ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫТАЙДАН ТАРТЫЛАТЫН ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІН АРТТЫРУДА

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Түркістан облысымен бауырлас Хубэй провинциясының орталығы – Ухань қаласында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Делегация Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен және инвесторларымен өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды талқылады.

Кездесулер барысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және өңірлер экономикасын әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері назарға алынды.

Облыс әкімі «Hanya International Holdings» компаниясының құрылтайшысы Хуан Чжоурэнмен және акционерлерімен келіссөздер жүргізді. Тараптар Мақтаарал ауданындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында іске асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаның жүзеге асу барысын талқылады.

721152531 1329123596073205 2168232366297755553 N

Жоба аясында электр техникалық жабдықтар, сантехникалық арматура және пластмасса бұйымдарын өндіретін индустриялық парк салынуда. Қытайдың тікелей инвестициясы есебінен қаржыландырылатын жобаның жалпы құны 60 миллиард теңгеден асады.

Жоба халықаралық логистика, трансшекаралық индустриялық парк, импорт-экспорт және энергия жинақтау жабдықтары бағыттарын қамтиды. Нәтижесінде 800 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, өңірдің өндірістік кооперациясы мен экспорттық әлеуеті күшейеді.

Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Биыл инфрақұрылымдық жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Нұралхан Көшеров жобаны белгіленген мерзімде пайдалануға беру және өндірістік қуаттарды уақытылы іске қосу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Облыс әкімдігі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, жобаның тиімді жүзеге асуына қажетті жағдайларды қамтамасыз етуде.

«Hanya International Holdings» – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, өндіріс, қойма логистикасы мен трансшекаралық сауданы біріктіретін ірі халықаралық компания. Онда 2 300-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Компанияның ішкі нарықтағы жылдық сатылым көлемі шамамен 30 миллиард юаньды, ал сыртқы нарықтардағы көрсеткіші 36 миллиард юаньды құрайды. Негізгі қызмет бағыттарына күн энергетикасы жүйелері, энергетикалық және электр тарату жабдықтары, құбыр өндірісі, өнеркәсіптік құрылыс, бағдарламалық қамтамасыз ету, жеткізу тізбегін басқару, қалалық инфрақұрылымды дамыту және электрондық өнімдер шығару кіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *