ТҮРКІСТАН: «БАЛАЛАРДЫҢ АРМАНЫН ОРЫНДАУ – КЕЗ КЕЛГЕН АДАМҒА БҰЙЫРА БЕРМЕЙТІН БАҚЫТ»

 

Қазақ халқы ықылым заманнан-ақ жесірін қаңғыртпай, жетімін жылатпай, қиындыққа тап болған жандарға шамасы жеткенше көмегін көрсетіп келе жатқан халық. Соңғы уақытта «адамдардың жүрегі қатайып бара жатыр» деген пікір қалыптасса да, қазақы болмысымызды жоққа шығармай, айналасына мейірім шуағын шашып жүрген азаматтардың қатары күн санап көбейіп келеді. Солардың бірі – Түркістан өңірінің бүлдіршіндеріне «Армандар орындалады» жобасы арқылы қуаныш сыйлап жүрген Әсел Бимырзаева есімді қазақ қызы.

Ол осы жобасы үшін облыс бойынша жылдың «Үздік белсендісі» атанып, «Алғыс күні» мерекесіне орай Астанада өткізілген «Қайырымдылық керуені» V республикалық конкурсында «Мейірім жолында» номинацияна ие болған. Қала мектептерінің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтін ол кейбір тұтас ұжымдар атқара алмайтын істі бір өзі іске асырып жүр. Өмірге деген құлшынысы керемет ұстаздың қолдаушылары да уақыт өткен сайын артып келеді. Осы орайда жоба авторын сөзге тартып, бірқатар сауалымыздың жауабын алдық.

– Әсел Махамбетқызы, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

– Мен Тараз қаласында туылғанмын. Балалық шағым Арыс қаласында өтіп, сол жерде мектеп бітірдім. Содан соң Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жоғары білім алып, осы қалаға келін болып, қызмет жолымды №17 Ататүрік мектебінде мұғалім болып бастадым. Қазіргі уақытқа дейін сол білім ұясында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін.

– Қазір «Армандар орындалады» жобасын іске асырып келесіз. Бұл идея қайдан, қалай пайда болды?

– Шынымды айтсам, басында бұл ойым іске асып, жоба кең етек алады деп ойламадым. Былтыр «Балалар жылы» аясында көптеген іс-шаралар өтіп жатты. Қарап отырсам, ол іс-шаралардың көбі дені сау балаларға арналған спорттық сайыс, байқау сынды жобалар екен. Ал, ерекше балаларға арналған жұмыстарды байқамадым. (Әрине, бұл жерде біреуге күйе жаққым келіп тұрған жоқ.) Сөйтіп, өзім де ерекше баланың анасы әрі ерекше балаларға сабақ беретін мұғалім ретінде бір жобаны қолға алсам деп ойладым. Оқу жылының аяғына жақындаған мамыр айы болатын. Үйден білім алатын бір оқушыма барып отырғанда «Сен нені армандайсың? Кім болғың келеді?» деген сұрақтарды қойдым. Сонда ол дәрігер болғысы келетінін, осы уақытқа дейін лаваш жемегенін және кинотеатрда көпшілікпен отырып кино көргісі келетінін айтты. Сол кезде менің ойыма бірден «Біз өзі қандай адамбыз?» деген сұрақтар келіп, дымым шықпай, өзімді кінәлағандай болдым. Себебі, өз балаларымды әрдайым киноға апарып, қыдыртып жүремін. Ал, арбаға таңылған ол баланың анасы жалғызбасты болатын. Өздері төртінші қабатта тұрады. Соған қарағанда сыртқа көп шықпайтын болып тұр ғой. Сөйтіп, ол үйден шығып, өз үйіме барғанша жылап бардым. Жеткеннен кейін, жолдасыммен ақылдасып едім, «анасынан рұқсат сұра» деп кеңес берді.

Нәтижесінде, анасының рұқсатын алып, баланы «Ханшайым плаза» деп аталатын ойын-сауық орталығына апарып, қалаған тамағын әперіп, киноны да бірге көрдік. Сол кезде ол бала маған қарап: «Әсел апай, шынымен армандар орындалады екен ғой!» деді. Осы сөз маған қатты әсер етіп, үйге бара салысымен осы жобаның жай-жапсарын құруға кірісіп кеттім. 2022 жылдың маусым айында әлеуметтік салаға жауап беретін мекемелерден 10 ерекше баланың тізімін алып, олармен тілдесіп, армандарын хатқа түсіріп, демеушілердің көмегімен алғашқы іс-шараны өткіздім. Бастапқыда маусым, шілде, тамыз айларында, яғни жазғы демалыста ғана өткіземін деп ойлағанмын. Бірақ, тамыз айына келгенде 5-6 адам хабарласып, «маған бір хат дайындап қойшы» деп айтып жатқасын, арғы жағындағы 4 адамды табу қиындық тудырмады. Солай-солай жоба қолдау тауып, бұл іспен айналысып келе жатқаныма біраз уақыт болып қалыпты.

– Осы іске кірісер кезде қандай да бір кедергілер болды ма? Қандай қиындықтарды еңсере алдыңыз?

– Әлбетте, қиындықсыз іс болмайды. Мысалы, бастапқыда бала хаты табысталған кей демеушілер тура іс-шара жақындаған кезде телефон тұтқасын көтермей, хат-хабарсыз кеткен жағдайлар болды. Сондай сәттерде «енді не істеймін?» деп қатты алаңдадым. Дегенмен, балалардың несібесіне қарай ойламаған жерден демеушілер табылып, мәселе оңынан шешіліп жатты.

– Жобаны жалғыз өзіңіз ұйымдастырып, өзіңіз жүзеге асырып жүрсіз ба? Әлде «кадрдың сыртында» жүрген жандар да бар ма?

– Бұл жобаны өзім бастадым дегеніммен, жолдасым және үлкен ұлым мен қызым әрдайым қасымда жүріп, көмектерін көрсетіп келеді. Сонымен қатар, іс-шара ұйымдастырар кезде облыстық жастар ресурстық орталығы, қала әкімдігі мен мәдениет бөлімі қолдау көрсетуде. Сондай-ақ, осы жобаны естіген Нұрбол Тұрашбеков: «Сіз балаларға сыйлық беріп қоя салмаңыз. Мен олардың электрокармен, «Керуен сарайдағы» қайықтармен серуендеуіне мүмкіндік жасайын» — деп ұсыныс айтқан кезде төбем көкке жеткендей қуандым. Себебі, балалардың 80 пайызға жуығы «кесенеге барып дұға жасап, қайықпен серуендегім келеді» деп айтып жатады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *