Созақ ауданының орталығы саналатын Шолаққорған ауылдық округінде елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытында ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы мақсатта аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылдық округінің тұрғындарымен арнайы кездесу өткізіп, ауылдың бүгінгі тынысы мен алдағы даму бағыттарын жан-жақты талқылады.
Жиын барысында округ әкімі Жеңісәлі Төлепбергенов атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде кеңінен баяндама жасап, негізгі көрсеткіштер мен алдағы жоспарларға тоқталды. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, депутаттар корпусы, құқық қорғау органдарының өкілдері, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен белсенді тұрғындар қатысты. Аудан басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға жеке-жеке тоқталып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдады.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары атқарылып жатқан ілкімді істерге оң бағасын беріп, елді мекеннің көркеюі мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына бағытталған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Ауыл ақсақалдары өз кезегінде көгалдандыру, абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бастамалардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, бұл өзгерістердің халықтың күнделікті өмірінде айқын сезіліп отырғанын жеткізді.
— «Ауданда жасалып жатқан жұмыстар елді мекендердің келбетін түбегейлі өзгертуде. Ең бастысы – бұл өзгерістерді халық күнделікті өмірінде сезінуде», – деді жиынға қатысқан ауыл қариялары.
Айта кету керек, биыл Шолаққорған ауылында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Негізгі мақсат – инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңғырту, әлеуметтік нысандарды дамыту және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Атап айтқанда, «Астана» мөлтек ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы толық аяқталады. Сонымен қатар экологиялық талаптарға сай құрылыс қалдықтарын қабылдау орны мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы қолға алынуда. Бұл жобалар ауылдың санитарлық жағдайын жақсартуға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де басты назарда. Биыл жалпы ұзындығы 10,5 шақырымнан астам көшелер орташа жөндеуден өтеді. Атап айтқанда, Жеткіншек елді мекеніндегі А.Теребеков және атауы жоқ №1 көшелері, Шолаққорған ауылындағы С.Төлендіұлы, атауы жоқ №2, Кіші Балдысу, Б.Тастыбаев, К.Тұрымбеков, Жібек жолы №3, сондай-ақ Абылай хан, Т.Тоқбергенов, Жібек жолы-1, Ж.Мейманов, Достық көшелері жаңартылмақ. Сонымен бірге Абай елді мекеніндегі Қ.Қайсенов-2, Шәкәрім-2 және атауы жоқ №1, №2 көшелер де жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, ауылдың жалпы келбетін айтарлықтай көркейтеді.
Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыру мақсатында бірқатар көшелерде жаңа аяқжолдар салу жоспарланған. Атап айтқанда, Т.Аубакиров, А.Асқанбеков, Абылай хан, Қ.Рүстемов–С.Мұханов және Қазыбек би–М.Мәметова көшелерінде заманауи талаптарға сай аяқжолдар төселеді. Сонымен қатар Т.Тоқбергенов көшесінде арық (лоток) жүйелері орнатылып, үсті бетон плиталармен жабылады. Бұл су ағызу жүйесін жақсартып, көшелердің ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етеді.
Инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында Абай елді мекенінде ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл шаралар тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге және су жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Өткен жылы да Шолаққорған ауылында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жалпы ұзындығы 130,8 шақырымды құрайтын ішкі жолдардың 15,7 шақырымы жөнделіп, асфальт жабындысы төселді. Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол белгілері орнатылып, 32 жасанды жол кедергісі қойылды. Көше жарықтандыру жүйесі жаңартылып, 54 көшеге жарық шамдары орнатылып, 37 шақырым электр желісі тартылды.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында мектептер мен балабақшалар маңына мультимедиялық аркалар орнатылып, көшелерге заманауи цифрлық бағдаршамдар қойылды. «Жастар» орталығы маңына LED-экран орнатылып, тұрғындарды ақпараттандыру деңгейі арттырылды. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында қоқыс алаңдары жаңартылып, санитарлық жағдай жақсартылды.
Ауылдың көркін арттыру мақсатында Абай, Тәуелсіздік, Жастар және Орталық саябақтары жаңғыртылып, балаларға арналған ойын және воркаут алаңдары салынды. С.Қожанов көшесінде аллея құрылысы жүргізіліп, тұрғындар үшін жаңа демалыс аймақтары қалыптастырылды.
Балалар инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Бірқатар елді мекендерде ойын алаңдары жөнделіп, жаңалары салынуда. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілуде. Мәселен, «Инкай» БК ЖШС тарапынан 343 отбасыға жалпы көлемі 686 тонна көмір тегін таратылып, әлеуметтік қолдау шараларының ауқымы кеңейтілді.
Жалпы алғанда, Шолаққорған ауылында жүзеге асырылып жатқан жобалар елді мекеннің келбетін жаңғыртып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
