Арада талай жылдар өтіп, Түркістанның төл тарихын зерттейтін жан болса, ең алдымен, басқа басылымды емес, осы бір ғасырлық тарихы бар, азғана құраммен ұлан-ғайыр шаруаның басын қайырып отырған, тарихи қаланың күнбе-күнгі жаңалығын қаттап, көзінің қарашығындай сақтап жүрген қалалық «Түркістан» газетін іздейтіні хақ! Міне, сол кезде Сауран ауданының Ескі Иқан ауылында өткен мәдениет майталманы Ұлжан Мұстафаева туралы мақаланың да «жарқ» етіп шыға келері сөзсіз! Өйткені, тасқа басылған дүние таңбаланып тарихта қалады. Өйткені мәдениет, өнер, әдебиет – мәңгі өлмейтін өміршең дүниелер, егіз ұғымдар.
Тәрбиелік мәні зор, ұлысын ұлықтап, ардақтысын қадірлей білген саурандықтар ұйымдастырған «Өнерім – өмірім» атты кешті тамашалай отырып оралған ойдан тікелей кеш барысына ауысайын. Кездесуде Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Кеңесбекұлы Бөкебаев құттықтау сөз сөйлеп, Ұ.Мұстафаеваға аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы Таңғатаровтың алғыс хаты мен сый-сияпатын табыс етті.
Сондай-ақ, Сауран аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы (?) Мұрат Ізтілеуов, сазгер, ғалым Бекжігіт Сердәлі, ардагер-ұстаз Несіпкүл Өтебаева, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, қалалық «Түркістан» газетінің директор-бас редакторы Мәлік Дәулетов, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдәзім, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, «Сауран» газетінің редакторы Ләззат Сарыбаева, Сауран аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова, Сауран аудандық білім бөлімі атынан №1 және Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептердің директорлары Чалданова Хамида, Мамадалиева Махсуда, өнердегі құрбысы Тотыхан Зейнишева, т.б. тілектес жандар жүрекжарды тілектерін білдіріп, гүл шоқтарын табыс етті.
Тотыхан апамыз «Дильшод» ансамблімен билеп, өнер көрігін қыздырды. Әсіресе, ардагер ұстаз, Ұлжалғас Әбенқызының әпкесі Зағира Мұстафаеваның тебіреніске толы сөзінен мерейтой иесінің ақ-қарасы араласқан мына өмірде қаншама қиындықтарды бастан кешіп, небір сынақтардан өтсе де, морт сынбай, қарсы тұра білген қайсарлығын тағы бір танып-білгендей болдық. Мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян да Ұлжалғас Әбенқызының мәдениетте, өнерде жеткен жетістіктерінен, ұстаздық ұлағатынан көп сыр ұқтырды. Саурандық өнер иесі А.Әбілханованың «Әдемі ана» әнінің сазымен Ұлжалғас замандасымызды қошеметтеп сахна төріне шығаруы, отыздан аса шәкірттерінің райхан гүлін ұсынып, әнші, сазгер Шерхан Әлібековтің орындауындағы «Ана» әнімен қаумалап, құшақтарына алуы сияқты толқулы сәттер саурандықтардың бұл кешке ынты-шынтысымен тиянақты дайындалғандығын аңғартты.
Ұлжалғас Әбенқызымен қатарлас құрбы ретінде әңгімелескенде: «Мен алдымен ән салдым. Биге кейін келдім» деп сыр бөлісуші еді. Соның айғағындай кеште өнер иесінің орындауында атақты Ресей әншісі София Ротарудың репертуарындағы «Лаванда» әнін шырқап, тағы бір қырынан көрініп, сахнаны әнге бөледі. Бұл – жетпіс жылдық тойдың басы. Қызық-қуаныш алда әлі.
P.S. Тағы бір қызығы, кеш аяқталар-аяқталмаста Ұлжалғас Әбенқызы сол күні Отырарда Түркістан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының «Түнгі кітапхана» жобасы аясында өткізіліп жатқан ақын Бауыржан Ерманның «Өмір атты мүмкіндік теңізінде…» атты шығармашылық кешіне бізбен бірге тартып кетті. Мұндайда қалайша «жел көңіл мәдениеттің адамы» демессің?!
Жол бойы іні-сіңлілері, құрдастары қаумалап, «сыйлығыңызды көрсетіңізші» деп еркелеп, Ұлжалғас Әбенқызына «ыстық самса» алғызып, сый-сияпатынан «жұғысты болсын» деп теберік алып, қарық боп қалдық! «Ақсұңқардың баласы жан-жағына шашып жейді» деген осы. Өмір осынысымен қызық, иә?!
Роза НАРЫМБЕТОВА.
