ТҮРКІСТАН: ҚАМҚОРЛЫҚ МЕН ҚАУІПСІЗДІК

 

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Түркістан қалалық балалар ауруханасында 22-29 мамыр аралығында жазғы демалысқа шыққан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы іс-шаралар апталығы өтті. Апталықтың алғашқы күні «Дәрігер – балалардың жанашыры» атты ашық есік күнінде  қауіпсіз балалық шақ мектебінде «Жаз мезгіліндегі судағы қауіпсіздік», «Жолдағы тәртіп ережелері», «Биіктіктен құлаудың алдын алу» бойынша балалар мен ата-аналарға дәрістер ұйымдастырылды. Сондай-ақ акция барысында аталмыш ауруханаға жолдамамен келетін, ақылы негізде көрінетін науқастар апта бойы тегін көріну мүмкіндігіне ие болды.

Балалардың жазғы демалысқа шығуына байланысты апта бойы  аурухана дәрігерлері мен мамандары ата-аналарға балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары туралы кеңестер берді, түрлі жарақаттар мен қауіптерге қарсы алдын алу шаралары кеңінен талқыланды. Осы ретте біз де балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған шараға қатысып, балалар ауруханасының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Айта кетейік, қызу жұмыс ең алдымен қабылдау бөлімінен басталатынын біз жай күндері байқай да бермейді екенбіз.

Қабылдау бөлімі: Жедел әрі мұқият қызмет

Әдетте науқастанғанда біз ең әуелі жататын палатамызды немесе дәрі егу бөлмесін көз алдымызға келтіреміз. Алайда негізгі жұмыс ең алдымен осы қабылдау бөлімінен басталады екен. Бұл жөнінде Түркістан қалалық балалар ауруханасы Қабылдау бөлімінің меңгерушісі Шайхаттарова Ұлбосын Сейтжаппарқызымен сөйлескенде көзімізді жеткіздік.

«Бізде қабылдау бөлімінде екі педиатр, травматолог-дәрігер және хирург тәулік бойы қызмет етеді. Мұнда 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады, науқастар шұғыл жағдай немесе қандай-да шағым бойынша мазасызданса осында келіп қарала алады. Ауруханаға Түркістан қаласынан бөлек, басқа аудан мен ауыл-аймақтардан да науқастар келіп қаралады. Қабылдау бөліміне кіргеннен алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Одан соң жеке деректері, ауру анамнезі толтырылады.

Қабылдау бөлімінде аталған дәрігерлерден бөлек төрт мейірбике, оның ішінде біреуі триаж жүйесі бойынша жұмыс істейді. Алғаш кіргенде міне, мынадай қызыл, сары, жасыл жолақтарды байқадыңыздар ма? Осындағы қызыл жолақпен ауыр жағдайдағы науқастар, сары жолақпен шұғыл жағдайды қажет етпейтін, бірақ дәрігерге көрінуі тиіс науқастар, ал жасыл жолақпен жоспарлы түрде келетін, операцияға кіретін науқастар өтеді. Триаж жүйесі осы, яғни науқасты уақытылы сұрыптау және уақытылы медициналық көмек көрсету. Ал мынау тактильді жолақ науқастың құлау қаупінің алдын алады. Кіре берісте құлау қаупі жоғары науқастарды күтіп алуға арналған қоңырау, кресло-арба бар. Жол-көлік апатына түскен, тырыспаға шалдыққан не ауыр пневмониямен ауырған науқастар келіп түсуі мүмкін. Осындайда триаж жүйесі бойынша науқастарды сұрыптап, шұғыл медициналық көмек қажет ететін балалар дереу қарқынды терапия бөлімшесіне жіберіледі. Бұл бөлім монитор, ИВЛ аппараты, жүректі ЭКГ-ге түсіру аппараты, дефибриллятор, алғашқы көмек қабдишасы, оттегі концентрациясы сияқты заманауи аппараттармен, науқастарға арналған жылжымалы арбалармен жабдықталған. Содан кейінгі процесте қан тоқтату және тыныс алу жолдарын қамтамасыз ету шаралары қолға алынып, реаниматологпен бірге ақылдасып, қай бөлімге жатқызу керектігін шешеміз. Бұл жүйе науқастарға уақытылы және сапалы көмек көрсетудің кепілі.

Сондай-ақ қабылдау бөлімінде 24 сағат үздіксіз жұмыс істейтін жарақат бекеті бар. Балалармен аяқ астынан не болып қалатынын білмейсің ғой, олар кез келген уақытта ойын алаңында, самокаттардан, биіктен құлап, аяқ-қол сынықтарымен келуі мүмкін. Мұнда да алғашқы көмек көрсетіліп, дәрежесіне қарай бөлімдерге орналастырылады. Одан соң ауруханамызда консультативтік-диагностикалық орталық бір жылдан бері қызмет етіп келеді. Орталықта нефролог, гематолог, неонатолог, гастроэнтеролог, невропатолог мамандары үздіксіз жұмыс істейді, бұрынғыдай ата-аналар алыс қалаларға бармай, өздеріне қажетті білікті дәрігерлеріне көріне алады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *