Күн өткен сайын дамып келе жатқан, еліміздің әр саласында еңбек еткен маманның өз орны бар. Өйткені еңбек түбі – зейнет. Еңбексіз өмір – тұл. «Жаныңда жүр жақсы адам» демекші, біздің айналамызда еліне елеулі, халқына қалаулы, туған жерге туын тігіп, бүкіл саналы ғұмырын жастар тәрбиесіне, кәсіптік білім беруге арнаған жан туралы айтпақпын. Қоспанбетов Нұрғали Байсеитұлы 1956 жылы 6 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келді. Осыған байланысты мерейтой иесін, өзіміздің сүйікті төл басылымымыз «Түркістан» газеті арқылы дүние есігін ашқан туған күнімен құттықтағым келеді. 1963 жылы №6 Мәншүк Мәметова атындағы мектепке 1-сыныпқа барып, 1973 жылы мектепті ойдағыдай бітіріп шықты. 1973 жылы Түркістан қаласындағы темір-бетон заводына бетоншы болып қабылданды. 1974 жылы Алматы қаласындағы Жамбыл жеңіл және тамақ институтына түсіп, бірінші курс студенті атанды. 1979 жылы аталған институтты ойдағыдай бітіріп шықты. 1979 жылы Кеңес армиясының қатарына шақырылып, Алматы қаласының жанындағы Бурундай елді мекенінде «216 Аспаз» әскери мектебінде отан алдындағы міндетін атқарды. 1981-1984 жылдары өз мамандығы бойынша Батыс Қазақстан облыстарында еңбек етті. 1984 жылы Түркістан қаласындағы №29 кәсіптік-техникалық училищеге жұмысқа қабылданып, «Аспаз» арнайы пән мұғалімі ретінде зейнеткерлікке шыққанша осы мекемеде еңбек етті. Жұмысқа қабылдаған директор Бөкебаев Әнуарбек Тәженұлы: «Нұрғали менің саған өтінішім, «Аспаз» кабинетін заман талабына сай безендірсең» деп тілегін айтты. Жинақталған тәжірибенің арқасында «Аспаз» кабинеті заман талабына сай жабдықталды. 1986 жылы облыс көлемінде «Үздік арнайы пән мұғалімі» сайысына қатысып, жүлделі екінші орынды жеңіп алды. 2009 жылы Түркістан қаласындағы «Кәсіптік білімнің» 75-жылдығына орай «Кәсіптік білімің — өмірлік ілімің» деген кітап жазып шығарды. 2017 жылы тұңғыш рет қазақ тілінде «Тамақтану физиологиясы, санитария және гигиена негіздері» деген кітап жазып шығарды. Бұл кітаптың ерекшелігі қазіргі кезде мединститут студенттері де пайдаланып келеді. Өзінің саналы өмірінде 2000-нан астам студенттер мен жастарға «аспазшы», «сатушы», «есепші» мамандықтарын үйретті. 2015 жылы техникалық және кәсіптік білімді дамыту біліктілікті берудің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының дамытуға қосқан үлесі үшін медальмен марапатталды. Ал 2017 жылы Қазақстан Республикасының білім министірі Е.Сағадиевтің «Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін» «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Құрметті ағамыз 2019 жылы зейнеткерлікке шықты. Қазіргі кезде жұбайы екеуі екі ұлдан 9 немере сүйіп, тәрбиелеп отыр. Енді Нұрғали ағамыздың өмірін зерделеп қарайтын болсақ, 17 жасында бетоншы болып жұмыс істей жүріп, футбол командасында белді ойыншы болып, 1972-1973 жылдары Түркістан қаласының чемпионы атанды. Білімге деген құштарлығының арқасында 1974-1979 жылдары «Астықты сақтау және өңдеу технологиясы» бойынша «Инжинер-технолог» мамандығын алды. Училищеге келген соң «Аспаз» кабинетін және зертханасын жоғары деңгейге келтіріп, ол жерден үлгі, тәжірибе алу үшін басқа қалалардан, облыстардан ұстаздар келіп тәжірибе алмасты. 1987-1990 жылы аталған институттың «Тамақ дайындау технологиясы және ұйымдастыру» мамандығын бітіріп, екінші жоғары білімін алды. Кей адамдардың болмыс-бітімі ұстаздыққа үйлесіп тұрады. Енді бірі қанша оқыса да, ұстаздық қасиет қонбайды. Болмысындағы байсалдылық, көңіліндегі кеңділік, сұлулыққа құмарлық, айналасына әсер етпей қоймайтыны соншалық, біз ол ағамыздан білім де, тәрбие мен үлгі де алатын болдық. Қоғамдағы кішіпейілділік, адалдық, талапшылдық, студенттерге деген сүйіспеншілік, осындай ұстаздардың арқасында ешқашан үзілмейді деп есептеймін. Қоспанбетов Нұрғали ағамыздың өзгермейтін болмысынан өнеге ала білсек, өркениеттің көкжиегінде білімді маман дайындай беретініміз даусыз. Ұрпақ қызығын көре беріңіз, Нұрғали аға!
Ерлан БАЙСЕИТОВ,
Түркістан көпсалалы индустиралды-техникалық
колледжінің оқу-өндіріс шебері.
