ТҮРКІСТАН: ЕСКІРМЕЙТІН ЕРЛІК ШЕЖІРЕСІ

 

Биыл  — Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл толып отыр. Зұлмат жылдардың табы тарих бетінде ғана емес, талай шаңырақтың жүрегінде сайрап жатыр. Ауған даласында ерлікпен қаза тапқан боздақтардың есімі ел жадында екені анық. Олардың рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы деп санаймыз.

Айта кетейік, 1979-1989 жылдар аралығында жат жерде от кешкен 22 мың қазақстандықтың 761-і оралмады, 21 жауынгер хабарсыз кетті. Түркістаннан аттанған 250-ге жуық сарбаздың 10-ы шейіт болып, біреуі із-түссіз жоғалды. Бұл талай тағдырды тәлкекке салған, тұтас ұрпақтың жастығын жалмаған қасіретті кезеңнің ащы шындығы.

Бүгінде ауған соғысының ардагерлері ел ішінде құрметке бөленіп, қоғамдық өмірдің бел ортасында жүр. Қазіргі таңда ел ағаларына айналған азаматтар  киелі шаһарда өтетін рухани, әлеуметтік, мәдени іс-шараларда белсенділік танытып, жас буынға ерлік пен елдік жайлы тағылымды әңгімелер айтып, патриоттық тәрбие беруде. Уақыт алға жылжығанымен, ерлік ескірмейді. Жат жерде жанын қиғандардың да, аман оралып, өмірдің жаңа белесін бастаған азаматтардың да өнегесі сөзіміздің айғағы. Жыл сайын үнпарақ беттерінде арамызда жүрген айбынды ерлердің ерліктерін насихат етіп келеміз. Биыл да жастық шағын жалынға орап, Отан алдындағы борышын адал атқарған азаматтар жайлы сөз қоғамақпыз .

ТАНК ІШІНДЕГІ ТӘУЕКЕЛ

Қожабаев Әзімбай Тұрғанбайұлы 1959 жылы 2 маусымда Түркістан қаласында туған. Әкесі Тұрғанбай мен анасы Ұлташ екі ұл, екі қыз тәрбиелеген, Әзімбай — үйдің екінші перзенті. Әмір Темір атындағы орта мектепті бітірген ол Алматы политехникалық институтына түсіп, әскерден келген соң, «инженер-механик» мамандығын алған. 1984 жылдан «Техоснаска» зауытында инженер-технолог, инженер-диспетчер, цех шебері, цех бастығы, зауыт комсомол ұйымының жетекшісі болып қызмет істеген. 1999 жылдан бері Түркістан Ауған соғысы ардагерлер ұйымының төраға орынбасары болып істеп келеді. 2008 жылы Шымкент университетінде «заңгер» мамандығын бітірді.

— 1981-1983 жылдары Ауғанстанның Герат, Шындант, Дилорам, Гирешк, Қандағар провинцияларында болып, 6-гвардиялық танк ротасында танк жүргізушісі қызметін атқардым. 1982 жылдың шілде айы болатын. Дилорам-Гирешк бағытында колоннаны күзету міндеті қойылды. Колонна құрамында қару-жарақ, оқ-дәрі, азақ-түлік пен киім-кешек тиелген отыз шақты әскери техника болатын. Түс ауып калған кез. Тау шатқалдарынан сақтықпен жүріп, сақтықпен келе жатқанбыз. Мен екінші келе жатқанмын. Алдымда батальон командирі мінген БТР машинасы келеді. Соқпақтағы бұрылыстарда артқы колоннаға қарайлап баяу жүріп келеміз. Келесі бір айналмада бізден 250-300 метр алға озып кеткен батальон командирі жанып жатқан Ауған саудагерлерінің екі машинасынан өтіп барып тоқтады. Машинаға дұшпандар шабуыл жасап, тонаған. Мен танкіні бетон жолынан шығарып, сол жаққа бұрдым. Ойым жолда өліп жатқан саудагерлердің денесін баспау. Топырақ жолдан шығып, жиырма метрдей айналып барып қайта жолға бұра бердім. Сол сәтте «гүрс» еткен дауыс естілді. Танкімнің сол жағы сілкініп барып, кілт тоқтады. Басыма қатты соққы тиді. Көз алдым тұманданып, басым айналып бара жатты. Шлимофоннан командирдің айқайлап жатқан дауысы еміс-еміс естіледі. Басымдағы шлимофонның бауын ағытып шешпек болдым, бірақ шамам келмеді. Түс секілді. Денем ауырлап бара жатқан соң, отырған орныма жантая бердім. Одан арғысы есімде жоқ. Көзімді ашсам госпиталда жатыр екенмін. Кейіннен естідім. Танк минаға түсіп, катогының күл-талқаны шыққан. Қасымдағы бөлімше командирі аға лейтанант Стрельцов және экипаж мүшелері түгел жарақат алған. Соққы мен отырған сол жақтан болғандықтан, мен контузия алыппын.

Екінші рет 1983 жылы ақпан айында жарақат алдым. Оқиға Гирешк қаласы қасындағы көпір маңындағы блокпостта болды. Біз блокпоста колоннаны қабылдап алып, Қандағар бағытына қарай жүрдік. Оң жағымызда «жасыл алқап», сол жағымызда тау. Қыстақтан өтіп, тау жағалап біздің танк бірінші келе жатқан. Кенет танктің артынан қатты соққы тиді. Артынша жарылған минеметтің дауысы естілді. Танк басқаруыма көнбей барады. Мен оң мен сол рычакты алма-кезек тарттым. Басқаруыма көнбей оңға қарай тарта берді. Осы сәтте экипаж мүшесі Ерғалидың «Азим тоқтат!», артынша рота командирі капитан Дмитреевтің «тоқтат!» деген дауыстары шықты. Менің ойым жолды бөгеп қалмау. Танк жолдан шығып, оң жағымыздағы жарқабаққа құлады. Одан кейінгісі мен үшін елес сияқты. Кенет көз алдымда шахмат тақтасы пайда болып, оның әрбір шаршы көзінде өзімнің дене мүшелерімнің бөлшектеніп жатқанын көрдім. Бас бөлек, аяқ бөлек, қол да бөлек жатыр. Арада қанша уақыт өткені белгісіз бір кезде ерніме тиген сулы мақтадан көзімді аштым. Айнала аппақ. Қасымда ақ халат киген ер кісі тұрды. Дәрігер екен. Жарақатым ауыр болып, госпитальда екі айға жуық жаттым. Кейіннен есіттім, экипаж мүшелерінің бәрі ауыр жарақат алыпты. Мен танкіні жолдан шетке шығарып үлгеріппін. Келе жатқан колонна жолдан кедергісіз өтіпті. Қатты соққыдан менің сол жамбасымның ұршығы шығып, жамбас сүйектерім жарылған екен. Госпитальдан соң ротама оралып, қайта танкіге отырдым. Менің 461 санды танкім ұрыс даласында талай дұшпанның көзін жойып, көршілес полктердің тапсырманы орындауына талай рет көмегін тигізді. Оқ атудан «ең үздік» танк атанды. Оқтаушымыз Миша Марутянның жылдамдығының арқасында әр он секунд сайын бір снаряд атушы едік. Атқанда бір нүктеге атпайсың, командирдің бұйрығымен бағыт өзгертіп атасың… Тіпті бір операцияда бізге снаряд жеткізіп бере алмай қалды. Біздің қимылымызды сырттай бақылап отырған дивизия командирі осы операциядан соң рота алдында оқтаушы Миша Марутянды «За боевые заслуги», рота командирі капитан Дмитреевті «За отвагу» медаліне ұсынып, Ерғали екеумізге алғыс жариялады, — деп есіне алды Әзімхан аға.

Ерен ерлігінің арқасында СССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы мен «Воину-интернационалисту от благодарного Афганского народа», «70 лет ВС СССР», «Ветерану войны в Афганистане», «Ветеран боевых действий», «15 лет вывода Советских войск из ДРА», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Қайырымдылығы үшін «Сауап» сияқты мерекелік медальдарымен марапатталған. Бүгінде Алтынкүл апаймен  бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *