Наурыздың 22-сі күні «Достық үйінде» қазақ даласының әзиз өнерінің иелері — айтыс ақындары дөңгелек үстел басында бас қосып, «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» атты айтыстар жинағының тұсауын кесті. Бір күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қасиетті топыраққа табан тіресе, осы күні Жүрсін Ерман бастаған еліміздің түкпір-түкпірінен ақындар жиналды. Әуелі дөңгелек үстел басында биыл ердің жасы елуге қадам басып отырған Бекарыс Ақсақалұлының айтыс өнеріндегі еңбегі, ерлігі жөнінде естеліктер мен жылы лебіздер айтылып, «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» атты төрт томдық айтыстар жинағының тұсауы кесілді. Жиынды жүргізген айтыскер ақын, үш дүркін алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов алғашқы сөздің кезегін ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманға сөз берді.
«Бекарыс айтысқа келгелі бері бүгінге дейін көз алдымда өсіп келеді.. Алпамыс құсап қатты өсіп келе жатыр. Бекарысты біресе «айтыстың киллері», біресе «арыстаны» дейміз. Солардың бәріне лайық бұл. Бекарыс өзінің айту стилі бар, ойлау ерекшелігі бар жан баласына ұқсамайтын дара тұлға. Мойындамасақ та, мойындасақ та осылай айтуға тура келеді. Біреуді кемсітуді, мұқатуды білмейді. Қақпайлап отырып, өзінің қақпанына түсіріп, көздеген жеріне жететін бөлек стилі бар ақын» деп Бекарыс Шойбековтің айтыстағы жолынан сыр шерткен Ж.Ерман мерейтоймен құттықтап, тұсауы кесілгелі тұрған жинақтың елге берер құнды мұрасына тоқталды.
Сонымен бірге, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Аманжол Әлтаев сөз алып: «Бекарыс бармақтай кезінен қазақтың айтыс деген өнеріне белін бекем буып кіріп, содан табан аудармай отыз жылдан аса аттан түспей бүгінгі күнде қазақ айбарына, айтыстың бағына айналған жаратқанның өнерді бойына үйіп-төгіп берген ордалы бауырымыз. Бекарыс отыз жыл ішіндегі сахнадағы серіктесім, үзеңгілес досым. Сонау 90 жылдардың басынан күні бүгінге дейін Бекарыс толғамаған және оның назарынан тыс қалған тақырып жоқ. «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» деп Жүрсін аға жиі айтушы еді. Сол айтқандай қоғамның әр кезеңдегі беталысын, тынысын аңғарып, халық ақын айтса деген сүбелі сөзді, ордалы ойдың барлығын Бекарыс ініміз қай кезеңде де елдің көңілі мен қалауынан шығып, айта білгендігі ақиқат. Айтыста бағың жанып, өзіңді мойындата білу бір төбе де. Ал енді атамұра айтыста өзіндік мектеп қалыптастыру деген екі ақынның бірінің маңдайына жазылмаған бақ. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ айтыс өнерінде өз өрнегін қалыптастырған санаулы-ақ ақындарымыз бар. Ол – Маңғыстаудағы Мэлс Қосымбаев құрдасым. Ортамызда отырған Бауыржан мен Дәулеткерейден бастап, батыстың байтақ жері мен қазақ даласының әр төрінен шыққан азаматтар Мэлс қалыптастырған мектептен түлеген. Ал Түркістанның төрінен шығып, үлкен дәстүрлі қазақ айтысында Бекарыстың мектебі дейтіндей мектеп қалыптастырған ақын ол – ортамыздағы бүгінгі мерейтой иесі» деген ыстық лебізін жеткізді.
Ақын, сазгер, журналист Бекжан Әшірбаев: «Бекарыс бауырымның елу жылдық мерейтойы құтты болсын. Бекарыспен мен 1989 жылы Көпбай Омаровтың 60 жылдығында айтысқан екенмін. Бекарыс жетінші сыныпқа, мен оныншы сыныпқа өткенмін. Менің айтыстағы ең алғашқы қарсыласым. Абай десе Қасқабұлағын еске аламыз да, Мұқағали десе Қарасазды еске аламыз. Осы сәтте Түркістан десе Бекарысты еске аламыз. Бекарыстың елу жылдығына Қазақстанның түкпір-түкпірінен ақын-жазушылар келіп жатыр. Тұсауы кесілгелі тұрған төрт томдық кітап әдебиетке келген, фальклорды зерттеп жүрген қаншама буын бар ғой, солардың барлығына таптырмас еңбек. Руханиятта қатталып қалған дүние ертең үлкен зерттеушілердің қорына айналады. Осы қуаныш құтты болсын!» деп ақжарма тілегін жеткізді.
Сонымен, Наурыздың 21-22 күндері Түркістанда ел тарихында елеулі орны бар басқосулар өтті десек артық айтпаған болар едік. Мәселен, 21 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қасиетті топыраққа табан тіресе, Ұлыс күні Жүрсін Ерман бастаған еліміздің түкпір-түкпірінен ақындар жиналды. «Достық үйіндегі» алқалы жиыннан соң осы жылы жетпіс бес жасқа аяқ басқан Жүрсін Ерман және елу бес жасқа толған Аманжол Әлтай сынды айтыс өнерінің нарқасқалары, біртуар ақындарға Түркістан жұртшылығы атынан ел азаматтары арғымақ ат мінгізіп, иықтарына шапан жапты. Айтыстар жинағының тұсауы кесіліп жатқан сәтте танымал ақын Мақсат Аханов: «Бекарыстан таяқ жеген ақындар бұл кітапты оқуға ұялатын шығар» деп көпшілікке күлкі сыйласа, Бекарыс ағамыз: «Осы кітаптың бір пайдасы — өзімнің айтысымды оқып алдым» деп езуге күлкі үйірді.
Қасиетті өнерге қадам басқан күннен бергі айтыстарын жинап, қазақ өнеріндегі отты жырларды топтастырған төрт томдық кітаптың әлі де жалғасы шығуы мүмкін. Себебі, Бекарыс Ақсақалұлының айтуына қарағанда айтыстағы жүз жекпе-жек қана енген жинаққа. Алда тағы бір кітапқа азық болар дүниенің жиналып қалғанын естідік.
Біртуар ақын кітабының тұсаукесер кеші Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында халқымыздың төл өнерін ұлықтаған, рухани кеңістікті жырмен тербеген тамаша айтысқа ұласты. Айтулы айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің 50 жас мерейтойына орай, Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз қарсаңында ұйымдастырылған «Алаштың Бекарысы – айтыстың Бейбарысы» атты республикалық ақындар айтысы ел жадында қалар ерекше рухани мерекеге айналғаны анық. Сахна төрі сол күні сұлу сөз салтанат құрған еңселі ордаға айналды. Айта кетейік, айтыстың ашылу рәсімінде сөз сайысының тізгінін ұстаған Парламент депутаты, ақын Аманжол Әлтай Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, ақын мерейтойының маңызын айшықтай түсті. Ал қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің арнайы марапатын табыстап, мерейтой иесіне автокөлік кілтін сыйға тартты. Сонымен қатар, университет ректоры Жанар Темірбекова да ақынға деген ақжарма тілегін білдіріп, рухани кештің ерекшелігіне тоқталды.
