ТҮРКІСТАН: «МЕКТЕП ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН АҚЫН» — 2

 

Сонымен, айтыс аламанына жиналған жыр жүйріктерінің бәрі ел сөзін сөйлеп жүрген, суырыпсалмалық өнердің саңлақтары болды. Дәлірек айтсақ, Мұхтар Ниязов, Мақсат Аханов, Анар Жаппарқұлова, Еркебұлан Қайназар, Мейірбек Сұлтанхан, Жансая Мусина, Иранғайып Күзенбаев, Дәурен Ақсақалов, Жұлдыз Қожабекова, Нұрбол Жауынбаев, Шұғайып Сезімхан сынды айтыскерлер Ұлыс күні киелі шаһарды жырға бөледі. Ал қазылар алқасына айтыстың қара нары Жүрсін Ерман жетекшілік етіп, қатарында Айбек Қалиев, Бауыржан Халиолла, Дәулеткерей Кәп, Серікзат Дүйсенғазин, Бекжан Әшірбаев сынды белгілі тұлғалар әділ бағасын берді. Сахна төрінде өткен тартысты додада ақындар тек сөз қағыстырып қана қоймай, ел бірлігі, ұлттық құндылықтар, қоғамның өзекті мәселелерін де ұмыт қалдырмай, көрермен жүрегіне жол тапты. Ендеше, назарларыңызға 5 сағатқа созылған аламан айтыста айтылған шебер шумақтарды ұсынамыз, мәртебелі оқырман!

Алғашқы жұп болып сахнаға шыққан Түркістанның тумасы Еркебұлан Қайназаров пен Сыр сүлейлерінің сарқыты Мейірбек Сұлтанхан Бекарыс ақынның айтыстағы қайсарлығын әзіл мен астарға орап, ерекше өрнектеді. Әсіресе, Мейірбек:

Бұл Бекең қай ақынмен айтысса да,

Қарсылас соққысынан еш жимады.

Соның бәрін айтысқа өзі қосып,

Болсын деді қадірлі кеш мейманы,

Бұл сайыс — бұрынғыдан бөлек сайыс,

Дақпыртын бүкіл қазақ естиді әлі.

Бұл айтыс — Бекарыстан қорлық көрген,

Ақындардың бейне бір фестивалі — деп жырлады. Әрине, әзілдің астарында шынайы құрмет, сөздің арасында үлкен мойындау жатқанын қалың көрермен қапысыз ұғынды. Ал үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов:

Түркістан, Наурыз тойың құтты болсын,

Тайқазанды қайнатып той жасаған.

Ассалаумағалейкүм, сәлем бердім,

Ағайын, қошеметің сай ма соған?!

Барымды салайын мен бүгін енді,

Тіл-жағыма қуат бер, ай, Жасаған,

Бел жазып Бекарыс пен Түркістанның

Тойында шаппағанда қайда шабам?! — деп толғады. Мұхтармен қарсылас болған жас ақын Нұрбол Жауынбаев та тарих пен сабақтастықты шебер ұштастырып:

Түркістан — түркілердің тамыры еді,

Тәу етер саған қарап бәрі үнемі.

Бекарыс Шойбековтің 50 жасын,

Тойлауға жиналыпты ауыл-елі.

Әй, бірақ та ағайын арыстанның,

Негізі туған айы сәуір еді.

Өз тойын наурыз күні өткізсе егер,

Бекарыс ағам неткен әділ еді.

Өйткені наурызда туған жоқ па,

Қазақтың Сарыбаев Қаныбегі?!

Ұстазы туған айда той жаңғыртқан,

Шәкірттері не деген тәуір еді.

Ұлдары ұлағаттан жаңылмайтын,

Жасай бер, Түркістанның қалың елі! — деп жырға қосты.

Енді, осы айтыстағы көрермен үшін де, қазылар үшін де ең үздігі болған Дәурен Ақсақалов пен Иранғайып Күзенбаев арасындағы айтыс ерекше әсер сыйлады. Ұтқыр ой, ұтымды сөз, аға-іні арасындағы жарасымды әзіл сөз барымтасының сәнін кіргізді. Әсіресе, сөз бәйгесінің бас жүлдесін иеленген Иранғайып Күзенбаевтың толғауы кештің идеялық шарықтау шегіне айналды: Қандай тілек айтайын текті еліме,

Тек мықтылар жайғасқан тек төріне.

Екі адамды айтайын ерекшелеп,

Қарамаған ешкімнің шекпеніне.

Біріншісі — Бекарыс ағам еді,

Елуінші кеп тұрған көктеміне.

Бекарысың «айтыстың бегі» болды,

35 жыл елге еңбек еткеніне.

Екінші — Бекзат Саттарханың,

25 жыл болыпты өткеніне.

Бекзатың да «спорттың бегі» болды,

Көз жіберіп қарасақ өткеніңе.

«Бектен» аты басталған ұлдарыңның,

Ешкім қарсы келмеді беттеріне.

Осында ғой — баптардың баптары да,

Осында ғой — бектердің бектері де! — деп жырлады. Бұл жолдарда Иранғайып Бекарыс тұлғасын тек өнер иесі ретінде емес, елге қызмет еткен рухани қайраткер ретінде биіктетіп, сонымен қатар, Бекзат Саттархановты да ұлттық рухтың айбарына балады.

Көпшілік асыға күткен тағы бір ақындар жұбы — Мақсат Аханов пен Жансая Мусинаның айтысы болды. Соңғы жұптардың бірі болып кештің көркін қыздырған ерекше сәттердің бірі, әзіл мен шындықтың шебер үйлесіміне айналған айтыс көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қыз бен жігіт айтысының шеберіне айналған, сал-серілердің сарқыты Мақсат ақынның:

50-дей кеп қалыпты жуан жасқа,

Бекеңдей жирен айғыр жылан қасқа.

Көкпардан әлем чемпионаты өткен екен,

Сырттандар осындайда сыналмас па?!

Көкпаршы Бекарыстың құрметіне

Өткеніне келтірме күмән босқа.

Енді ақын Бекарыстың құрметіне

Айтысты төрге бүгін шығармас па?!

Айтыстың ақсақалы өзі келсе

Ағайын, шараң бар ма қуанбасқа?

Мен түгілі Президент келіп кетті,

Не құрмет керек енді бұдан басқа?!

деген жолдары айтыстың тек өнер емес, үлкен мәдени құндылық екенін керемет жеткізді. Әрине, әр шумақты тізбелесе бір жинаққа жүк болар жырлар жазуға болар еді. Біз бұл жолы ақындардың шебер шумақтарына ғана тоқталып отырмыз. Жалпы айтқанда, жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлдені Астана қаласынан келген Иранғайып Күзенбаев иеленді. Ал ІІ орын түркістандық ақын, Бекарыстың ізінен ерген інісі Дәурен Ақсақалов пен Жансая Мусинаға бұйырды. Ал ІІІ орынды Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанхан еншіледі. Айта кетейік, бұл республикалық айтыс Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен және «Amanat» партиясының қолдауымен өтті. Әрине, Ұлыс күні түркістандықтарға серпіліс сыйлаған мерекелік кеш — тек бір ақынның мерейтойы емес, тұтас айтыс өнерінің мерейі үстем болған күн еді. Сөздің салмағы, ойдың тереңдігі, рухтың биіктігі тоғысқан айтыс өнері өрлей берсін, сол өнер биігін бағындырған айтулы ақын Бекарыс Ақсақалұлы жасай берсін!

Мәлік ЖҰМАХАНҰЛЫ,

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *