Созақ ауданын сумен қамтамасыз ету, Шу өзенінің су ресурстарын тиімді пайдалану және су нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда. Осы бағыттағы жұмыстар Су ресурстары және ирригация министрлігінің назарында болып, өңірдегі су жағдайына қатысты зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Министрлік мәліметінше, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы мен Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшылары Созақ ауданына барып, су жағдайына мониторинг жүргізді.
Тексеру барысында Шу өзені арнасының өз бетінше бұрылғаны немесе заңсыз бөгеттер салынғаны туралы деректер анықталған жоқ. Сонымен қатар барлық суармалы алқаптар мен су пайдаланушылар белгіленген су көлемі – лимит шегінде қажетті мөлшерде қамтамасыз етіліп отырғаны белгілі болды.
Мамандардың айтуынша, Шу өзені суын тиімді пайдалану арқылы Созақ ауданындағы бірқатар елді мекендер мен шаруашылықтарды сумен қамтуға мүмкіндік бар. Бұл бағыттағы жұмыстар су ресурстарын ұтымды басқаруға, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға және өңірдегі су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Атап айтқанда, 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Тасөткел су қоймасынан Шу өзенінің төменгі арнасына 1 млрд 356 млн текше метр су жіберілген. Жыл соңына дейін қосымша 44 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр.
2025 жылғы 27 наурызда Шу өзенінің суы Созақ ауданы аумағындағы Жуантөбе ауылдық округіне жеткен. Қазіргі таңда су аудан шекарасынан шамамен 80 шақырым ішке қарай таралып жатыр.
Министрлік өкілдері бейнежазбаларда көрсетілген бөгетке қатысты да түсініктеме берді. Аталған нысан Мойынқұм ауылдық округі аумағында 1970 жылдары салынған. Оның негізгі мақсаты – Шу өзенінің суын тиімді бағыттау және елді мекендер мен шаруашылықтарды су басу қаупінен қорғау. Бөгеттің қауіпсіздігін сақтау үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан жыл сайын нығайту жұмыстары жүргізіліп келеді.
Радай өзегі бойындағы бұл бөгет Шу өзенінің суын Созақ ауданына бағыттау және Комсомол мен Мойынқұм елді мекендерінің тұрғындарын, сондай-ақ шаруа қожалықтарын табиғи қауіп-қатерлерден қорғау мақсатында пайдаланылып отыр. Аталған аумақта шамамен 10 мыңға жуық тұрғын тұрады.
Шу өзенінің су ағынын реттеу, бөгеттің бұзылуының алдын алу және суды тиімді басқару мақсатында Радай өзегінің басына арнайы су реттегіш құрылғы орнату туралы шешім қабылданған. Бұл құрылғы судың табиғи қозғалысын кезең-кезеңімен реттеуге, су көлемін қауіпсіз басқаруға және Шу өзенінің негізгі арнасы арқылы Созақ ауданына су жеткізу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жергілікті әкімдік аталған жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Созақ ауданында су ресурстарын тиімді пайдалану ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуы үшін маңызды. Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес, Шу өзені бойындағы Мойынқұм ауданы аумағында 68 шағын шаруа қожалығы және 7500-ге жуық ірі қара малы бар екі ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Шу өзені бойындағы елді мекендерді тұрақты сумен қамтамасыз етуді негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Осы мақсатта алдағы кезеңде Тасөткел су қоймасына 470 млн текше метр су жинау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар өзен бойындағы су пайдалану тәртібін сақтау бойынша бақылау шаралары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Шу өзені маңында 500 су сорғысы орналасқан. Тексеру нәтижесінде заң талаптарын бұза отырып орнатылған 17 су сорғысы анықталып, олардың иелеріне қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданған.
Шу өзені – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды табиғи ресурс. Сондықтан оның суын тиімді пайдалану, заңсыз су алуға жол бермеу және су инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
