18 мамыр — халықаралық музейлер күні. Қазақ халқының мәдени-тарихи мұрасын сақтау, ұрпаққа жеткізу – бүгінгі қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы негізгі тетіктердің бірі – музейлер және олардың ішіндегі құнды жәдігерлер. Себебі әрбір жәдігер – тарихтың үнсіз шежіресі, өткен мен бүгінді байланыстыратын көпір. Әсіресе ұлттық тарихты тану мен зерделеуде музей қорларындағы экспонаттар – құнды дерек көзі бола алады. Айтып отырғанымыздай, музей – өткеннің көзі, ұрпақтың тәрбие мектебі. Ондағы әрбір бұйым белгілі бір кезеңнің тыныс-тіршілігін, дүниетанымын, наным-сенімін сипаттайды. Қазақ халқы – бай тарихы мен мәдениеті бар халық. Сол тарихтың елесі мен белгісін біз музейлерден, әсіресе тарихи-өлкетану музейлерінен, солардың ішінде – өз қаламыздағы «Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени қорық» музейінен айқын көре аламыз.
Түркістан қаласында орналасқан «Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени қорық» музейі – тек сәулет өнерінің туындысы ғана емес, қазақ халқының рухани мәдениетінің айнасы. Бұл кешенде орналасқан тайқазан – халқымыздың рухани-тарихи жадын бейнелейтін бірегей жәдігер. XIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен құйылған бұл тайқазан – бірлік пен берекенің, қонақжайлық пен қайырымдылықтың символы. Ол діни рәсімдерде ғана емес, халықтың бірігу, ортақ ас ішу рәсімдерінде пайдаланылған.
Тайқазанның тағдыры да тарихпен өрілген. ХХ ғасырдың басында Санкт-Петербургке әкетілген бұл жәдігер 1989 жылы халқына қайтарылды. Оның елге оралуына Өзбекәлі Жәнібеков сынды мемлекет және қоғам қайраткері тікелей ықпал еткен. Бұл тек тайқазанның ғана емес, ұлттың рухани тәуелсіздігіне оралуының белгісі болды. Және де аңызға сүйенсек, Алатау батыр бұл тайқазанды әр жорыққа шығарда көтеріп, күш-қайратын сынап отырған. Ол бұл тайқазанды он үш рет көтерген деген де дерек бар. Мұндай мифологиялық негіздер жәдігердің тек материалдық ғана емес, символикалық маңызға да ие екенін көрсетеді.
Тайқазан секілді музейдегі әрбір бұйым өз бойында терең танымдық әрі тарихи мән-мағына сақтайды. Мысалы, қарапайым ғана қамшыны алайық. Қамшы – қазақ қоғамында ерекше мәнге ие зат. Ол – билік, ерлік, тәрбие, тіпті тыйым мен ескерту символы. Қамшы арқылы мал айдап қана қоймай, төрге тастап сөз берілуін сұраған, төрдегі адамды қорқытпай, ескерткен, тіпті ұрының жолын кескен. Қамшыны сыйлыққа беру де, оны киелі деп тану да – қазақтың дүниетанымының тереңдігін білдіреді.
Қамшының жасалу тәсілі де өзінше өнер. Ол қайыстан өріліп, сабы сүйектен, мүйізден, тобылғыдан жасалып, ұшы темірмен, жезбен көмкеріледі. Оның ою-өрнектері, ұзындығы, салмағы, иесінің әлеуметтік дәрежесіне де байланысты болған. Міне, осындай бір ғана зат арқылы тұтас бір қоғамның әлеуметтік, рухани құрылымын тануға да болады.
Бүгінгі күні еліміздегі облыстық тарихи-өлкетану музейлерінде сақталған көптеген жәдігерлер – халқымыздың өткен өмірінің айнасы. Абылай ханның дулығасы, Қабанбай батырдың зере сауыттары, Бөгенбайдың найзасы – әрқайсысы өз заманы туралы үнсіз сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. Бұл жәдігерлерді тек тарихи дерек деп емес, ұлттық жадымыздың материалдық бейнесі деп қарауымыз керек. Сонымен бірге қазақ халқының зергерлік бұйымдары да музей төрінде өз орнын тапқан. Әйелдердің шашбауы, жүзігі, күміс белбеуі – олардың әлеуметтік дәрежесін, талғамын, тіпті отбасылық мәртебесін де көрсеткен. Жас келіннің сырғасы мен көп балалы ананың бойтұмары да өзінің киесімен, мәнімен маңызды. Осындай бұйымдар арқылы біз тек сәндік мәнін емес, сол қоғамның психологиясы мен дүниетанымын да сезіне аламыз.
Тағы бір айта кетер маңызды түйін – музей жәдігерлерінің тарихи дерек көзі ретіндегі ең үлкен ерекшелігі — олардың материалдық әрі визуалды түрде сол дәуірдің болмысын нақты бейнелей алуы. Біз тарихи оқиғалар мен үдерістерді көбіне жазба деректер, құжаттар, шежіре, хроникалар, жылнамалар арқылы танимыз. Алайда тарих ғылымының тағы бір сенімді саласы — археология. Ал археологияда табылған әрбір бұйым, зат, құрал — тарихтың өзімен бетпе-бет келудің бір мүмкіндігі. Сондықтан музейдегі әрбір жәдігерді архивтік құжаттарға балама емес, тең дәреже қоятын, кейде одан да маңызды, түпнұсқалық дереккөз ретінде қарастыру қажет.
Мәселен, біз Отырар қаласы жайлы тек жазба деректерге сүйенсек, оның сауда жолындағы маңызын, мәдениет орталығы ретіндегі орнын ғана біле аламыз. Алайда археологиялық қазбалар барысында табылған керамика бұйымдары, су құбырларының қалдығы, қыш күйдіру пештері, зергерлік және тұрмыстық заттар арқылы бұл қаланың тұрмыс деңгейін, тұрғындарының әлеуметтік құрылымын, тіпті күнделікті өмір салтын анықтауға болады. Бұл заттар — сол дәуірдің өмірінің нақты айнасы. Ғалымдар дәл осындай материалдық деректерге сүйене отырып, тарихи хронологияны нақтылап, мәдени-рухани өмірді сипаттап келеді. Мәселен, Б.Е. Баймаханов пен К.А. Ақышев сынды археологтардың еңбектерінде Отырар оазисінен табылған бұйымдардың датировкасы мен этномәдени сипатына қатысты нақты ғылыми тұжырымдар берілген.
