Оңалту орталығы: Гаджет бала дамуын тежей ме, көмектесе ме?
Түркістан қалалық балалар ауруханасындағы келесі бас сұққан бөлім – «Қамқорлық» оңалту орталығы. Реабилитолог-дәрігер, бөлім меңгерушісі Муталиева Ажар Алимжанқызы орталық туралы кеңінен ақпарат берді.
«50 төсек орны бар «Қамқорлық» оңалту орталығы 2022 жылы ашылып, жылына 600-ге жуық науқасқа оңалту емін көрсетеді. Мұнда Түркістан, Кентау қаласынан, Сауран, Бәйдібек, Отырар, Созақ аудандарынан келген науқастар тәуліктік және күндізгі стационар түрінде оңалту емін алады. Қазіргі таңда 9 бала тәуліктік, 40 бала күндізгі стационарда ем қабылдауда. Оңалту жұмысы 3 бағытта жүреді: физикалық, психосоциалдық, педагогикалық. Біздің орталық неврологиялық, кардиологиялық, ортопедиялық патологиясы бар науқас балаларға 2-3 кезеңнің оңалтуын жүргізеді. Орталықта 1 невролог дәрігер, 2 реабилитолог дәрігер, 2 психолог, 3 логопед, 3 дефектолог, 12 ЛФК нұсқаушы, 1 еңбек терапевті, 1 эрготерапевт қызмет етеді.
Ажар Алимжанқызы бүгінде орталықта қолданылып жүрген емдеу тәсілдерімен таныстыра келе гаджеттердің де балалардың психикалық және ойлау қабілетінің дамуына әсері бар екенін айтады. «Оларды мүлде шектеу мүмкін емес, бірақ балалардың психологиялық және ойлау қабілетінің қалыпты дамуы үшін гаджеттерді дұрыс және шектеулі түрде пайдалану қажет. Ата-аналар баланың экран алдындағы уақытын бақылап, оның шынайы өмірмен байланысын күшейтуі керек. Зерттеулер мен тәжірибелік бақылаулар көрсеткендей, экрандық құрылғыларды шамадан тыс және дұрыс қолданбау балалардың тілдік және психикалық дамуына теріс әсер етуі мүмкін, әсіресе ерте жастағы балаларда (0–5 жас аралығында). Алайда гаджеттердің оң әсері де бар, яғни ақпаратқа қолжетімділігі. Балалар үшін білім беру қосымшалары, анимациялық бейнелер, оқыту ойындары ойлау мен есте сақтау қабілетін дамытуға көмектеседі. Одан кейін логикалық және стратегиялық ойлаудың дамуы. Кейбір ойындар баланың логикалық пайымдауын, мәселені шешу қабілетін жетілдіреді. Бұл, әсіресе, күрделі тапсырмалар мен математикалық есептерді шешуге көмектеседі. Сонымен қатар көптілділік және цифрлық сауаттылық, бұл дегеніміз қосымшалар мен ойындар арқылы балалар шет тілдерін меңгеріп, цифрлық технологияларды ерте жастан игереді. Дегенмен, бала тіл мен сөйлеуді негізінен ересектермен және құрдастарымен тікелей қарым-қатынас арқылы меңгеретінін естен шығармаған жөн.
Осылайша логопед, дефектолог, психолог, ЛФК нұсқаушы т.б. жоғарыда атап өткен көптеген мамандардың үздіксіз педагогикалық бағытта жұмыс жасауының арқасында 3 жылда 1800-ден астам науқас бала емделіп шыққан, оның ішінде 900 балада қимыл-қозғалысы жақсарды: денесін ұстап, отырып, тұрып, жүре бастады, 380 баланың сөйлеу қабілетінің артуы байқалды».
Кардиоревмонефрология бөлімі: Энергетикалық сусындар мен семіздік – жас жүрекке ауыр жүк
Кардиоревмонефрология бөліміне келгенімізде, бір жасөспірімді ЭКГ аппаратына түсіріп жатыр екен. Жасы 17-де. Бозарған реңіне қарап мән-жайды сұраған едік, осы бөлімнің меңгерушісі, кардиолог педиатр Наурызбаева Ұлжалғас Тасмұратқызы қазіргі таңда бей-жай қалдыруға болмайтын ең өзекті мәселе жайлы түсіндіре келе дәрігерлік кеңесімен бөлісті.
«Бұл жігіт қаламыздағы колледждердің бірінде оқиды, ауруханамызға жедел-жәрдеммен жүрек аймағының қысылу, шаншу, бас ауруы, көзінің қарауыту, есінен тану сияқты белгілермен түсті. Алғашқы жедел медициналық көмек көрсетілген соң, анасының айтуы бойынша және бала есін жиғанда анамнезінен анықталғаны: бала екі апта бойы үздіксіз «горила», «дизи» сияқты энергетикалық сусындар қолданған.
Энергетикалық сусындардың балаларға зиянды әсері жайлы балаларға және ата-аналарға жиі айтамыз. Тыңдамағанның нәтижесінде, міне ақыры қандай жағдайға алып келгенін өздеріңіз де көрдіңіздер. Бұқаралық ақпарат құралын пайдалана отырып, тағы да айтқым келеді: энергетиктер – құрамында кофеин, қант, таурин, гуарана, B тобы дәрумендері және басқа стимуляторлар бар сусындар. Ересектерге арналған бұл өнімдер балалар мен жасөспірімдер үшін өте қауіпті. Сондай-ақ мұның жүрек-қан тамыр жүйесіне де әсері ерекше байқалады. Ол қан қысымының жоғарылауына алып келеді. Энергетиктер жүрек соғысын жиілетіп, қан қысымын көтереді. Бұл балаларда артериалды гипертензия мен тахикардияны туғызуы мүмкін. Жүрек аритмиясына әсеріне келсек, кейбір балаларда жүрек ырғағы бұзылып, есінен тану немесе жүрек тоқтау қаупі артады. Оның жүйке жүйесіне әсерін қосыңыз. Ұйқы бұзылысына кері әсерін бәріміз де байқап жүрміз. Энергетиктер ұйқысыздық, мазасыздық және ашушаңдық тудырады. Ал тәуелділігі кері қайтарылмайтын салдарға әкеліп соғуы мүмкін. Яғни кофеинге тәуелділік дамып, бұл концентрацияның төмендеуіне және психикалық күйзелістерге әкеледі.
