Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия кубогы өтуде. 9-12 маусым аралығына жоспарланған халықаралық додаға Австралия, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Моңғолия, Корея, Ресей, Тәжікстан, АҚШ, Өзбекстан, Тайпей және Қазақстаннан мыңнан астам татами шебері қатысуда.
Беделді турнир жас спортшылар үшін Дакарда өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Жарыстың алғашқы күнінде Түркістан облысының дзюдошылары жоғары шеберлік танытып, Қазақстан құрамасының қоржынына екі алтын және бір қола медаль қосты.
66 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ерік Үсенов барлық қарсыласынан басым түсіп, Азия кубогының жеңімпазы атанды. Ал 55 келіде сынға түскен Саят Қалмұрзаев та үздік нәтиже көрсетіп, алтын жүлдені иеленді.
Сонымен қатар, осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Бақдәулет Ізбасар қола медаль жеңіп алып, Түркістан өңірінің қоржынын тағы бір жүлдемен толықтырды.
Осылайша, халықаралық додадағы алғашқы жарыс күні Түркістан облысының жас дзюдошыларының табысты өнер көрсетуімен есте қалып, олардың алдағы ірі жарыстарға дайындығының жоғары деңгейде екенін көрсетті.
