ТҮРКІСТАН: ЕР ЕСІМІ — ЕЛ ЕСІНДЕ

 

— Пенденің бірде басы, бірде балтыры сыздап ауырады. Сол кезде ем шипа іздеп дәрігерге жүгінеді. Ертеректе Ұлы Отан соғысы кезінде елімді-жерімді отанымды қорғаймын деп жау шебіне шабуылға шықтық. Айбайсызда қара жер қойнына көмілген мина жарылып, осколкасы жамбасыма тиіп қадалып қалды, -деп басталды әкелі-балалы Өскенбай мен Сайлаубек арасындағы ұзын-сонар шынайы сырласу. — Не істеу керек?! Отан үшін отқа түс, күймейсің. Взвод командирі көмекке келіп госпитальға жеткізді. Сол кезде есіме қазақтың қайсар адуын мінезді батыр ұлы Бауыржан Момышұлының мына бір сөзі есіме түсті. Дәрігерге қарап: Еміңді тездет, күтетін уақыт жоқ. Жарақаттағы оқты ал. Оқты алмасаң атып тастаймын. Міне, сол Бауыржанның қаракөз бауырларының бірімін ғой. Жарақаттағы оқты Люда Игнатьевна Петровна деген емші дәрігер алды. Сол бір игі ниетті ибалы жанға шексіз алғыс ризашылығымды айтамын. Алла разылығына бөленсін. Люда дәрігердің емі болмаса мүмкін о дүниелік болам ба, кім білсін?! Дәрігердің шапағаты, шарапаты осында.

— Сайлаубек балам, мені тыңдап түсіндің бе?!

— Иә, айналайын жан әке, тұла бойым елжіреп, сүйсініп тыңдадым.

— Тыңдағаныңа рахмет. Әрі қарай тыңда.

— Сен ер жетіп азамат болып келесің. Күні ертең мектепті бітіресің. Өмір деген жолда өз несібеңді тауып жейтін маман болуың керек. Өмірде, қоғамда адам және оның өмірі қымбат. Олай болса күні бүгіннен бастап адам тағдыры үшін күрескер, ақ халатты, ақ ниетті абзал жандар дәрігер болуыңды, сол мамандықты таңдауыңды қалаймын.

Сайлаубек әке ақылына, әкенің ой талғам тебіренісіне таңданып сүйсіне тыңдады.

— Иә, дәрігер болу үлкен абыройлы жауапкершілік міндетті жүктейді. Шалыс басып шатасып жаңылсаң мәселе қиынға әкеп соғады. Ердің «нар тәуекел» деп жүгінсе көтермес жүгі қалмайды.

— Әке, үмітсіз шайтан деген. Мен адаммын, азаматпын, ер жеттім. Ойлаған ойыңызды, ниет-тілеуіңізді ақтап, қалайда дәрігер боламын — деп «Қосмезгіл» елді мекеніндегі «Қызыл-әскер» орта мектебін күміс медальмен бітіріп, Алматы қаласындағы М.Асфендияров атындағы қазақ мемлекеттік медициналық институтына алғашқы емтиханды үздік тапсырып, дәрігерлік жолға қадам басты. Бұл 1968 жылдың жадыраған жанға қуаныш сыйлаған жазы болатын.

Міне, содан жеті жыл бойы осы институттың қабырғасында білім бұлағымен сусындап, жас балалар бөлімінің кеспе дәрігері мамандығын меңгерді. Ол кезде институт бітірген мамандарды арнайы жолдамамен қажет еткен қалаға қызметке жолдайтын. 1975 жылы алтын дәнді қазыналы Қостанай өңірінің Рудный қаласына қызметке келді. Қызметтің аты қызмет. Жеті жыл оқыған Сайлаубек Өскенбайұлы ел-халық үшін емшілік дәрігер қызметін бастады. Бірде еңбек демалысына келген Сайлаубек әкесі Өскенбай екеуі өзара өмірден өткен-кеткен оқиғалар жөнінде ой бөлісті.

— Балам, бас екеу болмай, мал төртеу болмайды. Құдайдың мұндай ризық-несібесіне мың қайтара шүкір. Енді үйленудің қамын ойла. Ағаң Аманкелді сияқты некелі қалыңдығыңды алыстан іздеме. Қойымыз қоралас, қонысымыз іргелес, өскен-өнген ибалы, инабатты елдің қызына үйлен. Төскейде төсіміз, төсекте басымыз қосылатын, алыстан арбаламай, жақыннан дорбалайтын, сыйлас-сырлас жандармен құда-жекжат болайық. Бәрі үнсіз қалды. Үнсіздік әке толғанысын мойындаудың, шешілер түйіннің белгісі болатын. Әңгіме сарынынан ой түйген Сайлаубектің қарындасы Қанымкүлдің жүрегіне тәтті сезім ұялады. Ол өзімен бірге оқыған Гүлқасыл есімді қыздың жайнай түскен жылы жүзі, мейірімді шуақ жәудіреген қара көзі, әдепті-өнегелі ибалы, инабатты мінезі көз алдына елестетті. «Осы қызды ағама жар етіп таңда десем не дер еді» деп ой толғағымен толғанды. Ой өресін ағасына жеткізді. Жоғары білімді салауатты, салиқалы ұстамды ұстаз. Әкем айтқандай өскен-өнген жердің аяулы перзенті.

— Бұған, не дейсіз аға?

— Қызды кім айтпайды, қымызды кім ішпейді демекші, құрбың Гүлқасылдың ұйғарым таңдауы болса, мен әкем айтқан ұлағат кеңесін мақұлдаймын.

Қарындасы бұл өзекжарды шынай сезімді жастайынан қол ұстасып, бірге ойнақтап бірге өскен Гүлқасылға мәлімдеді.

— Қанымкүл, өзің бір тентек, ерке қыз екенсің. Күні бүгінге дейін «аға» деп ардақтап жүрген ағамды қалай жар деп таңдаймын.

— «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген. Бүгін аға болса, ертең жар болады. Ол тамаша, ғажап махаббат емес пе?! Ой, махаббат, махаббат… «ғашық тілі — тілсіз тіл, көзбен көр де іштен біл».

Сонымен Қосмезгілдің қос қарлығашын үнсіз тілсіздіктен кейін арман құшағында керегесі кең, босағасы берік шаңырақ табыстырды.

Сайлаубек Гүлқасылдың үйлену тойы есте қаларлықтай думанды өтті. Тойдан кейін екі жас қол ұстасып, қолтықтасып жаңа өмірдің есігін ашты. Жұмыс бабымен қалаға келді. Әке қашан да бала-шаға үшін батагөй ақ тілекте. Жұбайы Әлиманы шақырып:

— Балам Сайлаубек маған тартса басшы болады, саған тартса қосшы болады. Жаратқан тәңір жар болсын, қайда жүрсе аман-сау болып өсіп-өнсін, -деп перзентерін бөлек шығырып салды.

Бірі аудандық емханаға оташы педиатор дәрігер болып, бірі Сәкен Сейфулин мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып жайғасты. Думанды, қызықты, шаттық өмір жалғасты. Өмірге жас сәбилер келеді. Есенғали, Бағила, Жазира, Динара, Мәдина атты ұл-қыздары есейіп ер жетті. Әке-анадан бала тумай ма, ата-ана жолын қумайма демекші, ұл-қыздарының бәрі түгел жоғары білімді мамандар. Ұлы Есенғали мен Нұргүл келіні Алматыдағы Қаныш Сәтбаев университетінде ұлағатты ұстаз, білікті маман, өз саласының үздігі, професорлар. Шаңырықтарында төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіруде. Ұлдары Даниал АҚШ-тың Техас штатында North American University университетінде IT мамандығы бойынша 3-курс студенті, Мустафасы ақпаратық технология саласы бойыныша білім алуда. София, Ахмет Иманғалилары мектеп қабырғасында. Үлкен қызы Бағила да әке жолын қуып дәреметті дәрігер кордиолог. Мәдина, Жазирасы да жоғары білімді мамандар, бірі — кәсіпкер бірі — қаржыгер. Бұл қыздарынан 9 жиені бар. Динара үй шаруасындағы ана.

Адам қашан да еңбегімен құрметті. Сайлаубек ел халық үшін қызметі үшін 2003 жылы «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталса, жұбайы Гүлқасыл қазақты тұңғыш мұғалімі Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен марапатталды.

— Өмірі өрелі өнегелі жандар өсіп өнеді» дейді ақ тілекті, ақжаулықты ана Гүлқасыл ана. — Құдайға шүкір. Бұл өмірге адамдар бір-біріне қонақ. Бірі дүниеге келіп, бірі дүниеден озып жатады. Құдай қосқан қосағым Сайлаубек марқұм перзенттерінің қызығын көре алмай, елді жайлаған көк ала індеттен ертеректе озып кетті. Әттең, өкініш өзегіңді өртейді. Тірі болса жетпіс бес жасын атап өтер едік. Өлі құранға тоймайды дейді. Мерейлі жасын ағайын-туыс бауыр болып құранмен атап өттік. 2010 жылы Сайлаубекті Қазақстан медициналық ассамблеясы еске алып, «Алтын дәрігер» марапатымен марапаттады.

Иә, ер есімі — ел есінде деген осы болар. Дәреметті дәрігер Сайлаубекке жатқан жері жайлы, ауыр топырағың жеңіл, қараңғы көрің жарық, иманың өзіңе серік болып, жаның жәннатта болып, ақірет күнінде иманың өзіңе серік болсын деген жүрек жарды тілегімізді айтамыз.

Мәдібек ТІЛЕУБАЙҰЛЫ,

зейнеткер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *