– Демеуші табу қиындық тудырмай ма?
– Шыны керек, осыған дейін демеуші табу тұрғысынан қиналған жоқпын. Дегенмен, арасында жауапсыз қалдыратындар, сөзінен тайқып кететіндер кездесіп жатады. Жағдайын дұрыстап түсіндіретіндер де бар. Бір айта кетерлігі – осы уақытқа дейін өзім танитын, әлеуметтік желі парақшасында достықта бар бірнеше Мәжіліс депутаттарына хабарласқанымда, біреуі де ұсынысымды кері қайтармады.
– Қазіргі қалталы азаматтардың қайырымдылық жасауға деген ықыласы қандай?
– Бүгінде жаны жомарт, жүрегі мейірімді азаматтар көп. Бірақ, барлығы бірдей қайырымдылық жасауға құштар деп те айта алмаймын. Тіпті, демеушілерге қатысты «ой, бұлардың бәрі өзіне реклама жасап жүр ғой» деп тиіскендері де болды. Рас, кей азаматтар атын айтпауды өтінсе, енді бірі «менің атым аталмай қалды» деп жатады. Ал, маған демеушілер атын шығару үшін немесе мақтану үшін қайырымдылық істей ма, қызық емес. Ең бастысы – қоғамдағы ерекше балаларға қуаныш сыйлау.
– Жергілікті билік өкілдері қолдау көрсетіп жүр ме?
– Жаңа ғана айтқанымдай, қала әкімі мен орынбасары, әкімдік қызметкерлері, баспасөз қызметі мен облыстық қоғамдық даму басқармасы әрдайым қолдарынан келген көмегін аямайды.
– Осы уақытқа дейін шамамен қанша балаға қуаныш сыйладыңыздар? Сіздің ойыңызша, бұл жоба қай уақытқа дейін жалғасады?
– Жалпы, өткен жылдары жоба арқылы 170-тен астам баланың арманын орындаған екенбіз. Демек, еліміздің осыншама азаматы қайырымды іске үлес қосты деген сөз. Бастапқыда қала көлемінде іске асырылған жоба қазір облыстық деңгейге көтерілді. Мәселен, Отырар, Бәйдібек аудандарынан ерекше балалар алдырдық. Олардың арасында Түркістанды мүлдем көрмеген балалар да болды. 22 маусым күні кезекті іс-шарамызды өткіземіз. Оған Арыс, Кентау қалалары мен Ордабасы ауданының ерекше балалары қатысады деп жоспарланған. Жалпы, осындай игі іс-шараға бейжай қарамайтын жомарт жандар табылып тұрса, мен шамам жеткенше бұл істі жалғастыра беремін және ауқымы кеңейе береді деп ойлаймын. Қазір осы жоба аясында бірнеше іс-шара өткізіліп жататынын да естимін. Ол да қуантарлық жағдай.
– Іште қалып бара жатқан ойлар бар ма?
– …Жалпы, мен он жылдан астам уақыт бойы ерікті ретінде қоғамның дамуына азды-көпті үлес қосып жүрмін. Жасырмаймын, алғаш рет жалғызбасты, көпбалалы аналарға көмек беріп көрдік. Кейін жағдайымыз асып-тасып тұрмағандықтан қиналыңқырап жүрдік. Өзіміз пәтер жалдап тұратынбыз. Мен жұмыссыз болатынмын. Жолдасым: «Қайтесің, шаршайсың ғой. Оның үстіне әр жағдайы төмен отбасын көріп қайтқан сайын мұңайып қала бересің, жүрегіңе жақын қабылдайсың» — деген сөздерді жиі айтатын. Кейін менің алған беттен қайтпайтыныма көзі жетті ме, тек қолдау көрсетіп келеді. Ал, мен үшін ол кісінің қолдауы өте маңызды. Әр жұма сайын тұрақты түрде көмек бергісі жандар қаржы салып тұрады. Мен ол дүниені өз мақсатына жұмсап, есебін беремін. Жеке кәсіппен айналысу ойымда да жоқ. Мұғалімдік қызметім ұнайды. Шәкірттерім жетістіктерге қол жеткізген сайын, төбем көкке екі елі жетпей тұрады. Осы қайырымдылық акциясын желідегі достарым «Ақниет», «Әселдің ақниеті» деп атап кетті. Желіге жазба қалдырудағы мақсатым – көмек бергісі келетін жандарды құлағдар ету. Нәтижесінде тек Түркістандағы ғана емес, Шымкент, Кентау қаласынан көмек сұраған жалғызбасты аналарға да көмек көрсете алдық.
…Тағы бір ерекше оқиғаны айта кетсем. Бір күні облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал Мұрат Талапұлымен байланысқа шықтым. Сонда ол кісі көмек көрсететін баланың үйіне барып, арманын орындағысы келетінін айтты. Содан, бұл ойы орындалып, бүлдіршінге батасын беріп, өзі де баланың 90 жастағы әжесінен бата алып қайтты.
…Балалар әрдайым үлкендердің қамқорлығы мен қолдауын сезінулері керек. Зорлық-зомбылықсыз, бақытты балалық шақты бастан өткізулері үшін қоғам болып белсенділік таныту өте маңызды. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың қоғаммен етене араласып, өзіндік орындары бар екендіктерін жете түсінулеріне жағдай жасау назардан тыс қалмауы қажет. Қолжетімді, әрі ыңғайлы білім алуларына жағдай жасау, қоғаммен бірге жайлы өмір сүруге талпындыру, қамқорлықты сезіндіре отырып, балауса жүректеріне мейірім дәнін себу – біздің басты міндетімізге айналғаны абзал.
…Жалпы, қайырымдылық акциясын ниет білдірген демеушілердің арқасында жүзеге асырып жүрмін. Ол кісілерге алғысым шексіз!
– Өнегелі ісіңіз және сұхаттасқаныңыз үшін шын жүректен алғыс білдіремін! Балалардың барлығы бақытты, азаматтардың жүрегі жылы, тілегі ақ болсын!
Сұхбаттасқан: Бауыржан Мейірханұлы.
