Келесі өзекті мәселе, қазіргі заманда дұрыс тамақтанбау мен фастфуд тағамдарының әсерінен балалар арасында семіздік пен артериалды гипертензия ауруларының көбеюі. Еліміздегі бұл саладағы көрсеткіштер де алаңдатарлық, 9 жасар әрбір бесінші бала семіздікке шалдыққан, ал 5 жасқа дейінгі әрбір он баланың біреуі артық салмақпен өмір сүруде. Бұл ауру жүрек-қан тамырлары аурулары, 2 типті қант диабеті, қан аурулары, буын аурулары, депрессия және когнитивті бұзылыстар сияқты салдарға әкеп соғуы мүмкін. Балалардың рационында жаңа піскен көкөністер мен жемістердің, сүт өнімдерінің, ет пен балықтың жеткіліксіздігі С, А, В топты витаминдердің жетіспеушілігіне әкеледі. Бұл шаршағыштық, әлсіздік, физикалық даму қарқынының баяулауы, иммунитеттің әлсіреуі сияқты белгілермен көрінеді. Балалардың тамақтанудағы мінез-құлқы көбінесе отбасы мүшелерінің үлгісіне байланысты қалыптасады. Ата-аналардың тамаққа деген көзқарасы, тамақтану әдеттері баланың тамақтану мінез-құлқына әсер етеді. Мысалы, баланы мәжбүрлеп тамақтандыру, оны асықтыру немесе тамақтану кезінде қысым көрсету оның тәбетінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Және де бұл аурулардың дамуына қозғалыстың аздығы, тұзды көп тұтыну және психологиялық күйзелістер ықпал етеді.
Жарақат бөлімі: ойыннан оқыс жағдайға дейін
Жазғы демалыс балалар үшін еркіндік пен ойынның маусымы. Алайда дәл осы кезеңде жарақат алу, жол апаты, суға кету, күйік, жануар-жәндіктерден зардап шегу сияқты қауіптер де артады. Бұл жөнінде травматология бөлімінің меңгерушісі Қожахметов Бекжан Мұхтарұлы балалардың жазғы демалыс кезінде жарақат алуының жиілегенін айтады.
«Қозғалыс құралдарын жиі қолданатын жаз мезгілінде велосипед, электросамокат, мопед секілді көлік құралдарын тізгіндейтін жеткіншектердің көбеюіне байланысты құлап, жарақаттану деректері де арта түсті. Бұған басты себеп – қала көшелерінің тарлығы мен автокөлік ағынының күрт артуы. Облыс орталығы атанғалы бері жол қозғалысының қарқыны бірнеше есеге артты. Алайда балалардың жол ережесіне бейжай қарауы жағдайды қиындатып отыр. Көбі құлаққап тағып алып, айналаға назар аудармастан көшені кесіп өтеді.
Күнделікті өмірде өздеріңіз куә болып жүргендей, кей балалар электросамокат пен мопедті ерте жастан айдайды. Мопед пен скутерді тізгіндейтін балалар көбейген сайын жол-көлік апаттары да жиіледі. Мұның барлығы тәртіп пен ережені елемеуден туындайды. Бүгінде демалысқа шыққан кейбір жеткіншек қосымша табыс табу мақсатында тағам жеткізуші болып жұмыс істейді. 16 жасар бозбалалардың көлік арасымен зуылдап өтуі, жол ережесін қатаң бұзуы алаңдатады. Мопедпен болатын апаттың салдары қосарланған жарақаттарға ұласады, яғни бас сүйек-ми зақымдануы, аяқ-қолдың сынуы, өкпе мен ішкі ағзалардың жарақаттануы мүмкін. Олар тек құлап қана қоймай, соққыдан кейін ұшып кетіп, қатты зақым алады. Былтыр жол-көлік оқиғаларынан ауруханаға түскен балалар саны 70 болса, биыл бұл көрсеткіш 100-ден асып кетті.
Қазіргі таңда көпқабатты үйлердің ауласында, қоғамдық орындарда ойын алаңдары көбейіп жатыр. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Алайда балалардың қауіпсіздігін сақтау мен түсіндіру жұмыстары ешқашан назардан тыс қалмауы керек. Алаңдарда күнұзақ ойнайтын балалардың жарақат алу қаупі жоғары. Олар секіріп, жүгіріп, бір-бірін қуалап ойнайды. Соның салдарынан жарақаттанып қалып жатады.
Жаздың шіліңгір ыстығы басталысымен алаңдауға себеп болатын маңызды мәселелердің бірі – балалардың суға түсуі. Балалар ата-анасына айтпай, рұқсат етілмеген су арналарына, каналдарға барып шомылады. Бұның соңы қайғылы оқиғаларға ұласатынын естіп, көріп жүрміз. Мұндай жағдайда ең бастысы үлкендердің балаларды қадағалаусыз қалдырмауы. Сонымен қатар ауладағы бассейндерді де аса сақтықпен қолдану керек.
Айта кетейік, соңғы уақытта ит қауып, жарақат алу жағдайлары да жиілеп барады. Жыл басынан бері 80-ге жуық баланы ит қапқан. Көше кезіп жүретін иесіз иттердің саны көбейіп кеткен. Ит қапқан жағдайда дәрігерлер жарақат ауыр болса, алдын алу мақсатында арнайы екі түрлі вакцина – спеда және эквирап екпелерін салып, қауіпті инфекциялардың алдын алады. Сонымен бірге құтыруға қарсы антирабиялық вакцина енгізіледі. Бала әрі қарай өзі тіркелген емханада есепке алынып, бақылауда болады. Сақтық – қауіпсіздіктің негізі. Бұл сөзді бекер айтып отырған жоқпын. Бөлімшеде түрлі жарақатпен түсіп жатқан балалардың ішінде күйік шалғандар аз емес. Мұның басты себебі ата-аналардың ұқыпсыздығы мен немқұрайлылығы десек қателеспейміз. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің үндеуі бойынша облысымыздың медициналық ұйымдарында өткізіліп жатқан түрлі іс-шаралар осындай апаттардың алдын алу, балалар қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанын әрдайым назарда ұстаған жөн.
Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.
