ТҮРКІСТАН: СЫН САҒАТТА СЫНБАҒАН ЖҮРЕК

 

Болғанды жеткізу оңай-ау. Көзбен көргенді де қаз қалпында жайып салу да оншалықты қиын емес сияқты. Өткен мен кеткенді баяндап тастау соншалықты жүк түсіре қоймайтын секілді. Ал баз біреудің жан дүниесіне терең үңіліп, оның болмысы жайлы айту қиын екен. Біршама уақыт әріптес болып, бір есіктен кіріп-шығып жүргеннің, оның қыр-сырын бір кісідей білемін дегеннің өзінде ол жайлы ойларды қағазға түсіру оңай шаруа болмады. Әсіресе жан дүниесі бай, ел алдындағы әйел заты туралы әңгіме айта қою қиынға түсті. Десе де ойды жинақтап, жазбасқа болмайтын жан туралы қағаз бетінде қалам тербедік. Естелік қой.

Айткүл қала әкімі аппаратына бас маман ретінде 2004 жылы қызметке келді. Бәріміз ол кісіні қалалық сәулет (архитектура) жобалау бөлімінде жұмыс істеп жүргеннен танитынбыз. Облыстық сәулет бюросында қызмет еткенінен де хабардармыз. Жас та болса жақсы, білікті маман, өз ортасына танымал болып үлгерген сәулетші-инженер екендігіне қанықпыз. Сырттай «әттең, ер азамат болып жаратылғанда өз саласының нағыз тарланы болып шығар еді» дейтінбіз.

Қала әкімі аппараты деген де осал жер емес. Бүкіл қаланың тыныс-тіршілігіне жауапты, шаһардың «ауа райын» қалыптастыратын, үйлестіретін құрылым. Әсіресе жаңашылдықты, ел-жұртпен асқан шеберлікпен тіл табысуды қажет ететін, үнемі саналуандылықты керексінетін мемлекеттік орган. Айткүл таңдаған мамандықпен ұқсас жері көп десе де болады.

А.Қоңырова аз уақытында жаңа ортаға тек сіңісіп кете қоймады. Өзінің нағыз маман екендігін көрсетіп үлгерді. Тіпті қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеуде, әсіресе әйелдер мен отбасының тіршілігін үйлестіретін комиссия мен кеңестердің тиімділігін арттыра түсті. Сол шамалы мезгілдің өзінде хатшы болып сайланып үлгерді.

Өткеннің бәрі өзіне тарих. Ойлап қараса соның өзіне ширек ғасыр болып қалыпты. Осы жылдары есейді, өсті. Мемлекеттік марапаттарға да ие болды. Бөлім басшысы ретінде, тәжірибелі маман ретінде шәкіртті тәрбиеледі. Бүгінде мейірімді, аяулы болумен бірге немерелерінің сүйікті әжесі. Өткенге көз жүгіртіп іліп аларлығын, өнеге етерлігін айтып отыратын шуақты қария болуға іштей бекініп отыр, бірақ жүрексінеді. Өйткені үлкендердің ізін басу оңай шаруа емес. Ол жерге салмақты, сарқылмас жүкпен бару керек. Ол жерде де талай дүниені үйрену қажет. Бұл Айткүлдің шындығы. Осыны ойлаған Орынбетқызы өткеніне көз жүгіртуді, еске алуды бұрынғыдан да жиілетті.

Ол кезде бүгінгідей көздің жауын алатын қызыл-жасыл ойыншықтар болған емес. Қыздар қамыстан қуыршақ жасайтын. Шешелерінен зорға сұрап алған ескі матадан ісмерден артылған бір жапырақ кездеме қиындысынан «бөпенің» әжептеуір бұйымын құрап алатын. Ал ер балалар болса июге келетін кез келген сымнан машина жасаудың шеберлері еді. Сүйрей жөнелетін, итеретін, дөңгелектердің неше түрін ойлап тауып жүретін.

Ағайындары үлкен шаһарда тұратын құрбыларының ата-аналары қағаз ойыншық әкеледі. Ескісі болса да, әбден тозығы жетіп мүжілген, жыртылғаны болса да ол ауыл баласы үшін үлкен олжа. Бала біткен сол ойыншықты бір ұстап құмарларын қондырғанша әлгі үйден шықпайтын.

Айткүл неге екені белгісіз ондай «қызыққа» көп қосыла бермейтін. Басты ермегі құм мен саз, қара топырақ. Құмнан үйіп, балшықтан мыжып небір формаларды жасайтын. Қаладан көрген көп қабатты үйлердің, сарайлардың шағын нұсқаларын жасап отыратын. Әсіресе Айша бибі кесенесінің, сәулет құрылыстарының кішкентай көшірмесін жасауға құмартатын.

Қыс мезгілінде үйде отырып шырпының талдарынан, сыртқы қорабынан небір нысанды жасағанда үлкендердің өзі таң қалатын. Жасы үлкендер, әке-шешесі тек оған ғана емес қыздарының өзгеше ермегіне таңданыспен қарайтын. Мектеп қабырғасында кішкене кезіндегі «хоббиі» көп көмектесті. Әсіресе математика, геометрия, сурет пен сызу пәндерін оқып үйренудің жәрдемі көп болды.

Ойды ой жалғап жатады. Жаңалыққа, толғанысқа толы арман Айткүлді аймақ орталығына жетеледі. Кезінде атақ-даңқы одаққа белгілі, белді Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтының табалдырығын аттап, қыз баласы бара бермейтін құрылыс инженері мамандығын таңдайды. Еңбекпен есейген, соның арқасында республикаға танымал болған Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері – ата-анасы тағы да таңдана қарады. Бірақ адал еңбектің қадір-қасиетін түсінетін олар іштерінде сақтап қалды. Алдындағы төрт бірдей әпкесі Айткүлдің бір беткейлігін, айтқанынан қайтпайтын мінезін, өжеттілігін білгесін үндемей бас шұлғыды. Бірнеше жыл бойына қарапайым жер үйден көк тіреген ғимараттардың салыну тарихына үңілді. Құрылыс саласындағы әлем жауһарларының қыр-сырына қанықты. Оның сызбаларын көзбен көріп қорытынды сабақтарда өз ойын, жобасын қосып ұстаздар көзіне түсті. Сәулет өнеріндегі ғылыми еңбектерді ақтара жүріп олардың жасаған өшпес дүниелерін, мұраларын қағазға түсірді. Ғылыми жобаларды жасауда сол озық дүниелерді кеңінен пайдаланды. Осындай білім сайысының бірінде Әмірбекпен танысты. Бірақ қандай жағдайда ұшырасқандары толық есімде қалмапты. Отбасын құрғаннан кейін де осы бір сәтті Әмірбектен сұрауға бірнеше мәрте оқталдым, бірақ сұрау мүмкіндігі тумады.

Жай ұшырасулар шын ғашықтардың басынан өтетін ғажайып сезімге ұласып кете барды. Неге екені белгісіз Айткүлдің Әмірбекпен бұл кездесулеріне қасындағы құрбылары, достары қарсы болды. Әке-шешесіне айтып көріп еді, ол кісілер жылы қабылдай қоймады. Бірақ неге екенін ашып айтпады. Тек әкесі: «Осы ауылдан да табылар еді ғой» деп күңк етті де қойды. Әпкелері мен жезделері бұл жолы да қалыс қалды. Алайда екі жастың шынайы сезімі Айткүлдің Түркістанға келін болып түсуімен аяқталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *