СОЗАҚ: ТАУКЕНТТІ ТҮРЛЕНДІРЕР ЖОБАЛАР ЖАЛҒАСУДА

 

Созақ ауданының Таукент кентінде инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыру бағытындағы ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы мақсатта аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кентінің тұрғындарымен арнайы кездесу өткізіп, ауданның даму барысы мен алдағы кезеңге жоспарланған негізгі міндеттер жөнінде кеңінен баяндады.

Кездесу барысында кент әкімі Елдос Дәулетбаев атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері мен жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйі туралы есеп беріп, инфрақұрылымды дамыту бағытында қолға алынған шараларға тоқталды. Тұрғындар өз тарапынан мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылықтарын білдіріп, кенттің одан әрі дамуына қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, жол сапасын жақсарту, инженерлік желілерді жаңарту, әлеуметтік нысандарды дамыту және абаттандыру жұмыстарын күшейту мәселелері көтерілді.

Биыл Таукент кентінде инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірнеше ірі жоба іске асырылмақ. Соның ішінде мазут сақтау қоймасын қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысан кенттің жылу энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және отын-энергетикалық инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған маңызды жоба болып табылады.

Сонымен қатар, кенттің жылу жүйесін жаңарту мақсатында №1 ДЕ-10-14 бу қазандығын модернизациялау және жаңа қондырғы орнату, сондай-ақ №4 КВГМ-10-150 су қыздырғыш қазандығын ауыстыру жоспарланған. Бұл жұмыстар толық аяқталған жағдайда кенттің жылумен қамту жүйесінің сенімділігі артып, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы едәуір жақсарады.

Жол инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Биыл Көкжиек, Жыныс ата, Кенесбаев және Х.Тоқмұхаммедов көшелеріне жалпы ұзындығы 4,165 шақырымды құрайтын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Аталған жобалар кент ішіндегі көлік қатынасын жақсартып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасайды.

Өткен жылы да Таукент кентінде инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған болатын. Атап айтқанда, Тәуелсіздік, Көкбұлақ, Мәңгілік ел және Болашақ көшелеріне жалпы ұзындығы 2420 метр асфальт жабындысы төселіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар көпқабатты 15 тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, тұйық көшелерге 3815 метр қиыршық тас төселді. Бұл жұмыстар кенттің ішкі көше желісін жақсартуға және тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге мүмкіндік берді.

Кент аумағында көше жарықтандыру жүйесін жаңарту жұмыстары толық аяқталып, бүгінде жарықтандыру деңгейі 100 пайызды құрап отыр. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, түнгі уақыттағы қозғалысты барынша ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге жағдай жасады. Сонымен қатар №132 көпқабатты тұрғын үйден кент мәдениет үйіне дейін жаңа аяқжол салынып, жаяу жүргіншілерге қолайлы инфрақұрылым қалыптастырылды.

Электр желілерін жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында Х.Тоқмұхаммедов және С.Тойшыұлы көшелеріндегі ескі электр бағаналары мен желілер жаңартылып, «Тастақ» трансформаторы ауыстырылды. Сонымен қатар жаңа электр бағаналары орнатылып, заманауи трансформаторлар іске қосылды. Биыл Бесбұлақ саяжайындағы 115 электр бағанасын жаңарту жоспарланып отыр. Бұл шаралар электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Кент аумағындағы балалар және спорт алаңшалары жөндеуден өткізіліп, жаңа ойын алаңдары салынды. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада демалуына жағдай жасалды.

Қоғамдық қауіпсіздік пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында №132 үй маңындағы аялдамаға мультимедиялық арка, бағдаршам, LED-экран және жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сонымен қатар кенттің кіреберісінде орналасқан LED-экран арқылы мемлекеттік бағдарламалар мен маңызды ақпараттар тұрақты түрде көрсетіліп, тұрғындардың ақпараттану деңгейі арттырылуда.

Кенттің сәулеттік келбетін жақсарту және жасыл аймақтарды көбейту мақсатында орталық маңызы бар Астана көшесінде сәндік қоршаулар орнатылып, қарағаш, павлония және шырша ағаштары отырғызылды. Арнайы суару жүйесі іске қосылып, жасыл желектерді тұрақты күтіп-баптау жолға қойылды. Бұл жұмыстар Таукенттің экологиялық ахуалын жақсартуға және елді мекеннің көріктенуіне оң әсерін тигізуде.

Жалпы алғанда, Таукент кентінде жүзеге асырылып жатқан жобалар инфрақұрылымды кешенді түрде жаңғыртуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және заманауи талаптарға сай жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтерілмек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *