2024 жылдың 29-маусымдағы Үкімет қаулысымен 23 сәуір — «Ұлттық кітап күні» болып бекітілгені баршаға аян. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасымен қолға алынған бұл мерекеде «Кітапханашылар күні» де бірге аталып өтеді. Бұл — жас ұрпақ бойында білімге деген құштарлық пен сүйіспеншілікті арттыруға, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған құнды қадам. Кітапқұмар ұлт тәрбиелеуді мақсат тұтатын, қашан да осындай ізгілікті істің басынан табылатын облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында «Артық білім кітапта» атты апталық өз жұмысын бастады.
Биылғы жылдың 16-23 сәуірі аралығында өтетін апталықтың ашылу салтанаты Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасымен бірлесе өткізіліп, іс-шараға ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, зиялы қауым мен кітапсүйер оқырман, студенттер мен оқушылар қатысты. Жұртшылық назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, қойылым қойылды. Сахна төрінде Ы.Алтынсарин бейнесі сомдалып, «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі оқылды. 30 оқушыдан құралған топтың Абай Құнанбайұлының «Әсемпаз болма әрнеге» туындысын орындауының өзінде кітап пен кішкентай оқырмандар арасындағы сабақтастық байланыстың нығая түскенін байыптайсыз. «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы мен Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының жастары бірлесіп, ұлт зиялылары мен көрнекті тұлғалардың кітап пен білімге қатысты қанатты сөздері негізінде оқырман қауымға біртұтас әдеби композиция ұсынды.
Апталықтың ресми ашылу салтанаты үйірме мен секцияларға бөлінген іс-шараларға ұласты. Атап айтқанда, «Саз өрнегі» атты құмыра жасау шеберлік класы, шахмат турнирі, «Қалам үні» аясында журналистер мен ақындар кездесуі, балалар бөлімінде облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Ой-старт» атты балаларға арналған ойындар, Мархабат Байғұт залында «Жан zone» форматында ақын Асылзат Арыстанбекқызымен кездесу, ғылыми зерттеу бөлімінде «Өнер импульсі» тақырыбында арқалы ақындар Айдар Сейдәзім мен Сайлаухан Жолановпен шығармашылық кездесу кештері өтті. Бұл күн рухани құндылықтарды дәріптеген, кітаптың адам өмірінен алар орнын тағы бір рет айқындаған мазмұнды күн болды.
Алдағы уақытта апталықтың әрбір күні белгілі бір атаумен тақырыптық кештер арқылы айшықталатын болады. Мәселен, бүгін «Айтыстың алтын айда-ры» атты ақын Бекарыс Шойбековпен «Тұлғатану» кешімен өрнектелсе, 18 сәуірде «Weekend. Book. Vibes» аясында «Kinotime» жобасы бойынша «Көшпенділер» фильмінің көрсетілімі, 19 сәуірде «Weekend. Book. Vibes» ая-сында ашық аспан астында «Жеңіс» сая-бағында кітап оқу шарасы, 20 сәуірде «Түнгі кітапхана» форматында ақын Асылзат Арыстанбек пен композитор Жанар Болатбекованың қатысуымен поэзиялық кеш, 21 сәуірде «Кітап. Тарих. Шежіре» және «Кітапқа екінші өмір сыйла» аясында шеберлік сағаты, 22 сәуірде «Кітап — достық амбасса-доры» тақырыбында Әзірбайжан Рес-публикасының М.Ф.Ахундов атындағы Ұлттық кітапханасы және Түркия Рес-публикасының Ұлттық кітапханасының қатысуымен Zoom платформасы арқылы телекөпір ұйымдастырылса, 23 сәуірде «Ұлттық кітап күні» мерекесіне арнал-ған салтанатты жиынмен қорытындыла-нады. Соңғы екі іс-шара Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасымен бірлесе отырып өткізілетін болады.
Аталған іс-шаралар барысында «Үздік кітапқұмар — 2026», «Үздік оқырман — 2026», «Менің сүйікті кітабым», «Отбасылық оқудың қуанышы», «Оқырман отбасы», «Ең көп оқитын отбасы» сынды номинациялар мен бағыттар бойынша белсенді оқырмандар мен оқырман отбасылар марапатталады.
Бұл күнгі мерекеде кітапханашылар күніне орай сала қызметкерлеріне де лайықты құрмет көрсетілетін болады. Білімнің алтын кеніші — кітапты дәріптеуге арналған екі кітапхананың әріптестігі аясында өткен іс-шаралар осылай түйінделмек.
Роза НАРЫМБЕТОВА.
