ТҮРКІСТАН: МӘРТЕБЕЛІ МЕРЕКЕ — МӘҢГІЛІК ЕЛ МЕРЕЙІ — 2

 

Еліміздің Егемендігі, Тәуелсіздігі – ең маңызды, ең қастерлі құндылығымыз.

Біз өркениетті әрі озық ойлы ұлт ретінде өзімізге сенімді болуымыз керек. Ешкімге жалтақтамай батыл әрекет етуіміз қажет. Бұдан басқа жол жоқ. Мақсаты айқын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мемлекет тағдырына жауапты екенін терең түсінеді. Олар еріктілер қатарына қосылып, қайырымдылық жасап, маңызды бастамаларды табысты іске асырып жүр.

Нағыз отаншыл адам көзбояушылыққа бармайды, шын патриот ел мүддесі үшін табанды еңбек етеді. Жасампаз отаншылдық дегеніміз де – осы.

Мемлекет үшін бір күннің қамы емес, болашақтың жайы маңызды. Сондықтан біз Абайдың ұлағатына сай «ақырын жүріп, анық басамыз». Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, алысқа көз тігеміз. Төл тарихымызға құрметпен қарап, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға баса назар аударамыз.

 

Бұл бағытта белсенді жұмыс істелуде. Жошы хан жерленген Ұлытау аймағына облыс мәртебесі берілді. Елімізде Жошы ұлысын зерттеу институты құрылды. Біз бұл мекеменің ғылыми әлеуетін күшейте береміз.. Көп ұзамай Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық еңбегі жарыққа шығады. Оның бір томы түгелдей Алтын Орда тақырыбына арналды.

Бұдан бөлек, біз жаңа Конституцияда қазақ елінің төл шежіресі Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихымен сабақтас екенін айқын көрсеттік. Елордамызда Ұлы дала өркениетіне арналған зәулім ғимарат салынады. Жақында Астанада ЮНЕСКО-ның аясында Алтын Орда мұрасын зерттеу ісіне арналған халықаралық симпозиум өткізілді. Мұның бәрі мемлекеттігіміздің тұғырын нығайта түсуге зор ықпал етеді. Алтын Орда өзінің басқару институттары, дипломатиялық қызметі, байланыс және кеден жүйесі, әлемде мойындалған валютасы, озық инновациялары бар орта ғасырдағы алып ел болды.

Қазір Қазақстанда берік орныққан президенттік басқару үлгісі Алтын Орда кезінде құрылған саяси жүйеден бастау алады. Алтын Орданың ең басты мұрасы – оның мызғымас құндылықтары. Себебі алып мемлекетте діні, тілі, мәдениеті, дәстүрі бөлек адамдар ортақ ережелер аясында тату-тәтті өмір сүрді. Бабаларымыздың осындай тағылымды жолы біз үшін өшпес өнеге және басты стратегиялық бағдар болып қала береді.

Алтын Орданың жетістігі Еуразиядағы көптеген халықтың ортақ игілігі саналады. Сондықтан Ұлық Ұлыстың мұрагері ретінде біз Еуразияның біртұтастығын, өсіп-өркендегенін, ондағы мемлекеттердің барлығы тату-тәтті ғұмыр кешіп, ортақ қауіпсіздікті сақтап, халықтарының игілігі үшін қызмет еткенін құптаймыз.

Біздің мақсатымыз – өзгелердің таптаурын болған тәжірибелері мен идеяларын үлгі-өнеге етпеу, өнбейтін дау-дамайдан бойды аулақ салу. Сонымен бірге өткен ұлы дәуірдің құндылықтарын ой елегінен өткізіп, сапалы түрде жаңғыртып, заманауи өркениетке қарай бейімдеу.

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиялары дамудың бұрын-соңды болмаған үлгісі мен тәсілдеріне жол ашатын жаңа әрі шексіз кеңістік қалыптастырды. Мыңның біріне берілетін дәл осы тарихи мүмкіндікті тек қуатты, күшті, болашаққа бағдар түзеген халықтар пайдалана алады.

Бұл міндетті еңсеру біздің өскелең ұрпақтың қолынан келеді. Мен бұған сенімдімін.

Қазақстанның орнықты дамуының негізінде ұлы тарихымыз, одан кем түспейтін қазіргі сәт және, ең бастысы, жарқын болашақ арасындағы ажырамас байланыс жатыр.

Қазір Қазақстан жаңа тұрпатты елге айналды. Біз біртұтас әрі жасампаз ұлт ретінде дамудың даңғыл жолына түстік. Кейінгі жылдарды еліміз үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деуге толық негіз бар. Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беруде. Түбегейлі өзгерістер, әсіресе, қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті. Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады. Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде. Халқымыз Әділетті, Мәдениетті, Таза және Қауіпсіз елде өмір сүруді қалайды. Сондықтан жұртымыз тәртіп бұзушылыққа, заңсыздыққа тұтас қоғам болып тосқауыл қоюда. Алайда, алдымызда тұрған жұмыс – өте ауқымды. Бұл жұмысты бәріміз бір ел, біртұтас халық болып міндетті түрде ойдағыдай орындаймыз.

Құрметті жас сарбаздар!

Мен былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтердім. Оларға қалыптасқан дәстүрге сай «лейтенант» емес, «аға лейтенант» шенін тапсыру қажет екенін айттым. Соған сәйкес нақты тапсырма бердім. Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден «аға лейтенант» шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл – өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік.

Қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің «атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын» деген сөзі бар. Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді. Көптеген жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бәріңіз де антқа адал болып, қазақ сардары деген атаққа әрдайым лайық боласыздар деп сенемін. Бүгін алқалы жиынға озат түлектердің ата-аналары да қатысып отыр. Сіздер Қазақстанның дәл осындай отаншыл азаматтарына тәлім-тәрбие бердіңіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас офицерлердің алғашқы әскери шені құтты болсын! Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Туымыз әрдайым көкте желбіресін! Қазақ елі мәңгі болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *