Тарих ғылымының заманауи әдістемесі бүгінде пәнаралық байланысты талап етеді. Археология, этнография, антропология, реставрация, музейтану — барлығы да тарихты қалпына келтірудің түрлі қырларын ашып береді. Бұл тұрғыдан келгенде, музей — тек қойма немесе көрме орны ғана емес, тарихи реконструкция мен дерек тексерудің алаңы. Бір жәдігер — бірнеше ғасырға куә бола алады. Оның қандай материалдан жасалғаны, бетіне түскен таңбалар мен ою-өрнектер, тіпті тозу деңгейі де зерттеушіге көп мағлұмат береді.
Архивтік құжаттар — көбіне белгілі бір биліктің, идеологияның сүзгісінен өткен дерек. Ал музей заттары — сүзгіден өтпеген, адамның өз қолымен ұстаған, күнделікті өмірде пайдаланған заттары. Бұл — тарихтағы шынайылықты көруге мүмкіндік береді. Сондықтан да Отырар секілді көне қалалар туралы деректердің шынайылығын растау немесе толықтыру үшін музей жәдігерлері таптырмас қайнар көз болып саналады. Тарихшы бұл заттарды қарап отырып, қандай технология дамығанын, қай тайпалар немесе мәдениеттер ықпал еткенін, тіпті климаттық жағдайды да болжай алады.
Қазіргі қоғамда музейді тек «ескі заттардың қоймасы», тарихи жәдігерлердің көрмеге қойылған орны ретінде қарастыратын үстірт түсінік әлі де сақталып келеді. Алайда музей – бұл жай ғана қойма да, бір рет барып, селқос шолу жасайтын орын да емес. Музей – халықтың өткенін, болмысын, ұлттық рухын, ұрпақтар сабақтастығын бойына сақтаған киелі мекен. Оның әрбір бұрышы, ондағы әрбір бұйым адамзаттың жүріп өткен жолының ізі, көзге көрінбейтін, бірақ жанды тербететін үнсіз шежіре. Көп жағдайда адамдар музейге оқулықта аты аталған заттарды көру үшін немесе мектептен ұйымдастырылған экскурсия үшін ғана барады. Бірақ музейге бару – тек қарау емес, сезіну, ойлану, қанмен, тамырмен байланысу. Ол адамды уақыт кеңістігімен жалғайды. Музейдегі жәдігерлер – үнсіз сөйлейтін, бірақ өте ұлағатты ұстаз. Егер адам музейге жүрек көзімен барса, ол рухани байып, терең ойға шомып қайтады. Бұл – ішкі мәдениеттің, тарихи сана мен ұлттық болмыстың бекемделуінің бір жолы.
Сонымен қатар, музейлер – тек ғалымдар мен тарихшылар үшін ғана емес. Олар – барша халықтың ортақ байлығы. Себебі ол – ұлттық жадының сақталған орны. Қазақ «өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді. Өткенге тағзым етпей, болашақты түзеу мүмкін емес. Музей – осы тағзымның, осы жауапкершіліктің орны. Мысалы, Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени қорық» музейіндегі бөлмелерде тұрған жәдігерлер – біздің дініміздің, ғылымымыздың, өркениетіміздің, мемлекетшілдігіміздің куәсі. Сол жәдігерлерге қарап отырып-ақ, біз Ясауи заманындағы тіршілік тынысын, имандылық пен парасаттылықты, ұстаздық пен шәкерттік дәстүрді түйсіне аламыз.
Тағы да қайталай айтсақ, музей – тек өткенді айтып тұратын мекеме ғана емес, ол – бүгінгі ұрпақтың санасын оятып, келешекке бағыт беретін мәдени құрал. Қоғамда ұлттық құндылықтар мен тарихи сана жоғалып бара жатыр деп дабыл қағатын болсақ, соның емін музейлерден іздеу керек. Музейге жиі бару – рухани иммунитетті көтеру, рух пен ардың тазалығына оралу. Ондағы жәдігерлер адамның ішкі жан дүниесіне үнсіз тіл қататын сырлы ұстаздардай. Сондықтан музейлерге жиі бару – өз тамырыңмен қайта қауышу. Бұл – ұлттық өзін-өзі танудың жолы. Музейлердегі тарих – тек өткен емес, ол бүгінге де, ертеңге де қызмет ететін тірі рух. Оның іші – архив емес, адам санасын жаңғыртатын қасиетті орын. Ал біз, соны сезіне білгенде ғана, музей шынайы мәніне ие болады.
Қазіргі Қазақстан музейлері – зерттеу мен білім беру орталықтарына айналып келеді. Мектеп оқушылары, студенттер, зерттеушілер, туристер үшін бұл орталықтар – уақыт тізбегі іспетті. Себебі олар көріп қана қоймайды, ойланады, салыстырады, сабақ алады.
Қорыта айтқанда, музей – тек жәдігерлер жиынтығы емес, ол – тарихтың тірі дерегі, ұлттың рухани жадын сақтаушы қасиетті орын. Әрбір бұйым – ұлттың тарихы мен болмысының айнасы. Әсіресе «Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени қорық» музейі мен ондағы тайқазан – өткеннің ұлы мұрасы, бүгінгі күнге жеткен тарихи аманат. Осындай мұраларды зерттеу, дәріптеу – болашақ ұрпақтың тарихи жадының берік іргетасын қалаудың кепілі деп білеміз.
Айгүл Тыныштықбаева,
Әзірет Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени қорық музейінің экскурсия жетекшісі.
