Созақ ауданының Жартытөбе ауылдық округінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып, ауыл экономикасына тың серпін беруде. Бүгінде округ аумағында 10-нан астам кәсіп түрі жолға қойылып, тұрғындардың табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты мүмкіндік қалыптасты.
Аталған бағыттағы жұмыстардың барысымен аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы барып танысты. Сапар барысында ол ауыл аумағында іске асырылып жатқан жобалардың жай-күйін зерделеп, кәсіпкерлермен және жергілікті тұрғындармен пікір алмасты. Бұған дейін аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес округ әкімі Дания Жүсіпов көршілес мемлекеттер мен еліміздің өзге өңірлеріндегі озық тәжірибелерді жан-жақты зерттеп, олардың тиімді тұстарын жергілікті жағдайға бейімдеу арқылы енгізген болатын. Соның нәтижесінде бірқатар жаңа кәсіп түрлері іске қосылып, ауыл азаматтары тарапынан кең қолдау тапты.
Қазіргі таңда Жартытөбе ауылдық округінде кәсіпкерлер бірлесе жұмыс істеу мәдениетін қалыптастырып, кооператив құруға дайындық жүргізуде. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсіптерін кеңейту және өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы және өңдеу өнімдерін өткізуге арналған, күре жол бойында орналасатын арнайы сауда алаңын (базар) ашу мәселесі де қарастырылуда. Бұл бастама жергілікті өнімдердің нарыққа тікелей шығуына және ауыл кәсіпкерлерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Аудан басшысы шағын және орта бизнесті дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, ауыл деңгейінде кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
– «Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеп отыр. Сондықтан округ әкімдері тек бюджетті игерумен шектелмей, ауыл тұрғындарының табысын арттыратын нақты жобаларды қолға алуы тиіс. Жартытөбедегі бастамалар – осы бағыттағы тиімді жұмыстың нәтижесі. Мұндай тәжірибе алдағы уақытта өзге ауылдарда да кеңінен енгізілуі қажет», – деді аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы.
Жартытөбе ауылындағы кәсіпкерлік бағыттағы жобалар өндіріс пен қызмет көрсету салаларын қатар дамытып, ауыл экономикасын әртараптандыруға ықпал етуде. Бүгінде бірқатар бастамалар нақты нәтижесін беріп, тұрақты өндіріс деңгейіне шыққан.
Атап айтқанда, «JARTYTOBE broiler» өндірістік жобасы табиғи азықпен өсірілген сапалы бройлер тауық етін нарыққа шығарып отыр. Бұл өнім жергілікті нарықта жоғары сұранысқа ие болып, ауылдағы ет өндірісінің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етуде. Сонымен қатар бөдене шаруашылығы да дамып, бөдене еті мен жұмыртқасы экологиялық таза өнім ретінде тұтынушылар тарапынан тұрақты сұранысқа ие болуда.
Жаңа бағыттардың бірі – «Хикол» қоян шаруашылығы. Бұл тұқым ет бағытында өсірілетін жоғары өнімді қоян түрлеріне жатады. «Хикол» қояндарының ерекшелігі – тез өсіп-жетілуі, жоғары ет өнімділігі және сапалы, нәзік ет беру қасиеті. Қоян еті диеталық өнім ретінде адам ағзасына жеңіл сіңіп, денсаулыққа пайдалы тағам ретінде бағаланады. Осы бағыттағы өндіріс ауылда жаңа кәсіп түрінің қалыптасуына жол ашып отыр.
Мал шаруашылығы саласында «Амангелді» шаруа қожалығы бұрын қымыз өндірумен айналысса, бүгінде шұбат өндірісін дамытып, ұлттық сусындардың өндірістік айналымын кеңейтуде. Табиғи шикізаттан дайындалатын бұл өнімдер өзінің емдік қасиетімен ерекшеленіп, ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие.
Ал «Бибарыс» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамытып, табиғи әрі сапалы өнім түрлерін ұсыну арқылы ауыл экономикасының жаңа бағытын қалыптастыруда.
Өңдеу саласында да оң өзгерістер бар. ЖК «Гаухар» жартылай фабрикат өнімдерін өндіруді жолға қойса, ЖК «Дамир» нан және макарон өнімдерін шығарып, ауыл тұрғындарын күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз етіп отыр. Бұл кәсіпорындар жергілікті нарықтың сұранысын өтеп қана қоймай, шағын өндірістің дамуына серпін беруде.
Инфрақұрылым саласында ZHOMART мекемесі көше жарықтандыру жүйелеріне қызмет көрсетіп, ауылдың түнгі жарықтандыруының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде. Ал құрылыс бағытында ЖК «Майусов» термопанель өндірісін қолға алып, заманауи әрі энергия үнемдейтін құрылыс материалдарын нарыққа ұсынып отыр. Бұл өз кезегінде құрылыс саласының дамуына және жергілікті өнім үлесінің артуына ықпал етуде.
Сапар барысында аудан әкімі кәсіпкерлермен ашық пікір алмасып, алдағы жоспарларды талқылады. Кәсіпкерлікті қолдау, өндіріс көлемін ұлғайту, кооперацияны дамыту және өнімді өткізу нарығын кеңейту бағытында бірқатар ұсыныстар айтылып, нақты міндеттер айқындалды.
Жалпы алғанда, Жартытөбе ауылдық округінде кәсіпкерліктің қарқын алуы ауыл экономикасының дамуына, тұрғындардың әл-ауқатының артуына және жаңа жұмыс орындарының көбеюіне жол ашып отыр. Алдағы уақытта бұл бастамалар өзге ауылдық округтерге де үлгі болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
