Кітапхана – жас ұрпақтың қазына іздейтін және тапқан қазынасын бүкіл ғұмырына азық ететін киелі орын. Ұстаздар үшін де кітапхана мол қазынаның кені. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал, кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар. «Кітап – білім бұлағы» демекші, университет кітапханасы кішкентай болғанымен атқарар қызметі үлкен. Бұл орын – оқырмандардың шығармашылық жұмыстармен шұғылдануына көп ықпалын тигізеді. Кітапхана оқырманның талап-тілектерін қанағаттандырып, оқумен тәрбиелеп, қажет болған жағдайда тиімді шешімдерді қабылдауды үйретеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Оқуға деген қызығушылық, кітап арқылы қоршаған әлемді тану» деп айтқандай, білімді ұрпақ — егеменді елдің берік тірегі. Білімнің қайнар бұлағы – кітап. Сондықтан да мұны адамзаттың баға жетпес құндылығы деп білеміз. Кітап қана мәнді білім береді, себебі ол адамды терең ойлауға жетелейді. Өмірде өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығын өмір бойы сүйіп өтетін жандар болады. Мен өзім осы кітапхана саласында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп, қызығы мен жауапкершілігі мол қызметімді мақтанышпен айта аламын. Сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығы өзінің өте қызықты да, тартымдылығымен ерекшеленеді. Себебі, күн сайын жаңалыққа толы сәттер, яғни жаңа келген газет, журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап алып жатқан оқырмандар, оқытушылар, қызметкерлер легі толастамайды. Кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін ешкім жоққа шығара алмайды.
Мен өзім қызмет етіп жүрген «Туризм және меймандостық университетінің» кітапханасы жайлы қысқаша тоқталсам, университет кітапханасы — заман талабына сай жабдықталған. Кітапхана 3 құрылымдық бөлімнен тұрады: абонемент оку және электронды оқу залдары. Кітапхананың жеке веб-сайты бар. Университет кітапханасы және электронды сайты 2020 жылдан бері оқырмандарға қызмет жасап келеді. Жұмыс уақыты таңғы 9:00 бен кешкі 18:00 аралығында үздіксіз қызмет етуде. Мамандықтар бойынша оқулықтар, әдеби және электронды оқулықтар оқырмандарға жеткілікті. Электронды кітапхана 2021 жылдан бері 3 лицензияланған толық мәтінді дерекқорларға жазылып, яғни келісімшарт мерзімі ұзартылып келеді. Қор сапасы мамандар даярлаудың қазіргі талаптарына ыңғайластырылған. Студенттерге, оқытушыларға, қызметкерлерге жедел кітапханалық және ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсетуі университет бейініне сай. Отандық және шетелдік кітапхана қорларына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында кітапханалар арасында келісім шарттар жасалынған. Келісім шартқа тұрған кітапханалармен бірлесіп, іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кейінгі Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында цифрландыру мен жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізудің маңызына ерекше тоқталды. Президент атап өткендей, жаңа технологияларды тиімді пайдалану – бәсекеге қабілетті қоғам құрудың басты шарты. Бұл міндет білім беру, ғылым және мәдениет салаларына, соның ішінде кітапхана жүйесіне де тікелей қатысты. ЖИ технологиялары кітап қорын цифрлық форматқа көшіруді, электрондық каталогтарды жүйелеуді жеңілдетеді. Бұл пайдаланушыларға қажетті деректерді жедел әрі дәл табуға мүмкіндік береді.Президент Жолдауында айтылғандай, цифрлық шешімдерді енгізу – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Осыған сәйкес 2022 жылдан бастап университет кітапханасы цифрлық жеңілдетілген «КАБИС» бағдарламасымен жұмыс атқарып келеді. Кітапхана қорын ұйымдастырумен бір уақытта кітапхананың анықтамалық аппараты: алфавиттік, жүйелік, электронды каталогтер, алфавиттік-пәндік көрсеткіштер «ЖК-пен» бірге, авторефераттар мен диссертациялар картотекасы, электронды оқулықтар картотекасы жасалды, олар белсенді толығып отырады. Алынған әдебиеттердің бәрі де каталогтерде көрсетіледі. Кітапханаға «Кабис» автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық жүйесінің енгізілуі жұмыста жаңа ақпараттық технологияларды пайдалануға мүмкіндік берді. Кітапхана оқырмандарының кітап туралы қажетті ақпаратты табуына, керекті әдебиетті таңдап алуына мүмкіндік беретін электронды каталог жасалды. Университет кітапханасы жаңадан келген кітаптарды КАБИС бағдарламасына енгізілуде. Кітапханамызда іс-шара және кітап көрмелерін ұйымдастыру дәстүрге айналған, мәселен:
1) Жаңа түскен оқулықтар,
2) Атаулы күндер
3) Мерейтойлар
4) Профессор-оқытушылар құрамының еңбектері
5) Киелі мекенім — Түркістан. Университет электронды оқу залынан жеке сайттан студенттер мен оқытушылар:
- РМЭБ – «Республикалық жоғары оқу орындары аралық электронды кітапхана,
- «Библиороссика»,
- «IPR books» смарт, яғни ЭДИПИ Хап деректер базасы секілді ақылы үш база (ЭБС) университет кітапханасының электронды жүйесін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған оқулықтармен, ғылыми жұмыстармен, монографиялармен, журналдармен толық қамтиды. 2025 жылға жаңа ЭБС «Эпиграф» базасын алып отырмыз. Сонымен қатар, ағылшын тілінде бүкіл пәндерді жабуға мүмкіндігі ЭБСКО ЭБС-ін қосуды жоспарға алып отырмыз. Жалпы кітапхананың онлайн қызметі бойынша болашақта да көптеген жұмыс атқарылмақ.
Кітапханамызда көркем әдебиет қорын толықтыру мақсатында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы үздіксіз жүргізіледі. Акцияға басшылық бөлім, барлық студенттер топ кураторларын ат салысады. Кейінгі жылдары жастарымыздың кітап оқуға құштарлықтары саябырсып кеткені де жасырын емес. Кітап оқымайтын адам сауатсыз, ойлау қабілеті төмен, шығармашылық қиялдауы шектелген болып келетіні белгілі. Техника компьютер дамыған заманда экран бетіне телмірмей алтын уакыттарын тиымды пайдалануға, тіл байлықтарын ой өрістерін дамыту мақсатында «Кітап — рухани досымыз» атты оқырмандарды әдеби оқулықтар оқуға оқырмандар арасында үгіт насихат жүргіземіз.
Кітапханашы мамандығы күнделікті тыңғылықты еңбегімен шектеусіз ақпаратқа, әлемдік мәдениет пен ғылым құндылықтарына, адамзаттың даналығы мен біліміне кең қол жетімділікті қамтамасыз етеді, Оқырмандарды таңғажайып мәдениет әлеміне жетелейтін мамандық иесі. Сондықтан да, кітапханашылар киелі орданың мәртебелі иесі деп санаймын. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, мереке күні орай барлық кітапханашы мамандарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, кәсіби шеберлік пен парасаттылық, руханият игілігі жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыстар тілеймін!
Алдашукурова Мөлдір,
Туризм және меймандостық университет кітапханашысы.
