Созақ ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және жол-көлік қатынасын жақсарту бағытында ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы ретте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды жан-жақты таныстырды.
Кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық даму, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру бағыттарындағы негізгі бастамалар кеңінен сөз болды. Аудан басшысы жүзеге асырылып жатқан жобалардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтіп, әрбір елді мекеннің даму қарқыны кезең-кезеңімен күшейтілетінін жеткізді.
Округ әкімі Батырхан Аяпов өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірқатар маңызды нәтижелерді баяндады. Сонымен қатар биылғы жылы іске асырылатын жобалар мен жоспарларға кеңінен шолу жасады. Тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, елді мекендердегі өзекті мәселелер бойынша ашық пікір алмасу орын алды.
Биыл Созақ ауылында бірқатар ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар нысандар пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, №1 колледж жанынан салынып жатқан 120 орындық жаңа жатақхана құрылысы қыркүйек айында толық аяқталып, студенттер игілігіне берілмек. Сонымен қатар Жеңіс саябағының құрылысы қарқынды жүргізіліп, ауылдың көріктенуіне және тұрғындардың демалыс мәдениетін дамытуға серпін беретін жаңа қоғамдық кеңістік қалыптасуда.
Инженерлік инфрақұрылым саласында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту бағытындағы жобалар толық жүзеге асып, су құбыры желілерін жаңарту арқылы тұрғындардың таза ауыз суға қолжетімділігі айтарлықтай жақсарды. Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі.
Жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Биыл Созақ ауылында жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайтын ішкі көшелер орташа жөндеуден өткізіліп, жаңа асфальт жабындысы төселеді. Жөндеу жұмыстары аясында Көктөбе елді мекенінен Суындық көшесіне дейінгі аралық, сондай-ақ С.Сейфуллин, Абай, Құрманғазы, М.Әуезов, Алибаев, Амангелді, Қ.Сәтбаев, Әбдіраманов, Достық, Р.Стамқұлов, Өткелбаев, М.Мәметова көшелері және Суынбұлақ пен атауы жоқ бірнеше көшелер қамтылатын болады. Бұл жұмыстар ауылішілік жолдардың сапасын арттырып, тұрғындардың күнделікті қатынасын едәуір жеңілдетеді.
Сонымен қатар Шолаққорған ауылындағы автоматтандырылған газ тарату стансасынан Созақ ауылына дейін магистральды газ құбырын тарту жобасына қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл бастама алдағы уақытта елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз етуге жол ашатын стратегиялық маңызды жоба ретінде қарастырылуда.
Өткен жылы да округте ауқымды жұмыстар атқарылған болатын. Жаңа әкімшілік ғимарат пайдалануға беріліп, ауылдық басқару жүйесінің тиімділігі артты. Шақырық және Созақ ауылдарын ауыз сумен қамту бағытындағы жобалар іске қосылды. Сонымен қатар Өткелбаев көшесі бойынан заманауи спорттық-сауықтыру кешені салынып, тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалды.
Бұдан бөлек, облыстық маңызы бар тас жол бойында үш аялдама орнатылып, Созақ, Көктөбе және Ыбырай елді мекендерінде воркаут алаңдары ашылды. Ауылдық мәдениет үйі жөндеуден өтіп, мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге жаңа серпін берді. Бұрынғы әкімдік ғимараты «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы ретінде қайта жаңғыртылып, әлеуметтік қолдауға бағытталған қызметтер көрсетілуде.
Инфрақұрылымдық жаңғырту аясында округ бойынша 51,5 шақырым көше жарықтандырылып, елді мекендер толықтай түнгі жарықпен қамтылды. Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылау камералары мен LED экрандар орнатылып, ауылдың заманауи келбеті қалыптаса түсті.
Кездесу соңында тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, өздерінің ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын атап өтіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Созақ ауданының даму бағыты – тек инфрақұрылымды жаңарту ғана емес, сонымен қатар ауыл өмірінің сапасын арттыру, әлеуметтік ортаны жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау екені тағы бір мәрте айқындалды.
