ТҮРКІСТАН: ЕРЛІККЕ БАС ИЮ – АСЫЛ ПАРЫЗЫМЫЗ! — 2

 

Құрметті түркістандықтар!

7 мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр Ұлы Жеңіс күнімен баршаңызды құттықтаймын!

Тарих пен тағылым тоғысқан, өткенге тағзым мен бүгінге жауапкершілікті қатар жүктейтін ерекше күндерде ер-азаматтардың ерекше ықыласқа бөленетіні анық. Ұлы Жеңіс – халқымыздың қайсар рухы мен бірлігінің, төзімі мен табандылығының жарқын жемісі. «Өткенді ұмытқанның – болашағы бұлыңғыр» дейді дана халқымыз. Біз бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын сол зұлмат жылдарда жанын қиған батырлардың ерлігі арқылы терең түсінеміз.

Ал, Отан қорғаушылар күні — тәуелсіз еліміз-дің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға көрсетілетін құрметтің белгісі. «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген халық даналығы — бүгінгі сарбаздар мен офицерлердің бойынан табылып отыр. Ел шебін күзетіп, бейбіт күннің баянды болуына қызмет етіп жүрген әрбір азамат нағыз шынайы патриот деп бағалауға әбден болады.

Бүгінгі таңда мемлекетіміздің ең басты құндылығы – тұрақтылық пен тыныштық. Осы аманатты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ міндет. Орта буын өкілі ретінде бізге жүктелер жауапкершілік те аз емес. Біз аға буынның аманатын абыроймен арқалап, кейінгі жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар көрсетуге тиіспіз. Өйткені «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген өсиет әрқашан өзекті.

Қадірлі ағайын!

Осы мерекелі күндері соғыс және еңбек ардагерлеріне тағзым етіп, олардың ерен еңбегіне алғыс айту – азаматтық парызымыз. Ал бүгінгі ел қорғаны болып жүрген ерлерімізге бар жақсылықты тілеймін!

Еліміздің көк туы биікте желбіреп, азат еліміздің айбыны асқақтай берсін! Әр отбасыға амандық, береке, елге тыныштық пен бірлік тілеймін!

Бахыт БАСЫМБЕК,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.

 

 

Ардақты азаматтар, құрметті ағайын!

Сіздерді елдігіміздің еңсесін көтеріп, ерлігімізді ұлықтайтын 7 мамыр Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр Ұлы Жеңіс күнімен Түркістан қалалық «Әйелдер алқасы» атынан, барша аналар мен арулар атынан шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке тек ер-азаматтардың ғана емес, бүкіл халықтың мерекесі. Өйткені ел қорғаны болған ерлердің артында ақ жаулықты аналардың ақ батасы, қыз-келіншектердің үміті мен сенімі тұр. «Ана — өмірдің шуағы, ер — елдің қорғаны» десек, осы қос ұғым бір-бірінен ажырамас егіз ұғым екені анық.

Ұлы Жеңіс — аналардың көз жасы мен төзімінің, адалдық пен үміттің жеңісі. Майданға аттанған әрбір ұлдың артында оны ақ сүтімен өсірген ана тұрды, жолын тосқан жары мен қарындасы тұрды. Олар тылда жүріп, елдің еңсесін түсірмей, ерлерге демеу болды. «Ерлік — елге мұра, ұрпаққа ұран» дегендей, сол аналардың сабыры мен қайраты да бүгінгі ұрпаққа өнеге.

Ал бүгінгі бейбіт заманда ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарымыз әр отбасының тірегі, әр ананың мақтанышы. Отан қорғауды қару асынып, сапта тұрумен ғана шектемей, елге адал қызмет ету, отбасыңа қорған болу, ұрпағыңа өнеге көрсету деп қабылдаған жөн. «Ел іші — алтын бесік» деген аталы сөзді ескере отырып, сол бесіктің тыныштығы ерлердің айбыны мен аналардың ақ тілегінің арқасында сақталып келетінін айтқым келеді.

Қадірлі азаматтар!

Біз, аналар мен арулар, сіздердің амандықтарыңызды тілеп, әрдайым тілекшілеріңіз болып келеміз. Ел үшін еткен еңбектеріңіз бен төккен терлеріңіз әрдайым құрметке лайық.

Осы мерекелі күндерде соғыс ардагерлеріне, аға буын өкілдеріне тағзым етіп, олардың ерлігіне бас иеміз. Ал бүгінгі сарбаздарымыз бен ел қорғаны болып жүрген азаматтарға зор денсаулық, темірдей төзім мен жасымас жігер тілейміз! Әр шаңырақта шаттық орнап, аналардың көз жасы тек қуаныштан болсын! Еліміздің аспаны ашық, іргесі берік, бірлігі бекем болғай!

Ұлжан МҰСТАФАЕВА,

ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қалалық Әйелдер алқасының төрайымы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *