ТҮРКІСТАН: МӘДЕНИЕТТІҢ «ТІРІ ШЕЖІРЕСІ»

 

ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Түркістан қаласының, Сауран ауданының, Түркия мемлекетінің Сивас қаласының құрметті азаматы, Би патшайымы Ұлжалғас Әбенқызы Мұстафаеваның 70 жылдық мерейтойы Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылындағы Мәдениет үйінде өткен «Өнерім – өмірім» атты кездесу кешінен бастау алды. Сауран ауданы құрылған бес жыл ішінде іскерлігімен, жаңашылдығымен көпшілік алғысына бөленіп үлгерген аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бұл жолы да өнер мен мәдениетке, ұлт руханиятына жанашырлығы мен ерекше көзқарасын танытып, Бабайқорған ауылының тумасы, өңір мәдениетіне жарты ғасырдан астам ғұмырын арнаған төл перзент, би әлемінің ханшайымы Ұлжалғас Әбенқызының жетпіс жылдық мерейтойын бастап жіберді.

Өнер иесіне деген құрмет пен ізет мәдениет үйінің табалдырығын аттағаннан-ақ көзге ұрып, көңілімізді көтеріп жіберді. Шіркін, өнердің құдіреті күшті ғой. Әлгінде ғана тыныштық құшағында мүлгіп тұрған әлемге лезде жан бітіп, саурандық өнерпаздардың сырнайлатып, жанды дауыста әуелете салған «Ана туралы жыр» әндерімен өрнектеліп жүре берді. Жолға төселген қызыл кілем, ақ кимешекті әжелердің шашуы, береке басы – нан мен бауырсақ, Ұлжалғас Әбенқызын қаумалап, гүл шоқтарын ұсынған ізгі ниетті қауым өнер мерекесінің әрін аша түсті.Ерекше ізденіспен жасалған көрме тынысынан мәдениет қайраткерінің өнегелі өмір жолы, шығармашылық ізденістері, еліне сіңірген еңбегі туралы жан-жақты мәлімет алдық. Таныстық. Сүйсіндік. Жанымызда жүрген жақсы адамның жетістігіне марқайдық!

Бүгінгі таңда түлеген, түрленген, бүкіл әлем назары ауған Түркістанның өсіп-өркендеу, даму жолында әрқайсымыз өз саламызда еңбек ете жүріп, бастан кешкен өткен күндер естелігі де көңіл түкпірінен бір «шаң» беріп өтті. Оның қайсыбірін айтарсың?! Мәдениет саласының өмірі бітпейтін, көзге көрінбес ұсақ-түйегі көп күнделікті жұмысына қоса, қаншама үлкен, ауқымды «Тұран аруы», «Батаменен ел көгерер» сияқты халықаралық, өміршең жобалар жүзеге асырылды. Киелі шаһарымыздың 1500 жылдығындағы Ұлжалғас Әбенқызының «Есімхан» алаңында билеген мың бес жүз қызының биі аңызға айналып, атақты журналистер Нұртілеу Иманғалиұлы мен Дана Нұржігіт жүргізген тікелей эфир арқылы шартарапқа тарап кеткені де белгілі.

Ұлжалғас Әбенқызының өнерге, соның ішінде биге құштарлығының шексіздігі сондай, зейнетке шыққан қазірдің өзінде «Тұран» би ансамблімен халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүр! Бұл – мәдениетке үлестің бір ұшқыны ғана! Өнер майталманы туралы толық білу үшін кеш иесінің өзі жайлы жазылған «Би патшайымы» кітабын оқу керек. Сондықтан да жоталы жетпіске қадам басқан Ұлжалғас Әбенқызы Мұстафаеваны Түркістан мәдениетінің «тірі шежіресі» десем, ешкім дау айта қоймас.

Бұл орайда ежелгі Түркістанның терең тарихы өз алдына бір төбе, бергі жарты ғасырлық мәдениеті туралы сөз болып отыр. Тірі шежіре ғана емес, сол оқиғалардың ен ортасында жүріп, тікелей атсалысып, үлесін қосты. Күндіз-түні дамыл таппай жұмыс істеген бейнетқор ұжымымен бірге Түркістан мәдениетінің «ыстығына күйді, суығына тоңды». «Отымен кірді, күлімен шықты». Ердің ері, нардың нары ғана шыдайтын «өнер», «мәдениет» атты тылсым әлемнің құпиясы мен жұмбағына, ащысы мен тәттісіне өнерге құштар жан ғана шыдайды. Сондай жанның бірі және бірегейі – Ұлжалғас Әбенқызы!

Кеш иесінің биге, өнерге құштарлығын бейнелеген көрініспен басталған тағылымдық-танымдық кеште сахна төрінен сөз алған қауымның пікірі осы арнаға тоғысты. Кейде мен ойға кетем. Көне шаһардың кешегісін, бүгінгісін көзімен көрген тұлғалар туған еліне, жеріне, кейінгі толқын жас ұрпаққа еңбегін, бойында бар өнерін, білімін сіңіріп жүр. Өмірден түйгені өз алдына, дамып келе жатқан шаһардың әрбір тасы, жолы, құрылысы, өзгерісі көз алдында өткен тарихының куәсі. Сол шежірелерді мұрағатта сақтап қалу үшін қандай қадамдар жасалуда? Мен осындай тақырыптарға қалам тартқан сайын туған қаламның жылнамасын, танымал тұлғаларын тарих бедерінде қалдырғандай сезімде боламын. «Біздерді де іздейтін жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз» деген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдарын еске аламын. Еске алам да, түйірдей болса да тарих еншісіне үлес қосып жүргенімізді көңіліме демеу тұтам.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *