесімен бағаланатын үлкен рухани шежіре. Кейбір жандардың тыныс-тіршілігі тұтас бір өңірдің даму тарихымен астасып жатады. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Мусанали Сыздыков  дәл сондай тағылымды тұлғалардың бірі. Оның саналы ғұмыры Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық өрлеуімен тығыз байланысты. Өткен ғасырдың қилы кезеңдерін бастан өткерген тұлға еңбек пен жауапкершіліктің жарқын үлгісіне айналған азамат десек артық емес. Дәлікрек айтсақ, 1946 жылдың 27 ақпанында дүниеге келген Сыздыков Мусанали — тұтас бір дәуірдің куәсі, ел дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагері. Соғыстан кейін дүниеге келіп, заманның ауыр кезеңдерін көріп өскен ол 1962 жылы Түркістан қаласындағы «Ленин» атындағы орта мектепті тәмамдаған.

Жас талапкер  сол жылы Алматы қаласындағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің  «Экономика» факультетіне оқуға түседі. 1964 жылы факультет дербес бөлініп, Алматы
халық шаруашылығы институты болып қайта құрылған кезеңде білімін жалғастырып,  1967 жылы аталған оқу орнын «экономист» мамандығы бойынша сәтті аяқтаған.  Айта кетейік, Алматы қаласындағы жылдар Мусанали ағамыздың болашақ кәсіби жолының берік іргетасы қаланған кезең еді. Еңбек жолын Түркістан қаласындағы №22 (кейін №8) жылжымалы механикаландырылған колоннасында экономист болып бастаған ол аз уақыт ішінде іскерлігімен, нақты есеп пен тиімді жоспарлауды ұштастыра білетін қабілетімен ерекшеленді.
1968 жылы аға экономист, ал 1970-1999 жылдар аралығында мекеменің «экономика жоспарлау» бөлімінің басшысы қызметін абыроймен атқарды. Отыз жылға жуық уақыт бойы бір мекемеде табанды еңбек ету — азаматтың тұрақтылығы мен адалдығының айғағы. Қызмет барысында ол тек кабинет жұмысына ғана шектелмей, құрылыс нысандарын
аралап, өндірістік үдерістердің тиімді жүруіне тікелей атсалысты. Сондай-ақ, еңбек ұжымдарының белсенділігін арттыруға күш салды. Жастардан комсомол бригадаларын құрып, бәсекелестік рухын қалыптастырды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мекеменің бастауыш партия ұйымының
хатшысы болды. 1969 жылы Түркістан аудандық комсомол комитетіне бюро мүшесі және штаттан тыс хатшы болып сайланды. Осы кезден-ақ оның ұйымдастырушылық қабілеті мойындалып, аудан көлемінде жүргізілген ауқымды ирригациялық жұмыстарда да еңбегі ерекше бағаланды. Дәл осы жылдары ЖМК-8 ұжымы аудандық жарыстарда бірінші орынды иеленді. Мәселен, Арыс-Түркістан аймағында 40 мың гектар жер тексеріліп, игерілді. Төрткүл аймағында Жамбыл, Амангелді, Коммунизм және басқа да колхоздарға жер бөлініп, мақта егілді. Соның нәтижесінде Түркістан ауданы 40 мың тонна мақта жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бұдан бөлек, мекеме Кентау совхозында 8 млн. текше метрлік су қоймасын, Жамбыл колхозында 36 млн. текше метрлік Қосқорған су қоймасын, Куйбышев совхозында 8 млн. текше  метрлік су қоймасын салып, пайдалануға берді. Бұл нысандар өңірдің ауыл шаруашылығының дамуына зор серпін берді. Әрине, еңбектің еленгені кімге болса да қуаныш сыйлайды. Осыншама елеулі саладағы өлшеусіз еңбегі үшін кейіпкеріміз де Мәскеу қаласындағы КСРО халық бақылау комитетінің мақтау қағазымен марапатталды. Осылайша, ұзақ жылдар бойы табанды еңбегінен соң 2002-2010 жылдары Түркістан қаласындағы «Түркістан Су» МКК мекемесінде
бас маман-экономист қызметін атқарды. Сол кезеңде банкроттыққа ұшыраған
мекемені қайта қалыпқа келтіруге белсене атсалысып, қаржылық тәртіпті
жолға қоюға, қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге ықпал етті.
Тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында мекеме тұрақты жұмыс жүйесіне көше бастайды.

Сонымен, су шаруашылығы саласында 40 жылдан астам еңбек сіңіргені үшін
ағамыз 70 жас мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасының «Су шаруашылығының ардагері» төсбелгісімен марапатталса, 2024 жылы «Су саласына еңбек сіңірген қайраткер» атанып, төсбелгі тағады. Мұның бәрі сексен жасқа толып отырған ғибратты ғұмыр иесіінң  қажырлы еңбегіне берілген әділ баға деуге әбден болады.

Мусанали аға абыройлы азамат қана емес, өнегелі әке, ардақты ата. Жұбайы Сайера Ахмедовамен бірге үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде 24 немере, 24 шөбере сүйіп отырған бақытты ақсақал. Қазыналы қарт бүгінде ұрпағына адал еңбек етудің,  адамгершілік пен қарапайымдылықтың үлгісін көрсетіп келеді.

Ғибратты ғұмыр — тек атақпен емес, елге сіңірген еңбектің өлшемімен бағаланады. Біздің кейіпкеріміз де адал еңбегімен абырой биігіне көтерілген азамат.
Оның жүріп өткен жолы кейінгі буынға өнеге, жас мамандарға бағыт-бағдар деп айтсақ қателеспеген болар едік. Сонымен бірге, мерейтой иесінің өмір белесі тұтас бір дәуірдің еңбек шежіресінен сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады.

Құрметті Мусанали аға, елге сіңірген еңбегіңіз әрдайым құрметке лайық! Бүгінгі 80 жас мерейтойыңызда сізге зор денсаулық, ұрпақ қуанышына бөленген ұзақ ғұмыр тілейміз!

Дәурен ТІЛЕУХАН.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *