Әрбір адамның өмірінде үлкен із қалдырған, бағыт-бағдар сілтеген қымбат жандар болады. Менің өнер жолымдағы осындай қадірлі адам, ұлағатты ұстазым — қазақ айтысының мақтанышы, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков.
«Айтыс» атты әлемнің қақпасын ашып, даңғыл жолына түсірген Бекарыс ағам тек менің ғана емес, қасиетті сөз өнерін пір тұтқан талай жасқа айтыстың әліппесін үйретіп, әз өнердің бұлағынан сусындатты. Солардың арасында өмірден ерте кетсе де,қысқа ғұмырында соңына өнердің ізін қалдырған, көзі тірісіндегі санаулы айтыстарының өзінен «су төгілмес жорғалығы» байқалып тұратын Сәкен Қалдыбаев бар. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-де білім алып жүрген кезімізде «қын түбінде жатпас алтын алмасты» танитын қырағы көз ағамыз Шұғайып Сезімхан, Сәкен Қалдыбаев үшеуміздің де айтысқа деген құштарлығымыз бен қырымызды дөп басып, додаға қосып еді. Міне, содан бері де он сегіз жыл өтіпті. Өнерден басталған таныстығымыз өмірдегі туыстыққа ұласты. Ұстаз-шәкірт қана емес, аға-іні болдық. Осы уақыт аралығында қазақ айтысының айбары да, байрағы да дерлік ақын ағамды сан қырынан танып-білдім. Сүйсіндім. Талай тағылымды дүниелерді үйрендім. Адамгершілігіне, бекзаттығына тәнті болдым. Халқымыздың өнеріне деген сүйіспеншілігіне, адалдығына сүйсіндім. Өнер жолының даңғылында келе жатқан тұлғаның айтыскерлік өнерін білген-мен, көпшілік күнделікті өмірдегі қарапайым-дылығы, адами қасиеттері туралы біле қоймас.
Ол кісінің басты қасиеті — қарапайымдылығы дер едім. Кеніші мол ел ішінен шыққан бала Бекарыстың бүгінгі аға Бекарыс болып жетілуінде елдің ақ батасы, ұстаздарының берген тәлім-тәрбиесі, әкенің қанымен ананың сүтімен келген үлкен асыл қасиет, бекзат болмыс бар. Бекарыстың осындай айтулы тұлға болуының сыры да, жоғарыда айтып өткен қарапайымдылығында, кішіпейілділігінде. Атқа мінсе, асқақтап кетпейтін, көлік ұтса, көкірек кермейтін, қызметі өссе шіреніп кетпейтін қасиеті кімге де болсын өнеге. Шәкірттері, біздер, ұстамы жақсы ұстаздан үлгі алып келеміз. Арғы ата-бабасы Шойбек атамыз, өз әкесі Ақсақал қазығынан ат кетпеген, босағасынан бақ кетпеген аузы дуалы, елдің ірі тұлғалары болса керек. Бекарыс аға сол даңғыл жолды жалғастырған құймақұлақ ұрпақ. Жырдың жолбарысы. Қазақ поэзиясының қара дауылы Қаныбектей ұстаздан, Әселхандай аруанадан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алған Бекарыс ағамыздың айтысқа қосқан үлесі өз алдына бір төбе, шәкірт тәрбиелеудегі еселі еңбегі, дәстүрді дәріптеуі, төл спорт пен төл өнерді қатар ұштастыра білуі — сегіз сырлы, бір қырлы қасиеттерінің бірі.
2009 жылы өзі үлкен күш салып, Түркістан облысының «Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері Рахым Көлбайұлы дем беріп, Түркістан қаласынан «Өнер» мектебін ашу, оған Бекарыс Шойбековтің басшы болып келіп, дәстүрлі бағыт — қазақтың айтысын, термесін, күйін қайта жаңғырту мақсатында жасалған тындырымды істер жатыр. «Өнер» мектебінде шәкірттер тәрбиеледі. Айтыс өнеріне құштар жастардың табиғи дарынын ашты. Бекарыс Ақсақалұлының алдынан дәріс алып, «айтыс» әлеміне қанат қаққан қарлығаштардың өзі бүгінгі таңда бір шоғыр.
Бекарыс Ақсақалұлы бастаған іс қашанда нәтижелі. Баршаға мәлім, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің» халықаралық одағының ұйымдастыруымен екі жыл қатарынан командалық айтыс өтіп, соның тұңғыш жеңімпазы Бекарыс Шойбеков бастаған Түркістан облысының командасы болғандығын мақтанышпен айтып өткіміз келеді. Ал, енді дәстүрлі бағытты дәріптей жүре, төл өнерге сіңірген еңбегі осындай ұшан-теңіз болса, Бекарыс Ақсақалұлының төл спортқа сіңірген еңбегін біреу білер, біреу білмес. «Әрбір қазақтың босағасында ат байланып, әрбір қазақ атқа мінсін»- деген халқымыздың қанатты сөздеріне жан бітіріп, өз перзентін ғана емес, өзге шәкірттерді де ұлттық көкпар өнеріне тәрбиелеп, талай шабандоздың бағын жандырды. «Бекарыстың күреңі», «Бекарыстың тұлпарлары» оңтүстік аймақта ғана емес, қазақ даласына даңқы жайылғанын, қаншама жүлде салып, ауыздан- ауызға ілінгенін көпшілік біледі. Бұл бабасы Шойбектен, әкесі Ақсақалдан бойына дарыған асыл қасиеттер десек артық айтқандық емес. Халқымыздың осындай төл өнерін ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр жалғастығы арқылы бүгінге жеткізіп, жандандырып келе жатқан ұлтжанды азамат үш ұлын атқа мінгізіп, өзі де атқа қонды. «Төрт құбыламыз тең, төрт көзіміз түгел болсын»- деген ниетпен төртеуі төрт атқа мініп шыққанда, бойында қазақы қан ойнаған әрбір адамның бойын қуаныш кернейтіні анық! Солардың арасында өнерде де, өмірде де бірге келе жатқан тілеулес шәкірт — бауырлары, біздер де бармыз! Алаштың Бекарысы — айтыстың Бейбарысы!
Тұрар ТІЛЕУЛИЕВ,
«Өнер» мектебінің директоры, «Айтыс ақындары, жыршы-термешілердің» халықаралық одағы Түркістан бөлімшесінің төрағасы.
