Әмірбектің әке-шешесі, яғни ата-енесі таза қазақы тәрбиені ұстанған, түсініктері мол, сөздері келелі жандар еді. Салт-дәстүрге қатып, ырымдар мен тыйымдарды термелемейтін, қайта сол әдет-ғұрыптарды жанама қабылдаған отбасы болып шықты.
Ата-енесінің жас келінді өз қыздарындай бауырларына тартқаны әлі күнге дейін есінде. «Қарағым», «Шырағым» деп еркелетіп отыратындары да көз алдында. Қамыққанда «қызым» деген сөздері құлағында қалып қойыпты.
Баламен отырғанда Әмірбек іс-сапарға жиі шығатын. Ондайда енесі көп дем берді. Келінімен бірге ұйқысын төрт бөліп нәрестенің бабын тауып, жұбатқан кездері аз болмады. Олар барлық жағынан қазына еді ғой.
Қалаға мәртебелі қонақтар келер кезде немесе елеулі бір халықтық шараларды өткізерде қол тимейтін. Кейде түнгі мезгілге дейін жұмыс істеуге тура келетін. Ондай да қос қария демеу болды. Енесі байғұс түннің бір уағына дейін кешкі тамағын ысытып қарап отыратын.
…Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 60 жыл толған кез. Президент те, үкімет те осы айтулы датаны жоғары деңгейде атап өтуге пәрмен берген. Оған дайындық жыл басталысымен қыза түсті. Қала әкімі Мұхит Әлидің өзі бас болып «Жеңіс» тобын құрды. Наурыз айында құрамында журналист, аталары Еуропада жерленген Ұлы Отан соғысы жеңімпаздарының немерелері, дін өкілі бар ТМД аумағына аттанды. Ардагерлер жайлы тың деректерді жинақтауды, Жеңіс тарихын қайта жаңғыртуды мақсат еткен топ туралы қазақ басылымдары жарыса жазып, арналар көрсетіп жатты. Сонау 1945 жылы жеңіс шеруі өткен қызыл алаңда Қазақстанның көк байрағын желбіретіп өткен «Жеңіс туы» Украина, Беларус топырағына сапарлады. Ал олардың олжалы қайтуы, жеңіс мерекесінің өтуі жоғары деңгейде болды. Әрине оны үйлестіру, ұйымдастыру тек еңбекті ғана емес, уақытты да қажет етті. Аталмыш шараның өтуіне жауаптылардың бірі болған Айткүлге үй шаруасын уақытша ысырып қоюына тура келді. Бұл жолы да ата-енесі мен Әмірбектің көмегі көп тиді. Одан кейінгі осы іспеттес шараларды өткізуде де қасынан табылды. Жас балаң бар, соған қарасайшы деудің орнына қолдау көрсетіп отырды. Кей жерлерінде ақылдарын да қосып жүрді.
Өмірдің заңы қатал, оны түзей де, күзей де алмайсың. Қариялар қажылыққа барғаннан кейін мәңгілік мекендеріне аттанды. Орындары үңірейіп қалды. Еркелеп, шалқып жүргендері сол кісілердің арқасы екен. Немерелеріне ауыр тиді. Олар ата-әжені қатты іздеді. Бірақ амал қанша?…
Жұмыс қыза түсті. Қоғам күннен-күнге жаңарып жатты. Түркістан түркі дүниесінің ортақ қаласына айналды. Халықаралық деңгейдегі іс-шаралар бірінің соңынан бірі өтіп жатты. Әлемде түркі жұртының басшылары, дінбасылары бас қосатын, мәміле жасайтын орда танылды. Ал оны өткізу, үйлестіру қала әкімдігінің басшылығында болатыны айтпаса да түсінікті. Қаланың 1500 жылдық мерекесінен бастап барлық мәдени-спорттық шаралардың бел ортасында жүрген Айткүл үшін бұндай басқосулар ішінде болу, ол жердегі өз міндетін атқару үйреншікті тіршілікке айналды. Сондықтан болса керек кейбір аса жауаптылықты керек ететін бөлімдер А.Қоңыроваға тапсырылып отырды.
Алпысқа таяған шағында жаратқанның сынағына және түсті. Сұқ көзден, жат көзден келген бәлекеттен бе жары, өмірлік серігі Әмірбекті сұм ажал алып кетті. Абдырап қалды. Аспан айналып жерге түскендей болды. Қара басын тасқа да, жарға да ұрды. Оған тіріліп келген Әмірбек болмады. Күні кеше аталарын шақырған қыздарына үлкен соққы болды. Бұл жолы да марқұм атасы о дүниеде жатса да сөзін айтты. Күнде түсіне кіріп «қарағым, сабыр ет, сабыр ет…» деумен болды. Сол иманды, аталы сөз орнынан қайта тұрғызды. Тойымсыз қара жерді қанша сабағанымен ештеңе шықпасын түсінді.
Жабырқағанда, сары уайымға салынғанда ағайын-туыстың, бауырдың көп болғаны дұрыс екен. Қайғыны бөлісіп, әрқайсысы жылы сөзін айтқанда өмірдің саңылауы қайта ашылғандай болады екен. Жездесі Базартай балдызына көңіл айтып тұрып «Сен Әмірбек бажама ренжіме. Ол сенің бір өзіңді әкеліп, бір қауым ел ғып қалдырды. Соған шүкіршілік деуің керек» дегенде тағы да сілкінді. Әмірбектің ол жақтан келмесін білсе де ренжігені рас.
Міне, қас пен көздің арасындағы осы уақыттардың бәрін есептесе өзі зейнеткерлік жасқа жетіп қалыпты. Ойша есептеп көрді. Қайта-қайта санады. Бір кезде жаңылысыпты. Абыздардың «Өткінші дүние-ай!», «Жалған өмір-ай!» деген сөздер еске түсіп, санағанын қоя салды. Бірақ мынау жарық дүниедегі іздері көз алдына келді. Өмір деген бұраң жолдың көлеңкелі, сәтті, сәтсіз тұстары, қуаныш пен жұмбаққа толы шақтары көлбеңдеп шыға берді. Соған шүкір деді. Біреудің ала жібін аттамапты, баз біреуге, ағайынға қиянат жасамапты, азар көрсетпепті. Соған өзіне рахмет деді.
Иә, Айткүл ханым бүгінде өз биігінде отыр. Самайындағы бірер тал ақ шаш өзіне жарасып-ақ тұр. Онымен қоймай өз қалпын сақтаған ана екендігінен хабарлап тұрғандай. Үйретерім мен үйренерім көп, әлі де айтарым бар деп те тұрғандай. Немерелері алғашқыда «әже» дегенде тосырқай қараған Айекең бүгін де сол сөзді есту үшін қара домалақтарға асығатын болған. Сөзге тарта қалсаңыз кішкентайлар жайлы рахаттана, шаттана отырып әңгіме дүкен құрады. Бірақ қызметіне, еңбегіне деген адалдығын бір сәтке түсірген емес. Айткүл мемлекеттік қызмет ету абырой ғана емес, санамен азаматтық парызы екендігін жете түсінген жан.
О.ЖҰМАБЕКҰЛЫ.
